Жаңалық ауылындағы «Саяси қуғын-сүргін музейінде» Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Міржақып өлеңдеріндегі тәуелсіздік идеясы» атты дөңгелек үстел болып өтті.
Іс-шараға Сүлейман Демирел атындағы университеттің педогогикалық- гуманитарлық факультетінің деканы Жемаль Өздемир мырза бастаған студенттер мен оқытушы, профессорлар құрамы қатысты. Кешіміз алаштанушы режиссер Қалила Омаровтың «Міржақыптың оралуы» атты деректі фильмімен басталды. Деректі фильмде ақынның зиратына орыс ұлтының азаматшасы күтім жасағаны және өлерінде қызына табыстап кеткендігі жайында айтылады. «Түптің түбінде бұл кісіні қазақтар іздеп келеді» дейді екен. Жат елде қаза болған ақынды туған жеріне әкеліп жерлеу сәті жастардың көзіне еріксіз жас үйірді. Музей меңгерушісі Мейіржан Бақытжанұлы мұрағаттардан алынған құжаттар жайында сөз қозғады. Ақын өлеңдерінің басты тақырыбы – ел тағдыры болды. Алғашқы кітабы «Оян, қазақ!» жұртшылық арасында ауыздан-ауызға, қолдан-қолға тез тарап кетеді. Кітаптың нeгiзгi мазмұны халықты оятуға, әділетсіздікпен күресуге шақырған өлеңдерден тұрады. Ақынның қудалауға түсуіне бірден — бір түрткі болған «Оян қазақ» кітабы жайында профессорлар А.Абиыр мен Б.Керімбекова кеңінен тоқталып өтті. Осындағы «оян» сөзі – автордың биік идеялық мақсаты, басты рухани нысаны. А.Байтұрсын атамыз «Маса » өлеңімен халқына ой салса, М.Дулатұлы «Оян, қазақ» деп елін әділетсіздікпен күресуге шақырды, күресті де. Ақын өз заманында талай көзі ашық, оқыған, тоқыған азаматтармен дос бола білді, иықтаса жүріп қызмет жасады.
Шараға қатысуға келген студенттер де өз сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Сөз соңында Жемаль Өзтемір мырза музей ұжымына өзінің ризашылығын білдірді. Музей меңгерушісі М.Бақытжан ұлы Сулейман Демирел университеті кітапханасына естелік ретінде кітаптар табыс етті.
Алыстан Алаш десе аттанамын,
Қазақты қазақ десе мақтанамын.
Болғанда әкем қазақ шешем қазақ-
Мен неге, қазақтықтан сақтанамын, –
деп жырлаған Алаш арысы, көркем сөз шебері М. Дулатұлы аз ғана ғұмырында басын бәйгеге тігіп, қатал тағдырына қасқайып тұрып артынан бай мұра қалдырған ақын. Сол мұраны сақтап, келешек ұрпаққа табыстау біздің азаматтық парызымыз деп білемін.
Ұлбосын Керімбекова,
саяси қуғын — сүргін музейінің қор сақтаушысы