МЕРДІГЕР МІНДЕТІН АТҚАРА АЛМАЙ ОТЫР

МЕРДІГЕР МІНДЕТІН АТҚАРА АЛМАЙ ОТЫР

Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының алдына қойып отырған басты міндеттерінің бірі – əлеуметтік маңызы бар мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысына қоғамдық бақылауды күшейту болатын. Осы орайда ауданымызда əлеуметтік маңызы бар мемлекеттік бағдарлама нысандарында партиялық бақылау ұйымдастырылып, нəтижелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына партиялық бақылау жасау ісін халық та қолдап отыр. Партиялық бақылау комитетінің іс-əрекеті жария түрде өткізіледі. Биыл комитеттің жұмысы өңірлік жəне аумақтық партиялық бақылау комиссияларының белсенділігін арттырып, нəтижелілігін қамтамасыз етуге бағытталды.

Жуырда партияның «Құтты мекен» ұлттық жобасы аясында аудандық «Nur Otan» партиясының мұрындық болуымен қаламызда салынып жатқан көпқабатты үйлерге партиялық бақылау жүргізілді. Құрамында облыстық мəслихат депутаты Асқар Сүлейменов, аудандық мəслихат депутаты Сұлтан Нұрдаулетов, аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетовалар бар бақылау комиссиясы қаламызда жаңадан салынып жатқан 3 жалгерлік жəне 3 несиелік көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының сапасын бақылап қайтты. Талғар қаласында бой көтеріп жатқан 6 тұрғын үйдің 4-інің құрылыс-монтаждық жұмыстарын «Ғұнстройсервис» ЖШС-гі жүргізіп жатса, бір 60 пəтерлі несиелік тұрғын үйдің құрылысын «Альтайр» Өндірістік комбинаты, бір 50 пəтерлі несиелік тұрғын үйдің құрылысын «Компания строй индустрия» ЖШС-гі жүргізуде. Құрылыс басындағы жұмыс қарқын алған. Жұмыс жасап жатқан техника да көбейіп, адам саны да артқан. Қаржыландырудың ойдағыдай жүріп жатқанын айтып, құрылыс жұмыстары межеленген уақытта аяқталады деп сендірді мердігерлер.

Келесі кезекте Кеңдала ауылындағы инженерлік жəне əлеуметтік инфрақұрылымның жағдайын тағы назарға алды. Бұған дейін де ауыл тұрғындарынан бірнеше мəрте арыз-шағым түсіп, мердігер компанияның жұмысының салғырттығы бақылауға алынған болатын. Партия белсенділерінің қатаң ескертулерінен тағы нəтиже шықпаған сыңайлы. Баяғы жар тас сол жартас күйінде. Естеріңізге сала кетсек, Кеңдала ауылындағы су құбыры желісін реконструкциялау жəне салу жобасына 120 млн теңге бөлінген болатын. Жоба бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу 8 айға жобаланған. Желілердің ұзындығы 25,7 шақырымды құрайды. Бас мердігер «Глобал Трейд Центр» ЖШС-імен құны 230,1 млн. теңгені құрайтын келісім-шарт жасалған. Алайда, бұл компанияның жасаған жұмысы сын көтермей, межеленген уақытында аяқталмай отыр. Жұмыстың сапасыз əрі аяқсыз қалуы себебінен жүйесіз қазылған көше бойына жиналған топырақ пен көшенің батпағы ауыл тұрғындарының əбден мазасын қашырған. Тарылып қалған жол бойына көліктер кептеліп, қатар өтуіне кедергі келтірсе, ал мектепке қатынайтын балалар батпаққа малынған. Қазылған шұңқырлардың айналасы қоршалмай, қауіпсіздік ережесі сақталмағандықтан кешқұрым шұңқырға құлап жатқандар да бар. Партияның қоғамдық қабылдауына келген тұрғындардың жанайқайы осы болған еді. Мердігер компанияның бригада жетекшісі А.Именов су құбырларын қалпына келтіріп, қазылған көшелерді асфальттап, жұмысты қараша айында аяқтап, ел игілігіне беруді уəде еткен еді. Əлі күнге дейін уəдесін орындамай, жұмысы аяқсыз қалып отыр. Əр көшені бір қазып, ретсіз жұмыс жасап отырған мердігерге тағы да қатаң ескертулер айтылып, партия тарапынан заң аясында тиісті органдарға хат жолданатын болды. Халықты əуре-сарсаңға салып, бюджет қаражатын оңды-солды жұмсап жүрген мердігер енді тек заң алдыда жауап беретін болады.

Перизат АУҒАНБАЙҚЫЗЫ,

«Талғар».