Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің негізгі міндеттерінің бірі – Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заңның 21-бабы мен «Жарнама туралы» Заңның 6-бабына сәйкес деректемелер мен көрнекі ақпарат құралдар тілін зерделеу мен ретке келтіру болып табылады.
Былай қарағанда көшеде ілінген көрнекі ақпарат құралдары тек жарнамалық мазмұнды қамтығанмен, оның астарынан экономикалық, әлеуметтік, саяси, лингвистикалық сынды толып жатқан күрделі мәселелерді аңғаруға болады. Сондықтан бұл күрмеуі күрделі мәселеге аудан әкімдігі жанына арнайы «Тіл және ономастика» жұмыс тобы құрылған-ды. Сын садағына ілінген нысандарды бақылауда ұстап, олардан оң нәтиже шыққанынша тыным таптырмайтын тіл сақшылары биылғы жылдағы жұмыс жоспарларын тиянақтап, жуырда алғашқы рейдтерін бастап кетті.
Тоқсанына бір рет жасалатын тексеру жұмысының алғашқы қадамы Талғар қаласы мен Кеңдала ауылдық округінен басталды. Облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Талғар аудандық филиалының директоры Камнұр Тәлімұлы бастаған құрамында аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Рая Медетқызы, қоғам әдіскері Гүлнәр Мамырбаева, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ұлбосын Ақжігітова бар топ алдымен 50 мыңнан аса халық шоғырланған Талғардың орталық базарынан бастады. Қалалық әкімдіктің тілге жауапты өкілі, бас маман Ж.Ордабаева жұмыс тобымен бірге жүріп, назарға алатын нысандар мен ескертпелерді түртіп алды. Ю.Гагарин мен Әйтеке би көшелеріндегі халыққа қызмет көрсету орындарында көзге ұрған кемшілік көрінген жоқ. Алайда, базар маңы бас көтертпейтін қатеге толы екенін көріп көңіліміз су сепкендей басылды. «Ауған City» сауда үйі, оның айналасындағы шағын дүкендер ұсынатын қызмет түрлерін орыс тілді ағайынға қарап ыңғайлап жазғаны көрініп тұр. Сөйткенде ғана саудамыз өтеді деген теріс пиғыл көкіректерінде ұяласа керек. Сауда үйінің әкімшілігі бұл заңбұзарлықтан хабарсыз болып шықты. Мұндай кемшілік «Тәуіп» ЖШС аралас бөлшек әмбебап базарынан, «Олжас» кеңсе тауарларын сататын шағын маркетінен, «Талғар» әмбебап базарынан және «Строй База» құрылыс базарынан да табылды. Барлық нысан иелеріне ескерту парақшалары таратылып, тәртіпке келтіруге 10 күн уақыт берілді. Жұмыс тобы тарапынан ҚР Заңдарына сәйкес мемлекеттiк тiлде сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына жазылатыны туралы түсіндіру жұмысы жүргізілді.
Жоспарға сәйкес Кеңдала ауылдық округі бойынша өткен зерделеу жұмыстарында өрескел қателер көзге түскен жоқ.
Десек те Еңбекші ауылындағы «Верный» базарының атауы, Кеңдала ауылындағы «Техбайқау» орталығы, «Тіс емдеу, дәріхана» және Ақтас ауылындағы «АиС» дүкен нысандары өз атауларын заң бойынша ілмегендіктен оларға ескерту берілді. Округ әкімшілігің тілге жауапты маманы Айжан Берікбаева барлық ескертулерді жазып алып, әкімшілік тарапынан назарға алатындықтарын жеткізді. Тіл мәртебесі ұлт мерейін үстем ететініне ешкімнің таласы болмуы керек
Меруерт Дүйсенғали,
«Талғар».