АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 2022-2026 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ТҰЖЫРЫМДАМА ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 2022-2026 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ТҰЖЫРЫМДАМА ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Antikor Ortalygy алаңында Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығының, Алматы облысы бойынша арнайы мониторингтік топ мүшелерінің, ақпараттық-ағартушылық штаб мүшелерінің, Алматы облысы әкімдігі өкілдерінің, сондай-ақ І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті өкілдерінің қатысуымен 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара барысында қатысушылар 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асырудың негізгі мақсаттарымен, міндеттерімен және кезеңдерімен танысты.

Тұжырымдама Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын іске асыру болып табылады (Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — елдің өркендеуінің берік негізі»атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асырудың Жалпыұлттық жоспарының 88-тармағы).

Стратегиялық құжаттың маңыздылығымен таныстырған Департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев, тұжырымдама қоғамның барлық саласына қатысты екендігін жеткізді.

Тұжырымдама жобасы 6 негізгі міндетті көздейді:

құндылықтарды өзгерту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру және тәрбиелік және білім беру шараларын жүйелеу арқылы парасатты қоғамды қалыптастыру;

бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау және мемлекеттік сатып алудағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету арқылы сыбайлас жемқорлық мүмкіндіктерін жою;

жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету;

қоғамдық бақылау институтын дамыту жолымен азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға тарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін күшейту;

сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асырудың тиімді мониторингін қамтамасыз ету;

сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның қызметін одан әрі жетілдіру.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте атап өткендей, Тұжырымдама жобасы жалпыға қолжетімді болып табылады, егер облыс тұрғындарында Тұжырымдама жобасы бойынша ұсыныстар, ескертулер, пікірлер болса, оны upk_almobl@mail.ru электрондық поштаға жіберуге болады немесе Агенттіктің Алматы облысы бойынша аумақтық департаментіне мына мекен-жай бойынша хабарласуға болады: Талдықорған қ., Antikor Ortalygy, 8-7282-24-70-13.