
Есірткі – адам денсаулығына ғана емес, тұтас қоғамның тұрақтылығы мен болашағына қауіп төндіретін күрделі мәселе. Оның зардабы бір адамның тағдырымен шектелмей, отбасына, қоршаған ортасына және жалпы қоғамдық қауіпсіздікке әсер етеді. Сондықтан есірткінің таралуына жол бермеу, оның зияны туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту – баршаға ортақ міндет.
Қазіргі таңда есірткі қылмысының алдын алу бағытында құқық қорғау органдары тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе жастар мен жасөспірімдер арасында есірткінің адам өміріне тигізетін зияны туралы ақпараттық-түсіндіру шараларына ерекше көңіл бөлінуде. Мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында және жастар ортасында салауатты өмір салтын насихаттайтын кездесулер ұйымдастырылып, мамандар тарапынан құқықтық және медициналық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Есірткіге тәуелділік адамның денсаулығын әлсіретіп қана қоймай, оның оқуына, жұмысына, отбасымен және қоғаммен қарым-қатынасына кері әсер етеді. Ең бастысы – адам өз өміріне деген жауапкершілігін жоғалтпауы керек. Зиянды әдеттен аулақ болу үшін бос уақытты тиімді өткізу, спортпен шұғылдану, шығармашылықпен айналысу, білім алуға және пайдалы іске ұмтылу маңызды.
Бұл ретте ата-ананың рөлі де айрықша. Балаға тек бақылау жасап қана қоймай, онымен ашық сөйлесіп, оның қызығушылығы мен мәселелеріне назар аудару қажет. Жасөспірім өзін отбасында түсінетін және қолдайтын адамдар бар екенін сезінуі тиіс. Мектеп, ата-ана, полиция, медицина қызметкерлері мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысы ғана алдын алу шараларының нәтижесін арттыра алады.
Есірткі қылмысының алдын алу – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл бағытта әрбір азаматтың жауапкершілігі маңызды. Күдікті әрекеттерге бейжай қарамай, заңсыз айналымға қатысты ақпаратты тиісті органдарға хабарлау, жастарға дұрыс бағыт көрсету және салауатты өмір салтын насихаттау – қоғам қауіпсіздігін нығайтуға қосылған үлес.
«Ауруын жасырған өледі» деген халық даналығында үлкен мән бар. Қоғамдағы кез келген келеңсіз құбылыспен ашық күресу қажет. Есірткіге қарсы күрес те бір күндік науқан емес, тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізілуі тиіс жұмыс. Әрбір жас өзінің болашағы бір сәттік қызығушылықтан әлдеқайда қымбат екенін түсінуі керек.
Салауатты ұрпақ – елдің ең үлкен байлығы. Сондықтан есірткісіз қоғам қалыптастыру үшін баршамыз бір мақсатқа жұмылып, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, спорт пен білімге қызығушылығын арттыруға және құқықтық сауаттылығын күшейтуге атсалысуымыз қажет. Есірткіге жол жоқ! Өйткені ұлттың болашағы – дені сау, саналы және жауапты ұрпақтың қолында.
Г. Тұрлыбекова

