ЖАТ АҒЫМ – ЖАТ ДҮНИЕ

ЖАТ АҒЫМ – ЖАТ ДҮНИЕ

Дін хақында аз айтылып, жазылып жүрген жоқ. Дей тұрғанмен, қоғам өмірінде маңызды орын алатын бұл мəселеге жаһандану жағдайы өте мұқият назар аудару қажеттігін де алға тартты. Ұлтымыздың мақтанышы, данышпан Абай: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас…» дегені де келер ұрпаққа көп жайттан хабар бергені ақиқат. Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды діннің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек.

Діни экстремизмге, терроризмге қатысты ғаламдық қауіппен тиімді күресу үшін оның алдын алу жұмыстары елімізде ұдайы жүргізіліп келеді. Халықаралық террористік ұйымдардың бұқаралық ақпарат құралдарында, əсіресе əлеуметтік желілер арқылы өз идеяларын мақсатты түрде насихаттауы – радикалды идеялардың Қазақстанда да таралуының негізгі көзі болып отырғандығы белгілі. Осы жəне басқа да өзекті сұрақтардың елді мекендерде қандай жағдайда екеніне тағы да бір мəрте көңіл аударсақ, төмендегідей нақты социологиялық зерттеулердің нəтижесіне жүгіне аламыз. 2017 жылғы қыркүйек айында Алматы облысының 3 ауданында «Рухани керуен» бағдарламасы аясында əлеуметтік жəне блиц-сауалнамалар жүргізілді. Оған этникалық, əлеуметтік-кəсіби, түрлі жастағы 245 респондент қатысты. Бүгінгі күнде 90 пайыз оқушылар бұл мəселені түсінбейді. Осы орайда адасып деструктивтік ағымға кіріп кетіп жатқан көріністер жиі кездесуде.

Радикалды ағымдарға тез ұрынатын əсіресе, əйел қауымы екен. Əйелдер өте коммуникабельді. Интернет жүйесінде радикалдар барлық жұмысты əйел қауымына жүктейді. Өйткені, олар – ана, жар, əпке, сіңлі, кызы ретінде қоғамның басқа өкілдеріне үлкен ықпал жасай алады. Осы жолға түскен кыздарды олар өз ортасынан тезірек күйеуге беруге тырысады. Мысалы, Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданында бір қызды бес рет күйеуге берген. Жамағат ортасында ол əр күйеуінен төрт балалы болған. Барар жері, басар тауы жоқ болғаннан кейін, Сирияға кеткендердің арасында басым көпшілігі əйелдер. Сараптама бойынша солардың 90%-ы өкініште қалған.

Уағыздаушылар ең бірінші кітап береді, ақыл айтады, өте ұстамды, харизматты көрінеді. Біздің «ұстаздарымыз» өте керемет, бəрін жақсы біледі, басқа ағымдар дұрыс емес, – деп санайды. Содан кейін «сенің деңгейің олардан биік, олардың əрекеттері дұрыс емес», – деп, достарынан, отбасынан, туған-туысқаннан алыстата бастайды. Əрі қарай оқудан, жұмыстан шығуды талап етеді. Секталарға кіретін адамдар олар – жауапкершілігі төмен, біреуге тəуелді, өзін неғұрлым жоғары санайтын, өзінен басқаның бəрінен кінə іздейтін, билікті жақсы көретін, фанатиктер жəне жеке басының пайдасын басқадан жоғары қоятын пенделер. Терактілерге қатысқандардың 84%-ы діні, білімі жоқ адамдар, қалғандарының діни білімі үстіртін, жұмысы мен мекенжайы жоқ, он жеті мен жиырма тоғыздағы жастар.

Осы ретте Мемлекет басшысы өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа тəрбиелеу қажеттігін де баса айтты. Бұл – аса маңызды іс. Өйткені, ұлтжанды азамат өз ұлты мен Отанына, дініне, салт-дəстүріне қиянат жасамайды.

Дін туралы ақпараттарды неғұрлым ерте бастасақ, соғұрлым жастар ақ пен қараны ажырата біледі деген сенімдемін. Сол үшін, ең бірінші қоғамды діни тəрбиеге баулитын мамандарды (теологтарды, ұстаздарды, денсаулық сақтау кызметкерлерін, құқық саласының өкілдерін) үйретуден бастау қажет. Олар дұрыс ағымды түсінген сайын, қоғам деструктивтік ағымдарға қарсы тұра алады.

Еліміздің жарқын болашағы жастардың қолында, сондықтан жастарымызға барынша көңіл бөліп, дұрыс тəлім-тəрбие алуына, дұрыс діни білім алуларына көбірек көңіл бөлуіміз қажет. Сол себепті де, тəлім-тəрбиені ең алдымен отбасыдан, балабақшадан, мектептен жəне оқу орнынан бастағанымыз жөн. Балабақша тəрбиешілері, мектеп мұғалімі балаға сабақ берумен қатар оны ізгілікке баулыса, ата-ана ұлы мен қызының тəрбиесін жіті қадағаласа, дін қызметкерлері көркем уағыздарымен имандылыққа ұйытса, қарияларымыз бен зиялы ағаларымыз тəлімін айтса – бала көргені мен естігеніне амал ететін болады. Жастардың дəстүрлі емес діни ағымдардың шырмауында кетуінің екі негізгі себебін атап көрсетуге болады.

Біріншіден, жалпы қоғамда діни сауатсыздықтың басым болуы.

Екіншіден, жат ағымдардың əлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды материалдық тұрғыдан қамтамасыз етеміз деп қызықтыруы.

Осы жағдайларға байланысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында халықтың əл-ауқатын көтеруге ұсынған 5 əлеуметтік бастамасы – осы кемшіліктерді жоюға мүмкіндік береді. Ертеңге деген сенімі артқан жастарымыз əлеуметтік жағдайы дұрысталса, жат ағымдардың идеологиясының арбауына түспей, өз істерін ашып, діни сауаттылығын арттырып, мемлекетімізді теріс діни ағымдардан сақтап қалуға жəне «Мəңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асыру арқылы өркениетті дамыған 30 елдің қатарына кіруге өз үлестерін қосады.

Найля ҮМБЕТОВА

«Кəусар» білім жəне кеңес беру əлеуметтік орталығы»

қоғамдық бірлестігінің жетекшісі