Сақтық шараларының маңызы зор

Сақтық шараларының маңызы зор

Әлем жұртшылығының тыныштығын бұзып, жаһандық қауіпсіздік үшін үлкен қатер төндіріп отырған діни экстремистік және террористік ұйымдардың лаңкестік әрекеттерінен жазықсыз жандар жапа шегіп, көптеген елдің ішкі тұрақтылығы мен бейбіт өміріне зор нұқсан келіп отырғаны белгілі. «Сақтықта қорлық жоқ» деп тегін айтылмаған. Экстремизм мен терроризмге қарсы күрестің негізгі жолы -лаңкестік топтар туралы, олардың іс-әрекеті жайында дер кезінде шынайы мәлімет бере отырып ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу арқылы алдан-алу шараларын жүзеге асыру болып табылады.

Осыған орай жуырда Кендала ауылдық округі әкімдігінің жиынжайында аталмыш округтің белсенді азаматтары, саяжай бірлестіктерінің төрағалары, әлеуметтік педагогтар, мешіт имамдары, Ақтас күзет және қадағалау бөлімінің қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары, ауылдық дәрігерлік амбулаторияның, ФАП-ің медицина мамандары және Қазпошта қызметкерлерінің қатысуымен «Терроризмнің алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Жиынға теолог-маман Бекзат Әмірқұл, терроризмге қарсы аудандық комиссияның хатшысы Қазбек Кервенев, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Г.А.Салимбаева, Кеңдала ауылдық округ әкімінің орынбасары Айгерім Сайлаужанқызы қатысып, ҚР Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға араналған мемлекеттік бағдарламаны және аудандық 2020 жылға арналған жоспарды іске асыру бойынша Талғар ауданы әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жиналғандар алдында сөз алған сала мамандары еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын басты мақсат ете отырып, терроризм мен экстремизм қауіпінің алдын алу шараларын жүзеге асыруда жұдырықтай жұмылып, бірлесе түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Өкінішке орай, асыл дініміздің құндылықтарын дұрыс түсінбеу, діни сауаттың таяздығы салдарынан кейбір жастарымыз жат ағымның құрығына ілініп, орны толмас өкінішке қалып отырғаны да ашық айтылды. Бұл орайда діни сенімге қатысты қандай да болмасын ақпаратты кездейсоқ жандардан емес, дін өкілдерінен, яғни мешіт имамдарынан, сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы сайттарынан алудың маңыздылығы да баса айтылды. Дөңгелек үстел басына жиналған түрлі сала өкілдеріне террористік іс-әрекетті анықтау, оның жолын кесу туралы мағлұматтарды жүйелей жеткізген ақпарат топ мүшелері қойылған сауалдарға да тұщымды жауаптар берді.

Талғар-ақпарат