ҚАЗАҚТЫҢ АБЫЗЫ

Жуырда қаладағы орталық кітапханада Маңғыстаудың киелі топырағынан түлеп ұшқан, барша Қазақстан республикасы аймағында келесі ерек, болмысы жаңа, мерейлі, береке бітімі ерекше, ел тарихында айырықша ауқымды ардақталатын, көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, «Дүние ғапыл», «Бір уыс топырақ», «Аңыздың ақыры», «Елең-алаң», «Махаббат мұнарасы», «Шыңырау» кітаптарының авторы, көрнекті қаламгер Əбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай «Туған жер – киесі, Дархан дарын – иесі» атты əдеби кеш болып өтті. Кешке арнайы келген алматылық қонақтар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық кинофестивальдар мен байқаулардың лауреаты «Шыңырау» фильмінің режиссеры Жаңабек Жетіруов, өнертанушы, қолөнер шебері, жыршы-жырау Балтабай Ибраев, филология ғылымының докторы, өнер саласының маманы Базаркүл Абдулдина, жыршы Набат Ойнарова, «Алматы ақшамы» газетінің бөлім меңгерушісі Нұрлан Сүйін бастаған бір топ өнер қайраткерлері бас қосты. Ең алдымен зал толы халық режиссер Жаңабек Ыбырайханұлының «Шыңырау» фильмін тамашалап, Əбіш Кекілбаевтың романы желісінде түсірілген көркем фильмді бір сағат бойы табжылмай көрді. Келесі кезекте С.Сейфулин атындағы №2 орта мектеп оқушылары Ə.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» шығармасынан үзінді оқыса, жас өнерпаз №1 орта мектептің 2-сынып оқушысы Айым Сейсенқызы ақын Шынболат Ділдебаевтың «Шындық туралы» толғауын кемеліне келтіре орындап, өнер сүйер қауымның қошеметіне бөленді. Əн мен жырға кезек-кезек орын берілген əдемі кешті орталық кітапхананың директоры Махамбет Хармысов қорытындылап, келген қонақтарға алғысын айтты.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,

«Талғар».