Насихат тобымен кездесті

Насихат тобымен кездесті

«Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы­мыз
Н.На­зарбаев «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидатын жариялаған болатын.

Бұл – Елбасы осыған дейін жарияла­ған «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы», «Рухани жаңғыру» мақалалары мен «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының заңды логикалық жалғасы деуге әбден негіз бар. Тәуелсіздік, бірлік пен келісім, қасиетті жер, отбасы мен салт-дәстүр, ұлт мәдениеті, білім мен еңбек, прагматизм. Нұрсұлтан Назарбаев мұны «елдіктің жеті тұғыры» деп атады. Мұндағы соңғы алты қағиданың ең алғашқы қағида Тәуелсіздікті нығайтуға бағытталғанын бірден аңғаруға бола­ды. Себебі Тәуелсіздік жоқ жерде, жо­ғар­ғыда айтылғандардың ешбірі болмайтыны белгілі. «Мәңгілік ел» мұр­атын жүзеге асырудың жеті тұғыры жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын қағидаттар жиынтығы. Елбасының бір-бірімен үйлесім тапқан жас ұрпаққа үндеуі барымызды бағалап, «Тәуелсіздік» деген киелі ұғымды сақтап қалуымызға жол нұсқайды.

Жуырда ауданымызға «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты, фрак­ция жетекшісі Тойлыбаева Гүлнәр Қожағұлқызы мен облыстық мәслихат депутаты Нұрдәулетов Сұлтан Нұрғайыпұлы арнайы іссапармен келген еді. Тұздыбастау ауылдық Мәдениет үйінде аудандық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымының мүшелерімен кездескен халық қалаулылары Елбасы, пар­тия лидері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағи­­дат­тарын түсіндіру бойынша ақпарат­тық насихат жұмыстарын жүргізді.

Жиынды облыстық мәслихат депута­ты Сұлтан Нұрдаулетов жүргізіп, алғашқы сөзді партияның Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Тойлыбае­­ва Гүлнәр Қожағұлқызына берді. Өз сөзін ол ел үшін маңызды саяси шешім болған – Елбасының Партия Көшбасшылығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсыруы мәселесіне тоқталды. Сондай-ақ, Елбасы, Н.Назарбаевтың жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын таныстырды.Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, Елбасы ұсынған жеті тұғырдың жас ұрпаққа арналғанын, әрбір тұғырдың еліміздің рухани дамуына, қазақ социумын әрі қарай дамытуға үлкен бағыт-бағдар беріп тұрғанын айтты. Еліміздің отыз жылдықтағы даму деңгейін өзінің өмір белестерімен өрнектей отырып, жиылған қауымға жеткізе білді. Дәл осы мәселе бойынша кезекпен кезек сөз алған «Тұздыбастау» бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары Бектеміс Мұсаханов пен Бесағаш ауылындағы №45 жалпы білім беретін орта мектептің директоры, аудандық мәслихат депутаты Роза Баракова, Тұздыбастау ауылдық округінің № 31 жалпы білім беру мектебінің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Әйгерім Досбосыновалар Елбасының «Еліміздің жеті тұғыры» тұжырымдамасы алдағы онжылдықтарға бағдар болатын құжат екенін айта келе, Елбасы «Абылайдың ақ жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» қағидаттарымен шектелмей, әлемдегі озық тәжірибені де енгізіп, болашақ ұрпаққа осындай қамқорлық көрсетіп жатқанын тілге тиек етті. Сондықтан оның алдағы онжылдықтарды айқын бағамдаған көрегенділікке толы ісін жалғастыру баршамыздың міндетіміз екенін жеткізді. Кездесу соңында жиналған қауым түрлі сұрақ-сауалдарын қойып, ойларымен бөлісті.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»