Асыл анасын сыйлайтын, қамқор әпкесін құрметтейтін, тілеулес сіңлі-қарындасын қадірлейтін, қызын жанындай жақсы көретін адамдардың бәрі көктеммен бірге жеткен 8 наурыз – халықаралық әйелдер күнін ерекше сезіммен қарсы алады. Ал салтына берік, дәстүріне бекем қазақ халқы болса ер-азаматқа – тірек, ел бірлігіне – тұтқа болған Ана қадірін ежелден-ақ бәрінен биік қойған.
Қазіргі кезде қоғамдық өмірдің кез келген саласын әйелдерсіз елестету мүмкін емес. Олар – геолог, олар – археолог, олар – педагог, олар- дәрігер, олар – құрылысшы, олар – металлург, олар – кәсіпкер… Олар адал жар, қамқор ана, сенімді дос қана емес, сонымен бірге жаңа заманға сай қызмет атқара білетін бесаспап маман екенін уақыт өзі дәлелдеп жатыр. Тұздыбастау ауылының Мәдениет үйіне аудан әкімінің салтанатты шарасына жиналған әйелдер қауымы да ауданымыздың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосып жүрген қайраткер жандар. Шараға келген қонақтарды Әбу Исабаев жетекшілік ететін үйірме өнерпаздары үрмелі-ұрмалы аспаптардың орындауындағы сазды шығармамен қарсы алды. Мерекелік көңіл-күй сыйлайтын кең залға лықа толған көпшілік алдында сөз алған аудан әкімі Рыскелді Сатбаев нәзік жандылардың белсенді өмірінен сыр шертті. Өңіріміздегі мемлекеттік қызметкерлердің жартысына жуығын құрайтын әйелдер қауымының кәсіпкерлік, білім, денсаулық саласындағы үлестері де басым екен. Сондай-ақ өнегелі еңбек жолымен абыройға бөленіп жүрген бір топ азаматшалардың есімі құрметпен аталды. 4000-нан астам көпбалалы аналардың «Алқын алқалысы» — 706. Ал «Күміс алқа» иегері атанғандар 882-ге жетіп отыр. Жиын барысында алқалы аналардың қатары тағы 18-ге еселеніп, Елбасының Жарлығымен шыққан төсбелгілерін аудан әкімі өзі тақты. Жауапты да күрделі салаларда ерлермен иық тірестіре жұмыс істеп жүрген бір топ еңбекқор әйелдер өңір басшысының «Құрмет грамосы» мен «Алғыс хатын» иеленді. Шара соңы өнерпаз жастардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Мемлекеттік «Салтанат» ән-би ансамблінің нақышты билері мен шырқата салған әндері көпшілік көңілінен шықты. Жастардың сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген «RenZO» тобы да мерекенің маңызын айшықтай түсті.
Меруерт Дүйсенғалиева,
Талғар-ақпарат.