Кейінгі жеті жылда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде мәдениет саласын дамыту, ұлттық мұраны сақтау, отандық өнерді қолдау және мәдени инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Осы кезеңде елімізде театрлар, музейлер, кітапханалар мен мәдениет үйлерін қоса алғанда, 312 жаңа мәдениет нысаны салынды. Сонымен қатар қолданыстағы нысандар жаңғыртылып, материалдық-техникалық база жаңартылды. Өңірлерде мәдени қызмет көрсету аясын кеңейтуге де басымдық берілді.
Кітапхана ісі мен шығармашылық білім беруді дамытуға айрықша көңіл бөлінді. Кітапханаларды 2027 жылға дейін жаңғырту жөніндегі Жол картасы іске асырылып, бүгінде өңірлердегі мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып жатыр. Алматыда шығармашылық оқу орындарының студенттеріне арналған 500 орындық жатақхананың құрылысы басталды. Петропавлда Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдігі ашылса, Шымкентте Мәдениет және өнер университетін құру жұмыстары қолға алынды.



