Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде жастарға арналған 2,5%-дық жеңілдетілген несие беріле бастағанын мәлімдеді. Жылдық мөлшерлемесі 2,5% болатын несиені облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда, моно және шағын қалаларда, ауылды елді мекенде тұратын жастар 5 жыл мерзімге ала алады. Олардың жасы 21-ден 35-ке дейін және жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болуы тиіс.
Мемлекет тарапынан 2023 жылға арналған жоспар бойынша бұл мақсатта 29 млрд теңге қарастырылған. Бөлінген қаражат есебінен 5,8 мың жас адамға жеңілдетілген несие беру жоспарланған. Сондай-ақ оларға грант беру тетіктері де қарастырып жатыр.
Аталған несиені «Аграрлық кредиттік корпорациясы» арқылы алуға болады. Несие:
— мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 (жеті) жылғы дейін;
— басқа бағыттар үшін — 5 (бес) жылға дейін;
— көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстары үшін – 3 (үш) жылға дейін;
— айналым қаражатын толтыру үшін (несиенің бір бөлігі) – 2 (екі) жылға дейін беріледі.
Микрокредит алушыларға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша несие мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайтын жеңілдікті кезең беріледі. Аталған несие үшін кепіл қою талабы міндетті болғандықтан, оған жылжымалы (мамандандырылған техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепілмен қамтамасыз ету болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады.
Несиені алу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсырылатын құжаттар тізімі төмендегідей:
— жеке басын куәландыратын құжат;
— жоба бойынша бизнес-жоспар;
— шоттың болуы туралы қызмет көрсететін банктен анықтама;
-кредиттік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама (кредиттер болған кезде);
— қатысушының/үміткердің жалақысын және (немесе) өзге де табыстарын растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме) болған кезде;
— кепілді қамтамасыз ету ретінде берілетін мүлікті бағалау туралы есеп;
— кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.
Алайда қай кезде, қандай несие алмасын, несие алатын азаматтар мынаны ескеруі керек: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк алдындағы қарызын 90 күннен аса төлемеген азаматтарға несие беруге тыйым салуды ұсынды. «Ашық» НҚА порталында жарияланған жобада: «Банктік қарыз немесе микрокредит бойынша мерзімі өткен берешегі күнтізбелік 90 күннен асатын жеке тұлғаға кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз беруге тыйым салынады», – деп жазылған. Бұл бастаманы агенттік өкілдері қазақстандық азаматтардың шектен тыс немесе көп қарыздануының алдын алуға бағытталған деп түсіндіреді. Аталған құжатта: «Бұл ретте проблемалық берешектің өсуін шектеу және қолданыстағы қарыздар бойынша қарыз алушылардың борыштық жүктемесін төмендету мақсатында олардың берешекті қайта қаржыландыруға, оның ішінде неғұрлым тиімді шарттарда құқығын сақтау қажет», – делінген. Жастарды қолдау мақсатында жүзеге асып отырған игі бастаманың көпшілік тарапынан қолдау тауып отырғаны айтпаса да түсінікті. Алайда «Ең бай адам – қарызсыз адам» екенін ескерсек, ләж болса қарызсыз жүргенге не жетсін! Бірақ қысқа жібі күрмеуге келмейтін мына уақытта несиесі жоқ адам кем де кем. Сондықтан жыртығын тесікпен жамап күн көріп отырған халыққа, әсіресе жастарға мұндай мүмкіндік жасалып отырғаны құптарлық жайт. Бірақ «Алмақтың да салмағы бар» екенін ұмытпаған абзал.
Жанбота Сұлтанмұратқызы