Белбұлақта жаңа әкім

Белбұлақта жаңа әкім

Қыркүйек айының 26-ы күні Белбұлақ ауылдық округінің жұртшылығы жаңа әкімдерін сайлауға ағылып жатты. Округке қарасты Талдыбұлақ, Бірлік, Белбұлақ ауылдарындағы сайлау комиссиялары таң сәріден өз жұмыстарын бастап кеткен екен. Түске таяу сайлаудың өту барысын бақылау мақсатында біз де жолға шықтық.

Ең алдымен Талдыбұлақ ауылындағы №34 орта мектепте орналасқан №853 сайлау учаскесіне, Бірлік ауылындағы №35 орта мектептегі №855 сайлау учаскесіне, Белбұлақ ауылындағы №10 орта мектептегі №850 сайлау учаскесі мен №32 орта мектеп тегі №852 сайлау учаскелеріне бас сұқтық. Сайлау учаскелері карантин талаптарына сай санитарлық құралдармен толық жабдықталған. Кіре берісте туннель, аяқ астындағы кілемшелер, тепловизор, антисептик, бетперделермен қамтамасыз етілген. «Аshyq» мобильді қосымшасы да іске қосылған. Әуелеген рухты ән де қалықтай ойнап, жұрттың көңілін көтеріп тұрды. Ауыл әкімінің сайлауына халық ағылып келіп жатты. Барлығы да көтеріңкі көңілде, өздерінің сенімін ақтайды-ау деген кандидаттарына дауыс беріп кетіп жатты.

-Сайлауға қатысып, дауыс беру әрбір азаматтың парызы деп білемін. Кез келген ауылдың гүлденіп, дамуы мен болашағының жарқын болуы үшін ауылдағы әр азаматтың сайлауға қатысып, өзінің таңдауын жасауы үлкен жауапкершілік жүктейді. Мен де Қазақстанның азаматы ретінде, осы ауылдың тұрғыны ретінде өз таңдауымды жасап, дауыс беріп жатырмын. Кандидаттарды үгіт-насихат парақшаларынан көрдім. Сайлауалды бағдарламаларын оқыдым. Төрт үміткердің арасынан Нұрбол Досымбаев деген азаматтың сайлауалды бағдарламасы ұнады. Ол азамат үгіт-насихат жұмыстарын да жақсы жүргізді. Әлеуметтік желіде де белсенді болды. Сондықтан да осы азаматқа үлкен үміт артып, дауысымды бердім,- деген еді Бірлік ауылының Өзтүрік көшесінің тұрғыны Жазира Жамали. Ал ауыл әкімінің сайлауына бақылаушы болып келіп отырған Қазақстанның Халық партиясының өкілі Төлеужан Жүндібаев:

-Азаматтардың өздерінің конституциялық құқықтарын іске асыру үшін барлық жағдай жасау – маңызды. Біз партия атынан сайлаудың әділ әрі заң талаптарына сай өтуін қадағалап отырмыз. Қазірше ешқандай заң бұзушылық анықталған жоқ. Сайлау учаскелері сайлау өткізуге сақадай сай дайындалған. Санитарлық нормалардың барлығы сақталғанын көзіміз көріп отыр. Бақылаушыларды заң талаптарына сай тіркеп, ерекше құрмет көрсетіп жатыр. Дауыс беруге келген халыққа да жақсы қызмет көрсетіліп жатыр. Алғашқы ауыл әкімдерінің сайлауына қарағанда бүгінгі халықтың легі мен ынтасы көңіл көншітерлік,- деді.

Белбұлақ ауылдық округі әкімінің сайлауына барлығы 12598 сайлаушы тіркелген. Бұл күні олардың 8958-сі дауыс берді. Жарамсыз бюллетеньдер саны – 176 болса, 30 азамат «Барлығына қарсы»дауыс берген. Сайлауға қатысқан азаматтардың 865-і Е.Абировке, 4670-і Н.Досымбаевқа, 2420- А.Данилинаға, 797-і Н.Өмірзақовқа дауыс берген. Төрт үміткердің арасынан басым дауыс жинаған Нұрбол Досымбаев ауыл әкімі болып сайланды.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»