Тіл жанашырларының ортақ мақсаты — ұлтқа қызмет ету

Тіл жанашырларының ортақ мақсаты — ұлтқа қызмет ету

Жуырда Талғар ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру  және спорт бөлімінің басшысы Фарида Мамырбекқызы ауданымыздағы тіл жанашырларының басын қосып, өткен жылды қорытындылап, жаңа жылдық жоспарлармен таныстырды.

      Басқосуға ақын, Алматы облысының бас биі Камнұр Тәлімұлы, журналист, «Ділмар» шешендік үйірмесінің жетекшісі Жарқын Сәленұлы, аудандық Тіл-оқыту әдістемелік орталығының меңгерушісі Гүлнар Мамырбаева, тағы басқа тіл жанашырлары қатысты. Өткен жылы ауданымыздың мәдениет, спорт, тіл саласында атқарылған ауқымды істер туралы айтқан Ф. Мамырбекқызы осы саладағы жетістіктерге тоқталды. Сондай-ақ осы мақсатта аянбай еңбек етіп жүрген Тұрар Рысқұлов атындағы №16 мектептің ұстазы Даря Ербулатова, Тұздыбастау ауылдық №31 мектептің ұстазы Әйгерім Досбосынова, Жарқын Сәлен, Алтай Кәдірбаева сынды азаматтарды «Жыл үздігі» сыйлығымен марапаттады. «Ұлтқа қызмет ету – ортақ мақсатымыз» деген бөлім басшысы ана тіліміздің тұғырын биіктету үшін алда атқарылар жұмыстың жауапты әрі тым салмақты екенін жеткізді.

Шараға қатысушылардың айтуынша, дүкендердің маңдайшаларында, көшедегі жарнамаларда қате жазылған сөздер өте көп. Тіпті кейбірінің мүлде қазақша аудармасы жоқ. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін ата Заңымыздың тіл туралы кей баптарына да түзету енгізу керек. Ана тіліміз өз елімізде өгейдің күнін кешпеуі керек деген ойларын білдірді.

Өз кезегінде Жарқын Сәленұлы өзінің авторлық жобасы «Ділмар» шешендік үйірмесі туралы сөз қозғады. «Адамның тіліне аспандағы бұлт үйіріледі» деген ол от ауыз, орақ тілді бабаларымыз бір ауыз сөзбен бар дау-дамайды шешіп отырғанын, сондай-ақ өзі баулып келе жатқан «Ділмар» үйірмесіндегі шешен шәкірттерінің басты мақсаты ұлтқа қызмет ету екенін айтты.

Шара соңында Фарида Бегенбаева осы жылы тілге байланысты өтетін шаралар туралы ой ортақтастырып, жұдырықтай жұмылып жұмыс істеуге шақырды. Әсіресе ұстаздарға үлкен үміт артып, арын сатпайтын, ана тілін сақтайтын азамат тәрбиелеу жолында қанаттарыңыз талмасын деп тілек білдірді. Шараға қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды.                         

                                                                              Зорагүл Әбдіқадір