Желтоқсан көтерілісі – Алаш қозғалысының заңды жалғасы
Тарихтан ұлы ұстаз жоқ. Ұға білген адамға оның әрбір парағы – сабақ, тағлым. Бірақ, тәуелсіздікке дейін тірілікке ілескендер өз мүддесін бәрінен жоғары қойып үйренген үстем елдің қолымен жазылған тарихпен ауызданды. Қатыгездікпен аты шыққандардың ерлігіне «тәнті болды», олардың «таңғажайып» әрекеттері хақындағы шығармаларды оқи отырып солардың «тілеулесі» болып ержетті. Тарихқа қиянат жасалғанын, аузымен құс тістеген мықтының дегенімен жүрген заманның сөйлегенін, кішкентай ұлттарға орасан үлкен қиянат жасалғанын есейгенде түсінген аға буын бүгінде сол олқылықтың орнын толтыруға әрекет етуде. Әлі де түсінбей, түсінсе де түсінгісі келмей жүргендер баршылық. Олардың ұлты емес, құлқы бөтен басқа ағайындардың сойылын соғып келе жатқан өмірі өзін-өзі алдау екенін түбі түйсінеді.
Тарих шындығының аяғына тұсау салған сол заман жалыны Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Бірақ жетпіс жылдық империя бодандығы ұлтын ұлықтаған намыстан жаралған қазақ жұртының жігерін жасытып, намысын тұншықтыра алған жоқ. Бабалар аманатын қара басының қамы үшін құрбан етпей желтоқсанның сол бір аязды күнінде алаңға шығуы осы сөзімнің дәлелі бола алады. Сол бір қаһарлы күндер туралы айтылғанда сол көтерілісті көзімен көргендердің, оқиғаның арасында жүргендердің көкірегіне әлі күнге дейін ащы өксік әкеледі. Өйткені 86-ның ащы шындығы, әділетті ақиқаты айтылмай келеді. Болған жайттың болғанындай емес, бұрмаланып, жанды жабырқатып, ішті ит тырнағандай қиналтып жеткені және алыс-жақын қазақтың сол «шындыққа» сенгені олардың көңіліне қаяу түсіреді.
Бірақ, уақыт-емші, тәуелсіздік алғаннан кейін біртіндеп тарихи сананың көзі ашыла бастады. Бұрын ұлт намысы таразыға түскен шақта қолдаушысы, қорғаушысы, сүйеніші жоқ қазақы таным бұғып қала беретін еді. Қазір өзіне ерік тиіп, еркіндік алғаннан кейін әділеттің ақ туы желбіреп, ақиқаттың ақ есігі ашыла бастады. Желтоқсанның да «бұғаудағы» беттері парақтала бастады. Жақында аудандық кітапхананың кең залында өткен келелі кездесуде тағы соның куәсі болдық
Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа тұс келген Желтоқсанның 35 жылдығына орай ұйымдастырылған шара «Елімнің еркіндігі — Тәуелсіздік» деп аталды. Басқосуға «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің Талғар аудандық филиалының жетекшісі, желтоқсаншы Оңдаш Есіркепов, журналист, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақ журналистикасының қайраткері, Талғар ауданының «Құрметті азаматы», бірнеше кітаптың авторы Тұрсынбек Жалғасбаев, желтоқсаншылар Клара Бегалиева, Бақтығали Таубай шақырылды. Сондай-ақ іс-шарадан арада қанша жыл өтсе де сол сәтте көзсіз батырлыққа барған қаһармандарымыздың естеліктерінен үлгі алсын, патриоттық рухтағы саналары сәулеленсін деген мақсатпен Талғар политехникалық колледжінің ІІ курс студенттері де қатысты. Жүргізушінің жалынды кіріспесінен соң Желтоқсан көтерілісі туралы бейнеүзік көрсетіліп, жиналғандар тарих бетінде өзіндік ізін қалдырған сол оқиғаның көлемі және ұлттық мүддені қозғауы жағынан Кеңестер Одағындағы демократиялық қозғалыстардың көшбасшысы болғандығына тағы бір мәрте көз жеткізді. Алғашқы сөзді алған Оңдаш мырза да бейнеүзіктің әсерінен бірден шыға алмай, сол кезде студент бола жүре алаңға барғанын, артынан соққыға жығылғанын еске алуға қиын соқса да айтып берді. Бүгінде бірлестік тарапынан атқарылып жатқан шараларды, соның ішінде көтеріліске саяси-құқықтық мәртебе беру мәселесінің жоғарғы тараптан әлі де кешеуілдеп келе жатқанын тілге тиек етті. Бұл жайтты Бақтығали Артықбайұлы да қозғады. Көтерілістен соң қамалғанын, кейін ақтау жұмыстарының ұзаққа созылып, тек он жыл өткен соң ғана анақтама алғанын ашына, көзіне жас ала отырып айтып, мұның зардабы ұрпақтарына да тиіп жатқанын жеткізді.
– Тәуелсіздікке жол ашқан, ұлттық рухты дүр сілкіндірген Желтоқсанға жаңа көзқарас, саяси, құқықтық, тарихи тұрғыдан лайықты баға берілу мәселесі жөнінде жақында астанада үлкен жиын өтті. Қатыстым. Бар мән-жайға қанықтым. Дегенмен бұл мәселенің артында әлі де шикілік бар сияқты. Көп нәрсе ашып айтылмай жатыр. Мына кейінгі ұрпақ тұрмақ біз білмейтін құпиялар да көп қой, — деп осы мәселені жеделдетсе деген тілегін білдірді.
Ал талай жылдан бері Желтоқсан оқиғасы мен онда ерік-жігерін танытқан тұлғалар жөнінде өз ойын, өз тұжырымдамасын қосып мақала жазып келе жатқан Тұрсынбек Қожахметұлы болса қатігездікпен басып-жаншылған осы қозғалысты оқиға емес, көтеріліс деп қарау керектігіне тоқталды.
– Желтоқсан – Алаш қозғалысының заңды деп жалғасы деп білемін өз басым. Бүкіл сипаттамасы көтеріліске келеді. «Мұның шығуына не себеп?» деген кезде ұлтты кемсітушілік, сол арқылы тілді жоғалту, ділден айрылу жатыр. Д.Қонаевты алып, орнына Колбинді қою арқылы Қазақстанның батыс облыстарын бөлшектеу мәселесін шешіп алмақ болды. Қазақ халқын өздерінің мені жоқ, мінезі жоқ халық санады. Бірақ, көтеріліс олай емес екенін көрсетті, кешегі кеңестік жүйеде біз ұлттық рухымыз мықты екенін көрсеттік. Сол рухты жоғалтып алмауымыз керек, — дей отырып жастарға түсінікті тілде мысалдар келтіре отырып көтеіліс пен оқиғаның мәнін ашып берді. Сөз алған Клара Бегалиева да желтоқсаннан кейін қалай қудаланғанын, білім алудың, жұмысқа тұрудың қиын болғанын баяндап шықты.
Кездесу кезінде кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ризвангүл Төлегенқызы арнайы қойылған тақырыптық көрмемен таныстырды. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.
Қалай айтсақ да, Желтоқсан
көтерілісі – уақыт өткен сайын мән-маңызы арта түсетін тарихтың шерлі беттерінің бірі болып қала бермек. Ал оның ақиқатын ашатын азамат тәуелсіздікке тәу ететін ұлтжанды ұрпақтан шығатынына кәміл сенеміз!
Меруерт Мәулетқызы,
«Талғар»