Халқымыздың ұмыт бола бастаған, ата кәcібін қайта жандандырып, ұрпаққа өнеге ретінде салт-дәстүрлер мен қолөнерді сақтап, кәсібін дөңгелетіп отырған қарапайым еңбек адамдары Талғар ауданында жетерлік.
Өмірбек Қуанышбекұлы 2019 жылы «Атамекен бизнес бастау» арқылы 6 пайыз өсіммен 6 миллион теңге алып, алғашқы кәсібін ашты. Нақтырақ айтқанда ағаштан астау, кесе жасауды бастады. Өмір бойы экономист-бухгалтер болып келген ол ата кәсіпті қолға алуға осы өнерге деген қызығушылығым себеп болды дейді. Талғар қаласында өзінің жеке цехын ашып, 5 жыл бойы дамылсыз жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкер мемлекеттен қолдауға берілген қаржыны қайтарып үлгеріпті. «Жүргенге жөргем ілеседі, жатқанға жан жуымайды» деген іскер жан жұмысын бастаған кез пандемияға тура келсе де аяққа тұратынына сенімді болыпты. Әр пендесін ырыздығымен жаратады деген ол кәсіп бастау үшін батылдық пен табандылық болса жеткілікті дейді. Сол табандылығы мен талпынысының арқасында сапасы жоғары, халықтың қалтасы көтере алатын дүниелер жасап, өз тұтынушыларын риза етуде.
Зейнет жасына жақындағанда тәуекел етіп, кәсіп бастаған іскер азаматтың жұмысын өз көзімізбен көріп қайттық. Ол Талғар қаласы Рысқұлов көшесінің бойынан аядай жерді жалға алып, цех ашып, ұлттық бұйым саналатын астаудың және тостақтардың түр-түрін жасайды. Ағаштан түйін түйетін шебер бұл жұмысты қолға алғалы бері өсімдік әлемін зерттей бастапты. Ағаштың кез келген түрі астау жасауға жарамды бола бермейді деген Өмірбек: «Ағаштар қылқан жапырақты, ине жапырақты болып екі түрге бөлінеді. Ине жапырақ ағаштардың шайыры көп және бос болып келеді. Сол себепті бұл ағаштардан үй жиһаздарын немесе ыдыс-аяқ жасауға болмайды. Ал қылқан жапырақты ағаштар ыдыс жасауға таптырмас шикізат. Емен, тал, грек жаңғағының ағашы, қарағаш, қайың, терек сынды ағаштарды көп пайдаланамын. Әсіресе қарағаш өте қатты болғандықтан пайдалануға аса қолайлы. Мейлі қандай түзу ағаш болса да оны кесіп, желіммен жабыстырып құрастырған дұрыс. Сонда ғана пішіні өзгермейді. Ыстық ас салынатын ыдысты сәндеу үшін қолданылатын лактың түріне де қатты мән берген абзал. Ыдыстың жиегі мен сыртын ғана сырлау керек. Ал ортасын қатты қыздырылған күнбағыстың майымен күйдіріп жылтыратамыз. Шикізатты әртүрлі бағамен алғанымызбен жасалған астаулардың бағасында қатты айырмашылық жоқ. Мысалы, емен ағашының бір кубы 350 мың теңге болғандықтан аз қолданамыз. Ал грек жаңғағының ағашынан йод бөлінетіндіктен денсаулыққа аса пайдалы деп адамдар көптеп сатып алады. Бастысы баға қолжетімді болу керек. Астауларға 8 -12 мың аралығында баға қойылған. Бағаның мұндай парықты болуына оның шикізаты емес, көлемі ықпал етеді. Ал астауларға салынған өрнектердің де өзіндік мәні бар. Қошқар мүйіз өрнегі мал-жаның көп болсын, дәулетің тасысын дегенді білдірсе, енді бірі отбасының береке-бірлігі ортаймасын, ағайын тату болсын дегенді білдіреді», – дейді Өмірбек Қуанышбекұлы.
Кәсіпкердің айтуынша, бір астау станоктан бір жарым сағатта шығады. Алғашқы формасы дайын болған астауды өңдеу үшін үш сағатқа жуық уақыт кетеді. Тапсырыс көбейген кезде қосымша жұмыс күші керек болады. Сондай-ақ бір үйлі жан ортақ ыдыстан ас ішсе, береке-бірлігі артып, араларындағы тоң жібіп, аса жылы қарым- қатынас орнайды екен. Көп адамның ортақ асы салынатын астаудың дәл осында қасиеті бар. Дөңгеленген киіз үйде ортаға қойылған ыдыстан ас ішкен ата-бабаларымыздың өмір сүрген кезінде қарттар үйі, балалар үйінің болмауы сол бірлік пен татулықтың арқасы дейді шебер. Басында сатып алушы адам таба алмай абдыраған кезіміз болған деген Өмірбектің әлеуметтік желілерде жарнама жасап, табыс көзін арттыруға мүмкіндігі болмапты. Таныс-білістер арқылы таралған астаулар бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізіледі.
Ата кәсіпті үйретіп, ағаш шебері атануына ықпал еткен ұстазы Тоғайбай Нұрмұратұлы кейіпкерімізге кем дегенде үш шәкірт тәрбиелеуің керек деп міндеттеген екен. Себебі ата-бабамыздан қалған асыл өнерді өзімізді жетік білмеуіміз ұят деп кеңес беріпті. Сөзінің жаны бар, Қытай сынды мемлекеттерден арзанқол ағаш ыдыстар нарықты жаулап тұрғаны шындық. «Ұстаздан шәкірт озыпты» дегендей Өмірбек Қуанышұлы өзінен тәлім алған азаматтардың астау ғана емес, үй жиһаздарын, киіз үйдің қаңқасын жасап, қомақты табыс тауып отырғанын мақтана әңгімеледі. Отбасында бір қыз, екі ұл тәрбиелеген асқар тау әке балаларының да аса еңбекқор екенін айтады. Студент атанған кішкентай ұлы өзінің қолқанаты екен. Алайда, әр істің қиындығы болады деген шебер ағаш кесетін құрылғыны іске қосқанда аса мұқият болмаса, өте қауіпті дейді. Жаңадан келген үйренушілерді мұндай қауіпті іске жұмсай алмаймын деп отыр. «Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» демекші, айына 150 астауға дейін сататын шебердің тәжірибесі де молайып, табысы да артқан. Шебердің айтуынша, қарапайым болып көрінетін ағаш ыдыстардың экологиялық тазалық, емдік, азық-түлікті сақтау, жоғары сапа, жақсы үйлесімділік сынды ерекше қасиеттері бар. Базарда жалт-жұлт еткен түрлі ыдыстардың бояуларынан қауіпті химиялық зат табылатыны жиі айтылып жүр. Қарттар түгілі жастардың да дауасы жоқ ауруға душар болып жатуының бір себебі сол болар. Ал ағаш ыдыстан ас ішкен ата-бабаларымыздың жаны таза, дені сау болғаны белгілі. Мұндай өнер тек табыс көзі ғана емес, тәрбиенің бастауы, денсаулық кепілі десек артық болмас. Өмірбек Қуанышұлының бастаған ісіне сәттілік, қолына қуат берсін деген тілегіміз бар.
Зорагүл Әбдіқадір