Өткенді ойлап несіне күйінемін,
Ұлтымның ерлігіне сүйінемін,
Бұл күнге жеткеніме тәубамды айтып,
Тәуелсіздік алдында иілемін.
Кедергіден өттің де жолыңдағы,
Ұрпаққа жол сілтедің соңыңдағы,
Көп аңсап осы күнге әрең жеттік,
Тәуелсіздік бақытым қолымдағы.
Сұрқай заман сауыңды жынды қылды,
Ешкім сенің елемей бұйрығыңды,
Көрсетіп еңселі рухын ұлтымыздың,
Көмейіне талайдың құм құйылды.
Шыңыраудан шығардың шындығымды,
Босаңсыған шыңайттың бірлігімді,
Қолым жетпей жүргенде ойдағыма,
Тәуелсіздік сен аштың түңлігімді.
Қарызым бар Отанға өтелмеген,
Ұлың едім арманға жетем деген,
Бақытына ешқашан жете алмайды,
Шаңырағын елдіктің көтермеген.
Көз алартты жеріме төңірегім,
Шегарамды анықтап шегеледім,
Мынау менің Отаным, Тәуелсізбін,
Осы жерде көктеймін көгеремін.
Ән шырқалды АҚШ-та таза үнді,
Бүкіл әлем таныды қазағымды,
Момын ұлттың намысын тағы көтер,
О, Тәңірім бізге сал назарыңды.
Қасіретті жолдардан өткен едік,
Көзімізден қанды жас төккен едік,
Жер бетінен аман қап жойылудан,
Бір Алла деп бұл күнге жеткен едік.
Бодан болдым, құл болдым үнім шықпай,
Мылқау болдым, бас изеп тілім шықпай,
Өз жерімде өгейдің күнін кешіп,
Бұлт торлады аспанды күнім шықпай.
Бұл күнде боп барады тілім жетім,
Тіл жоғалса болады күнің жетім,
Отбасынан басталса тілді қорғау,
Үлгі болар ұрпаққа бір міндетің.
Отыз жыл баурайыңда саяладым,
Жатты да туыс етіп аяладың,
Тәуелсіздік тұгырың мықты болсын,
Бақытым, байлығым деп бағаладым.
О, жасаған көрсетпе азабыңды,
О,Тәңірім естіртпе азалы үнді,
Алпыс екі әулие қорғап жүрші,
Мың бір пәле қайғыдан қазағымды.
Бексұлтан Көлбаев
ақын, Кеңдала ауылы