Бала тәрбиесі – баршаның ісі
Тәрбие-бұл мәңгілік котегория. Тәрбие—бұл тоқтаусыз жүргізілетін жүйелі жұмыстардың жанды көрінісі мен ең ізгі жандардың өшпейтін үлгі-өнегесі. Сондай-ақ, сол үлгі-өнегені үнемі үздіксіз іске асыру үшін қолданып отыратын амал мен әрекетіміздің нақты көрінісі. Кез келген басқа халықтар сияқты қазақ халқы да бала тәрбиесіне өте ерте бастан айрықша мән берген халық. «Атымды адам қойған соң, қайтып надан болайын»… деп данышпан Абай айтпақшы «адамдық» деп аталатын ең асыл қасиетті ұрпағының өнбойына дарытуда алдына жан салмаған ата-бабаларымыз әділ шешім-ұлы өлшем, әділдіктен асқаның, адамдықтан қашқаның, өз ісіңе әділ боп, үлгісі бол басқаның» – деп әділдікті қашанда ту етіп көтерген турашыл жұрт.
Жарық дүниеге жаңадан келіп көзін ашқан нәрестенің барлық көрген-білгенімен, естіген түйгендерінің бәрі де әдемілік пен әділдік болуға тиіс. Сол үшін де тәрбиенің ең басын тәтті ұйқының тыныш ұясы болған тал бесіктен бастаған бабаларымыз «Бесік жырына» өте ерекше мән берген. Елін, жерін сүйетін ұлтжанды да ұжданды ұрпақ тәрбиелеуде бүгінгі күні жиі айтыла бермейтін сол «Бесік жырының» маңыздылығын ешбір тәрбие құралымен айырбастай алмайсыз.
Әлди-әлди ақ бөпем, Ақ бесікке жат бөпем. Жылама бөпем жата ғой, Тәтті ұйқыға бата ғой…
немесе тағы да бір жолдарында:
Айыр қалпақ киісіп, Ақырып жауға тиісіп Батыр болар ма екенсің? Әділдіктен өзгермей, Ауыздыға сөз бермей,
Ақын болар ма екенсің? – деген секілді ұйқасты өлең жолдарымен үйлесім тапқан ұтқыр ой, ұтымды пікірлерін әп-сәтте әнге айналдырып әуенге қосып, өзінің өнбойындағы арман-тілектері мен ең ізгі мақсаттарын бесікте жатқан бөбегінің құлағына құйып санасына сіңіріп өсірген. Ондай ұрпақтан сөз ұстанған ақын да, ел қорғаған батыр да, әділ би мен шешен де, ел басқарған көсемдер шықпағанда кім шығады енді?
«Тәрбиенің басы тал бесіктен басталады» дегеніміз міне осы болмақ. Ал, орыстану саясатының кесірінен кешегі келмеске кеткен кеңес үкіметі заманында бізді осы бесігімізден жерінтіп жадымыздан жаңылдырды емес пе?
Тал бесігіңнен ажырау-ұлттық тәрбиеміздің тамырына әдейілеп балта шабу екенін енді түсініп жатқанымыз да жасырын емес. Бесік бұл отбасының алтын діңгегі. Баға жетпес байлығы мен бақыты. Ұлттық тәрбиеміздің танымы мен тамыры. Отбасын құрған ер мен әйелдің ажырамас алтын дәнекері.
Ана күре тамыры тіршіліктің, Бақытты ғой жасаса құлшылық кім, Ананың ауызданып ақ сүтімен.
Тал бесіктен таусылмас шын сыр ұқтым, – деп жырға қосуымыз да сондықтан. Отбасыңнан ала алмаған тәрбиеңді әлемнен іздеп әуре болма деген тәмсілді де бабаларымыз босқа айтпаса керек. Әкең келе жатыр десе бір бала селт етеді, бір бала селк етеді. Сесті әкеден есті бала өсіп ер жетеді. Өз кезегі келгенде ол да өз естілігін көрсетеді. Ұлтымыздың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бабамызша айтсақ: «Ерім дейтін елі болмаса,елім дейтін ерді қайдан табарсың?». Бізде ұрпақ тәрбиесіне келгенде өсиет емес өнеге көрсете білуіміз керек қой. Ол өнегені кімдер көрсетуі керек? Әрине, үлкендер. Біз көбінесе өнеге көрсетуге келгенде шабандаумыз да сараңдаумыз. Ал енді өсиет айтқанда алдымызға жан салмаймыз. Сондықтан да бала тәрбиесі мәселесін қашанда үлкендерден бастау керек. Алайда бұндай жауапты істен үлкендер қашпау керек. Бірде әкесі мен кішкене баласы екеуі келе жатып: -Балам байқашы, ана шалшық суды басып кетпе. Аяғың су болады ғой деген әкесіне кішкене ғана бес жастағы баласы іркілместен: -Әкешім, алдымен сіз байқаңыз! Мен сіздің ізіңізбен жүріп келе жатырмын ғой» деген екен. Өнеге ма? Әрине өнеге.
