Кез келген мемлекеттің беріктігі оның заңдары мен құқықтық негізіне тікелей байланысты. Ал сол құқықтық жүйенің өзегін Конституция құрайды. Ол елдегі қоғамдық қатынастардың негізгі бағыттарын айқындап қана қоймай, мемлекет пен азамат арасындағы байланыстың құқықтық шекарасын белгілейді.
Қазақстан Конституциясында адамның қадір-қасиеті, оның құқықтары мен еркіндіктері басты құндылықтардың бірі ретінде қарастырылады. Бұл – әр азаматтың өз өмірін еркін құруына, білім алуына, еңбек етуіне және қоғамның толыққанды мүшесі болуына мүмкіндік беретін маңызды негіз.
Мемлекеттің әлеуметтік бағытта дамуы да Конституциялық қағидалармен сабақтас. Халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау көрсету, білім мен денсаулық сақтау салаларының қолжетімділігін қамтамасыз ету – қоғамның әл-ауқатына әсер ететін негізгі мәселелер. Мұндай міндеттердің жүзеге асуы азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға ықпал етеді.
Алайда құқықтық қоғамның қалыптасуы тек мемлекеттің міндеттерімен шектелмейді. Азаматтың да қоғам алдындағы жауапкершілігі бар. Заңды сақтау, қоғамдық тәртіпті құрметтеу, өзгенің құқығына қол сұқпау – өркениетті қоғамның негізгі талаптары.
Бүгінде бұл мәселе әсіресе ақпарат кеңістігінде анық байқалады. Әлеуметтік желілер адамның пікірін еркін жеткізуіне үлкен мүмкіндік берді. Дегенмен еркін пікір мен жауапсыз әрекеттің ара-жігін ажырата білу маңызды. Кез келген ақпаратты таратпас бұрын оның дұрыстығына көз жеткізу, басқа адамның абыройына нұқсан келтірмеу – құқықтық мәдениеттің көрінісі.
Конституцияның мәні де осында: ол азаматқа тек құқық беріп қана қоймай, сол құқықты жүзеге асырудың жауапкершілігін де түсіндіреді. Қоғамда әр адам өз міндетін адал орындап, өзгелердің еркіндігі мен заңды мүддесін құрметтеген кезде ғана тұрақты орта қалыптасады.
Сондықтан Конституцияны білу – тек заң талаптарын жаттап алу емес. Оның негізгі қағидаларын түсіну, күнделікті өмірде заңға құрметпен қарау және өз әрекетінің қоғамға әсерін бағалай білу – әр азамат үшін маңызды. Құқықтық сауатты қоғам – тұрақты мемлекеттің негізі.
Айтжамал Абдрешова
Аудандық Аналар кеңесінің төрағасы






