Әкім кубогы «Эвересте»

Әкім кубогы «Эвересте»

Жастар жылына орай өткізілген «Жаңа толқын» жобасының алғашқы шымылдығы   қаламыздағы алты колледж арасындағы Жайдарман ойынымен ашылды. Аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырылған шараға қатысқан командалар қала әкімінің кубогын сарапқа салды.  Жастардың белсенділігін арттырып, шығармашылығын шыңдауға негізделген сайысқа аудан әкімінің орынбасары Серік Кеңесұлы бастаған құрамында аудандық «Талғар» газетінің жауапты хатшысы Меруерт Мәулетханқызы,  «Нұр Отан» партиясының маманы Әсем Елиманова, «Bravvo_kz» вайн-парақшасының жетекшісі Алмат Айтмолдин, жас кәсіпкер Нұрбол Абдил қазылар алқасы төрағалық етіп, әр команданың тапқыр әзілдері  мен ұтымды қалжыңдарын  саралады. «Талғар жастары алға бастайды» тақырыбын арқау еткен  көңілді тапқырлар ойыны үш кезеңнен тұрды. Сәлемдесу кезінде  телеарна, интернет желісіндегі әзілдерді қолдануға тыйым салынса да, ойыншылар ізденуге, еңбектенуге ерінді ме «ұрланған» әзілдерді қолданып шықты. Талғар медициналық колледжінің «Менің сүйікті командам» ойыншылары қаламыздағы тазалық, жол мәселесін қалжың жебесіне қадап, әзілмен ашығын айтып жатты. Сондай-ақ, ТажМК «Эверест» командасының жігіттері де ұтқыр, ұтымды әзілдерімен көрермен қошеметіне бөленді. Бес минут бөлінген сұрақ-жауап кезеңінде әділқазылар мен көрермендер тарапынан қойылған сұраққа әзілмен тапқыр  жауап берген топ аз болды. «Талғарым құтты мекен» атты бейнероликтер байқауы техникалық ақауларға байланысты көрсетілген жоқ. Дегенмен екі кезеңнің нәтижесінен-ақ ақ командалардың аяқ алысы байқалып қалды. Жайдарманшылар жастықтарына қарамай шынайы ойын үлгісін көрсетуге тырысқанымен анайы да дөрекеі қалжыңдардың сахна төріне шығып кетуіне жетекшілерінің де кінәсі бар екені ескертілді. Тақырып аясы ауқымды болса да,  көзге көрініп тұратын жайттарды қалжың найзасына түйреп алдыға тартуға да еш команданың құлқы болмады. Марапаттау сәтінде Серік Дүмчебаев кеткен кемшіліктерді атап, қандай сайыс болмасын атүсті қарамай, тыянақты дайындықпен келулерін ескертті.  Талғардан да жоғары лигаға өтетін талантты жастар бар екенін, тек ізденіс пен еңбек қажеттігін ескертті. Ойын нәтижесінде «Эверест»  командасы  қала әкімінің кубогын жеңіп алды. Ал  «Менің сүйікті командам» екінші  орынды иеленді. Талғар политехникалық колледждің намысын қорғаған «Политех. kz»   үшінші  орында жеңіп алды. «Үздік капитан», «Үздік ойыншы» номинациялары бойынша да үздіктер анықталды.    Педагогикалық колледждің «Нұр жастары», Д.Қонаев атындағы заң колледжінің «Заңгерлер», жекеменшік медициналық колледждің «Медикал» командалары   ұйымдастырушылардың «Алғыс хатын» алды. Жеңімпаз командаларға арнайы кубок пен бағалы сыйлықтар үлестірілді.

Өткен жылғыға қарағанда ілгерілеушілік байқалғандықтан алдағы уақытта КТК ойыншыларының  жұлдызы жанатынына сеніп тарқастық.

Меруерт Бөлек,

Талғар-ақпарат.