«Болашаққа жаям десең атыңды, Бал бөбекке қызмет қыл татымды.Жақсы өнеге көрсе бала бүгінде, Еңбегімен қуантады түбінде.Ертең өзің қалмау үшін табаға, Жақсы өнеге көрсете біл балаға» –
деген Жүсіп Баласағұн бабамыздың бала тәрбиесі жайында қолымызға таяқ ұстатып кеткендей айтып кеткен осы бір алтын сөздері ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүрген әрбір ұстаз тәрбиешілерімен бірге кез келген ата-аналардың жадында жатталып, есінде сақталып жүретін ең бір асыл құндылық болуға тиіс.
Заманымыздың заңғар ұлы, ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың:
«Анам маған үлкенді сыйла деген. Сол сөз бойға ізгілік құйған ерен. Үлкендерден үйренген өнегемді, Үлкендердің өзіне сыйға берем» –
деген ойлы жыры бәрімізге де әсер етуі тиіс.Баланы бала ғой деп алдай салуға, өзің істемейтін болмаса орындамайтын уәделерді беруге,өтірік айтып жалған сөйлеуге болмайтындығын кімде-кім болса да жете түсінуі керек. Бір күні үй телефонына қоңырау шалып әкесін сұрап жатқан телефонның құлағын елден бұрын жүгіріп барып көтерген кішкентай ғана алты жастағы Сәбина:
-Әкешім, сізді бір аға сұрап жатыр. Бар деп айта берейін ба? – деп сұраулы жүзбен қарап тұр дейді. Бұл нені білдіреді? Әрине бұл еш боямасыз осыған дейінгі бір емес бірнеше рет қайталанған бар бола тұрса да үлкендердің «жоқ деп айта салшы» деген шындықтың бұрмалануы болатын. Бала деген пәк. Бала үлкендер сияқты алдау-арбау, немесе аяқ астынан өзіне қолайлырақ деген бір сылтауды ойлап таба салу деген сияқты жалғандықтан алшақ болатындығының белгісі. Баланың балалық қасиетінің өзі сол – ешнәрсені жасырып жабуды білмейтін адалдығында.Сондықтан да бұрынғы ата-әжелеріміз «Балалы үйдің ұрлығы жатпайды», «Үй менікі демеңіз, үй артында кісі бар» деген мақал-мәтелдері арқылы да баланың көзінше өтірік айтып жалған сөйлемеуге тырысқан. Балаларының көзінше әбестік қылықтар жасамаған. «Ойнап айтсаң да ойлап айт! Күліп айтсаң да біліп айт! Әзіл айтсаң да әділ айт!» – деген өнегелі сөздерді аса мұқият ескере жүргеніміз жөн. Халқымызда ұрпақ тәрбиесі туралы ұлыларымыздың да қаншама ұлағатты сөздері бар. Адамзаттың Абайы атанған кемеңгер Абай атамыз өзінің отыз жетінші қара сөзінде: «Адам баласын замана өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі кінәлі. Мен егер закон қуаты қолында бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген екен. Ендеше елден бұрын ең алдыммен өзімізді өзгертейік. Өзімізге өзіміз көбірек мән беріп, көбірек үңілейік дегім келеді. Біздің бүгінгі күнгі әрбір баламыз осы өзіміз өмір сүріп отырған қоғамымыздың белгілі де белді мүшесі әрі басқарушы егесі. Яғни ертеңгі ел тұтқасын ұстаушы азамат деп қарауымыз керек. Алайда сол қоғамның мүшесі болып ел басқаратын жақсы азаматтарға ең алдымен отбасының тәрбиесі жеткілікті түрде берілуі керектігін ешкім де жоққа шығара алмас. Сондықтан да ұл тәрбиесіне келгенде ата-аналарға айтарымыз:
Азанменен шақырған таңды оята, Сәждеге бір тимесе маңдай ата. Өзің үлгі бермесең намаз оқып, Балаң ертең болады қандай ата?
Ал қыз тәрбиесіне келетін болсақ мына бір өсиетті берік ұстанғағанымыз абзал болар.
Тойғызып қоймасаң да жал-жаяға, Тәрбиеге келгенде барды аяма. Өзің үлгі бермесең анасы боп, Қызың ертең болады қандай ана?
Сондықтан да жас ұрпақтарға қашанда құры өсиет пен құрғақ ақыл айтумен ғана шектеліп қалмай өнеге көрсету ісінде де жарыса жұмыс жасасақ еңбегіміз жанып нәтижеге қол жеткіземіз.
Камнұр Тәлімұлы,
ақын, сазгер, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Талғар ауданының «Құрметті азаматы»