«AMANAT» партиясы Талғар аудандық филиалының 14 бастауыш партия ұйымында 6328 партия мүшесі бар, партиялық топтар саны – 109. Партияның басты мақсаты – әрқашан халықтың игілігі жолында жұмыс атқару. Жыл басталғалы бүгінгі күнге дейін аудандық партия филиалы ауқымды жұмыстар атқарып, тұрғындардың талап-тілектерін басты назарда ұстап келеді. Жағдайды кеңірек білу мақсатында «AMANAT» партиясы Талғар аудандық филиалының төрағасы Серік Думчибаевпен сұхбаттасқан едік.
– Серік Кеңесұлы, Партиялық жобалар аясында ауданымызда қандай ауқымды істер атқарылып жатыр?
– «AMANAT» партиясы Талғар аудандық филиалы халық пен мемлекеттік билік арасында алтын көпір ретінде бүгінгі күннің талабына сай өз жұмысын жалғастыруда. «AMANAT» партиясының жобалары аясында ағымдағы жылдың 9 айында 239 іс-шара ұйымдастырылып, жұмыстар атқарылды.
«Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында аудан бойынша 51 шара өткізілді.Оның барысында «Талғар», «Гүлдала», «Алатау», бастауыш партия ұйымдарының ұйымдастыруымен ауданымыздың аға буын өкілдеріне азық-түлік себеттерімен, аула тазалығы, үйлерінің жөндеу жұмыстары мен терезелерін жылыту жұмыстарына көмек көрсетілді. Сонымен қатар қарттарымызға 3 тоннадан көмір берілді. «Гүлдала» БПҰ-ның ұйымдастыруымен осы ауылдың тұрғыны, қарт анамыз З.Садырбекованың өртеніп кеткен үйінің қалдықтары мен қоқыстарын шығарып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп берді. Сондай- ақ аудандық партия филиалы 150 қарияға қарттар күні мерекесіне орай дастархан жайып, сый-сияпаттарын тарту етті. «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында 85 іс-шара ұйымдастырылып, «Денсаулық», «Нұра», «Қайнар», «Алатау» бастауыш партия ұйымдарының мүшелері аз қамтылған, көпбалалы отбасыларына азық-түлік себеттерімен көмек көрсетілді. Сонымен қатар «Мектепке баланы даярлайық» акциясы аясында демеушілер көмегімен 19 млн.475 мың теңгеге 1500 аса оқушыны мектепке керекті құралдармен, мектеп формасымен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ көпбалалы, жалғыз басты ананың үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 39 іс-шара өткізіліп, «Гүлдала», «Талғар», «Бесағаш» бастауыш партия ұйымдары мүмкіндігі шектеулі азаматтарды азық-түлік себеттерімен, мүгедек арбаларымен қамтамасыз етті. Атап айтқанда аудандық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне 15 жасар мүмкіндігі шектеулі Бауыржан баламызға апасы арнайы арба алып беруді өтінген болатын, осы өтінішті ескере отырып Бауыржанға мүгедек жандарға арналған жаңа технологиядағы арба алынып берілді. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардық қоғамдық ортада жүріп, тұруына қолайлы болу үшін апта сайын ауданымыздың бірқатар мекемелерінде пандустарға мониторинг жұмыстары жүргізіледі. «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында 26 іс-шара өткізіліп, «Кеңдала», «Панфилов», «Алатау» бастауыш партия ұйымдары жасөспірімдер арасында асық ату, тоғызқұмалақ ойындарын ұйымдастырды. Қарызсыз қоғам партиялық оқу жобасы бойынша Талғар ауданының жұмысы жоспарға сәйкес өткізілуде, мамыр айынан бастап 1000-нан аса адам оқуды тәмамдап, сертифиаттарын алды.Оқу қазіргі таңда да жалғасын табуда.
– Ауыл тұрғындарының шешілмей жатқан проблемалары шаш етектен десек болады.Қоғамдық қабылдауда сіздерге көбіне тұрғындар қандай мәселелермен келеді?
– Қоғамдық қабылдау жұмыстары бойынша аудан әкімінің, облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының, аудан прокурорының, ішкі істер бөлімі басшысының және барлық мекеме басшыларының қабылдаулары кестеге сәйкес тұрақты өткізіліп тұрады. Қабылдау барысында тұрғындардың өтініштері қарастырылып, заң аясында кеңестер беріліп, оңтайлы шешуге жұмыстар атқарылды. Бекітілген кестеден бөлек қоғамдық қабылдау бөлмесінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, көші-қон қызметі бөлімдерінің қабылдаулары жиі өтіп отырады.Тұрғындарды көбіне үй мәселесі толғандырады, жылдап үй кезегінде тұрғандар кезектің жылжымай, кешеуілдеп жатқанын айтып, көмек сұрайды. Су, газ жетіспеушілігіне байланысты наразылықтарын жеткізеді. Жағдайы төмен адамдар газ тартуға шамалары жетпейтінін айтып, шағымданады. Оларға қолдан келгенше көмек беруге тырысып жатырмыз. Қыстың көзі қырауда демекші,күн суытқалы тұрғындар отынға тапшы болып жатыр. Шамамыз келгенше бірнеше отбасына көмір түсіріп бердік.30 отбасының 8-іне 3 тоннадан, қалғанына 1 тоннадан көмір үлестірдік.Демеушілер болмай қалған кезде өз қалтамыздан бір отбасына көмір түсіріп берген кезімізде болды.
– Қоғамдық орындарда бақылау қалай жүріп жатыр?
– Қазіргі уақытта ауданда 3 мекеме күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Белбұлақ ауылында №12мектеп, Нұрада №10 мектеп және Панфилов ауылындағы №4 балабақшанының құрылыс жұмыстарын жіті бақылаудамыз. Нысандар құрылысының белгіленген мерзімде аяқталуына және құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуына, сондай-ақ әлеуметтік маңызды мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы мен бюджет қаражаттарының мақсатты жұмсалуын назарда ұстап отырамыз.
Көзімізбен көріп, қордаланған проблемалар болса тиісті органдарға хабарласып, шешіп беруге күшімізді салудамыз. Дүкендердегі азық-түлік, бензин бағасына мониторинг жүргізіп, бағаның өсіп кетпеуін қадағалаймыз. Халық ең көп тұтынатын қант, күріш, ұн, нан бағаларын қадағалап, негізгі тағамдарға бағаның белгілі пайыздан асырмау керектігі жөнінде ұсыныстар айтылды. Әр округтегі депуттаттар да құр қарап жатпай, мекемелерге шығып, газ,су құбырларын тарту, жол жөндеу, абаттандыру жұмыстарының барысын қадағалап отырады. Қолымыздан келгенше қайырымдылық шараларын да жиі өткізіп тұрамыз. Бір жылдан асты, жұма сайын аз қамтылған, көпбалалы отбасыларына арнап киім-кешек таратамыз.Бүгін тағы бір қормен келісімге отырдық. Бейсенбі күні 70 қап балаларға арналған жылы киім-кешек жеткізіледі. Бұл қайырымдылық акциясы әр жұма сайын жүргізіліп тұрады. Біздің мақсатымыз – халықпен тығыз жұмыс жасау. Партиямызды алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Жаңа жобалар, тың бастамалар халық игілігіне жарауы үшін белсенді жұмыстар жалғасын табуы тиіс. Ауданымыздың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, жаңа бастамаларды жүзеге асыруға атсалысу әрбір елім деген азаматтың парызы деп білемін.
– Сұхбатыңызға рахмет! Игі істеріңіз бен еңбектеріңізге сәттілік тілеймін!
Сәуле Құрмантаева