Тәуекел деп жасай алсақ қой бір ерлік….

Тәуекел деп  жасай алсақ қой бір ерлік….

Байқаймын, оны әрине сіз де байқадыңыз, дүниедегі барлық нәрсені ақшамен өлшей бастадық. Ал байқасаңыз, ақшамен шешілмейтін, тіпті де шешілуге тиісті емес құндылықтар да бар. Оның ұлттық құндылық екенін, рухани қазына екенін ішіңіз сезіп қылп етіп, жүрегіңіз бүлк етті, ә….. Тамырсыз бір де бір ағаш бойламайтыны сияқты адам баласы да ата-тегімен, оның рухани құндылықтарымен көзге көрінбейтін тамырлар арқылы жалғасқан. Сол бір ұлттық рух пен ұлттық жан-дүниенің біртұтас жиынтығы – АНА ТІЛІМІЗ екенін өте жақсы білеміз. Әр ұлттың салт-дәстүріне, әдет ғұрпына, өнері мен бүкіл болмысына нәр, қорек беріп тұратын ТІЛІ. Тек қана ТІЛІ!

«Қазақ тілі бай, таза іргелі жұрт тілі деп бәріміз айтамыз… Бірақ құр бай, таза деумен тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма?» – деп шырылдаған Міржақып Дулатовты ғасыр бұрын алаңдатқан Тіл мәселесі бүгінгі қазақ қоғамының да басты мәселесіне айналған. Тіл тағдыры ұлт қауіпсіздігінің кепілі екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсуді мақсат еткен Тіл фестивалінің кең ауқымда ұйымдастырылуы да осы мақсат-мүддеден туындаған еді. Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастамасымен тілдер айлығы аясында өткен іс-шара «Тілі жоғалған ұлт­тың өзі де жоғалады» деген ұлт зиялы­сы А.Байтұрсынұлының сөзін тақырып етіп алуы да тегін емес-ті. Қасаңданып, шұбарлана бастаған қазақ тілін табиғи құнарына бүгін қайтармасақ, ертең санымызды соғып қаларымызды меңзеген қанатты сөз қатысушылардың да қазақы тамы­ры­на қан жүгіртті. Шындығында да тіл жоғалса ұлт жоғалады. Ұлт жоғал­ғандығы емей немене, тілмен бірге құндылықтар күйресе, құндылықтар арқылы мәдениет мұнар тартса… Қазақ тілін білмейтін адам қазақ мәдениетімен сусындай алмайды ғой. Ол қайтіп сосын қазақы болмысқа ие болсын…

Міне осындай ұлы мақсатты ұстанған кештің қонақтары да осал болған жоқ. Басқарма басшысы Болат Керімбек, қоғам қайраткері Оразкүл Асанқазықызы, профессор, ф.ғ.д., ғалым, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ғарифолла Әнес, ф.ғ.к., халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Бижо­март Қапалбек, ф.ғ.к., доцент, А.Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология орталығының жетекшісі Сәрсенбай Құлманов, тарихшы, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі Шамек Тілеубаев, ғылым кандидаты, Қ.Сәтбаев атындағы Политехникалық университетінің тіл басшысы Алмас Іздібаев сынды белгілі тіл жанашырлары қатысты. Ресми шақырылған қонақтар алдымен «Алаш» арыстарына арнал­ған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ескерткіш басында кішкентай бүлдіршіндердің тіл туралы өлеңдерін тыңдап, қала, ауылдық округтердің тіл, көрнекілік бойынша атқарылған жұмыстарымен танысты. Ал Тұзды­бастау ауылындағы Мәдениет үйінде жалғасқан кештің шымылдығы ұлттық бояуы аңқыған қойылыммен ашылды. Кеш тізгінін алған аудандық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының жетекшісі Камнұр Тәлімұлының кіріс­песінен соң ән мен жырдан шашу шашылды. Қонақтар кезекпен баяндама жасап, тыңдаушыларға қазақы құндылықтың жойылмауына біркісідей атсалысу керектігін айтты. Құнсыз құндылықтарға алданудан тыйылып, ең ізгі адамгершілік қасиет­тер мен рухани құндылықтарды мирас еткен ата-бабалардың сан мың жыл­дық еңбегінің құнын еш қылмауға үгіттеді. Құттықтау сөз этнос өкілдері атынан №22 орта мектептің мұғалімі Валентина Воробьеваға берілді. Жастар атынан аудандық «Тіл шебері» байқауында бас жүлдені жеңіп алған, үш тілді жетік білетін №49 орта мектептің оқушысы Мирас Маратұлы сөйледі.

Фестивальді қорытындылаған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Мамырбекқызы «тілді біреу үйретеді» деп күтіп отырудың қажеті жоқтығын, қазақша сөйлеу ең алдымен адамның өз қалауынан, жеке басының қадір-қасиетінен, тіліне, тарихына, ұлтына деген құрметінен туындайтындығына тоқталды. Қазақша сөйлеу мәдениетін қалыптастыру бір күннің шаруасы еместігін және де ол жауапты салаларға ғана жүктеліп қалмау керектігін еске салды. Аудандағы белсенді тіл жанашырларын аудан әкімінің және бөлімнің «Алғыс хатымен» марапаттады.

Орыстың ұлы сыншысы Белинс­кий­дің «Тілдің тазалығын сақтаушы академияда емес, грамматикада емес, білімдарда емес, тілді таза қалпында сақтайтын – халықтың рухы, яғни халық» деген сөзі бар. Ата-бабаң мың жыл қолданған, қазір өзің күнделікті тұтынатын, ертең ұрпағыңа мың жыл азық болатын ана тілің үшін қызмет ету – ардың ісі деп білемін. Мақтаныш ететін халқымның дәстү­рімен сусындаған өзім осы күнге дейін ата-апамның тұла бойыма ұялатқан тәлімін жоғалта қойған жоқпын. Болашақта да ұлттығымды яғни, қазақ екенімді сезінгім келеді!

Меруерт Мәулет,
«Талғар»