Республика күні мен тұспа-тұс келген Кітапханашылар күні қарсаңында Талғар ауданы Кеңдала ауылында кітапхана ашылды. Аудандық кітапхана мен жергілікті ақсақалдар мұрындық болған іс-шараға ауыл тұрғындары, аудан әкімдігінің өкілдері, жазушылар мен ақындар,журналистер қатысты. Аталған жиынды ауданның ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева құттықтау сөзбен ашып, аталған игі істің маңыздылығына тоқталды.
«Үлкен әдеби қор, рухани байлық жинақталған кітапхана қай заманда да білім қоймасы саналған. Қазір де кітапты қолыңмен ұстау, сүйсіне оқу – ғаламтордан оқығаннан анағұрлым жақсы және маңызды. Мынадай интернет технология дамыған заманда да адамдар кітапханаларға барып, өздері таңдаған шығармаларды тікелей кітаптан оқиды және өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі болады деп сенемін», – деді Ф.Бегенбаева.
Жиналған жұртты Кеңдала ауылдық округінің әкімі Алмас Өмірзақов та құттықтап, бұл білім қоймасының ашылуына кеңседен арнайы бөлме бөліп берген атқарушы билік те өзіндік үлес қосқанын айтты. Кітапхананың қызыл лентасын Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ақын Бексұлтан Көлбаев пен Аналар кеңесінің төрайымы Күләйхан Ақбұйымова кесіп, ақ жаулықты әжелеріміз шашу шашты. Жиналған қауым жаңа кітапхананың ішін аралап, аудандық кітапхананың қорынан сыйға тартылған және осы өңірде туған жергілікті ақын-жазушылар – Тұрсынбек Жалғасбаев пен Кәмнұр Тәліпұлының шығармашылық еңбектерімен танысты. Сондай-ақ, жаңа кітапхана төрінде биыл 175 жылдығы тойланатын Шәкәрім Құдайбердіұлының, жуырда ғана 100 жылдығы атап өтілген Кемел Тоқаевтың, Бақтыбай ақын, Төлен Әбдік, Дүйсен Шоқановтың кітаптары да орын алған. Шара барысында журналист Жексен Алпартегінің «Ғасыр-Таразы» кітабының тұсауы кесіліп, игі істің соңы ауыл өнерпаздарының концертіне ұласты.
Елімізде 10976 кітапхана бар. Онда 19 476 кітапханашы жұмыс істейді. Кітапхана – адамның рухани байлығын көтеретін, ой-өрісін кеңейтетін орын. Интернет заманына дейін мектептегі балалардан бастап кітапханаға барып,ертегі, әңгіме, классикалық жазбаларды алып, үйде оқып,өткізетін. Кітапханашылар кітапті сол күйінде таза, жыртылмай өткізілуін қадағалап отыратын.Оның да балалар үшін тәрбиелік маңызы бар еді: ол балаларды тазалық пен тәртіптілікке, ұқыптылыққа, өзгенің затына аса жауапкершілікпен қарауға үйрететін.Студенттер үшін кітапхана таптырмас қазына болатын. Ғылыми жұмыстар, лекция, семинар, емтихандарға дайындалу үшін қосымша материалдарды осы кітапханалардан тауып, жазатын. Қазір заманның талабына сай барлық кітаптар, мақалалар цифрландырылып, электронды каталогқа енгізіліп жатыр.
Кітапхана – сапалы білімнің сенімді кепілі. Кітап – біздің рухани құндылығымыз, теңдесіз байлығымыз. Өткен замандардың туының тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым кереметтерін де осы кітапханадан табамыз. Талай оқиғалардың куәсі, талай жаңалықтың көзі — осы кітаптар. Рухани білім мен мәдениеттің ауадай қажеттілігі, маңыздылығы ешқашан мәнін жойған емес. Адам баласы сол байлықтың көзін «кітап» деген құдіреттен тапты. Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы негізгі алтын көпір.
Сәуле Құрмантаева