«Ел іші – өнер кеніші» дейді халқымыз. Яғни, халқымыз аман тұрғанда өнер кеніші сарқылмасы аян. Атадан балаға беріліп, жыл өткен сайын дамып, өркендеп, жаңарып, жасара береді. Біз бұған орталығы Талғар қаласында орналасқан «ART PRODUCTION» аталатын өнер мектебіне барғанда куә бола түстік. Бір жылдан асар-аспас уақыт ішінде бірнеше бөлімше ашып үлгерген өнер мектебінің бас директоры Гүлжан Нұрбекқызы Тусибиянова өзі және өнер мектебі жайында ақтарыла сыр тарқатты.
– Гүлжан ханым, өнер мектебінің тасын өрге домалатып келе жатқаныңызға қарағанда, өнер ордасында қайнап жетілген жан екеніңіз көзге ұрып тұр…
– Негізі мен Талғар аудандық мәдениет үйінде балетмейстермін. Сонымен қатар, қосымша өз кәсібімді ашып, жиырма жылдан бері балаларды өнерге баулитын мектеп ашып, оларды тәрбиелеп, өсіріп келе жатырмын. Әрине, өнер ордасында қайнап жетілмесем, мұндай тірлікті қолға алуға жүрегім дауаламасы, алға бастыруға шамам жетпесі де анық қой.
– Мектепті жеке кәсібіңіз ретінде ашқан болсаңыз, онда ақылы өнер мектебі болар шамасы?
– Басында ақылы үйірме секілді етіп ашқан болатынмын. Кейінірек балаларды әртүрлі өнерге баулитын үйірмелер мен мектептерді мемлекеттік қолдау бағдарламасы жасалды. Өнер мектебімнің тиісті құжаттарын, жоспарларын өткізіп, осы бағдарламаға қатысқанымызға бір жылдан енді асты. Негізінен балалардың 95 пайызы тегін оқытылады. 5 пайыздайы уақытында тіркеліп үлгермей қалған балалар. Бір жағынан олар кезекке қойылады. Кезегі келген шақта тегін оқытылатын болады. Мемлекеттік бағдарлама аясына іліккендіктен қанатымызды кеңге жайып, жан-жақтан бөлімшелерімізді ашып жатырмыз.
– Сонда қазірде қанша бөлімшеңіз бар?
– Қазіргі таңда еліміз бойынша алғанда он бестей мектеп бар. Басында үйірмеміз «Ару би» ансамблі аталатын. Қазіргі тегін оқытылып жатқан мектебіміз «ART PRODUCTION» орталықтары деп аталады. Оның ішінде 21 үйірме, 3 спорттық секция түрі бар.Мұндағы ең маңыздысы – хореография. Хореографияда ұлттық, заманауи, классикалық билер секілді бірнеше түрі үйретіледі. Бұдан да бөлек вокал, домбыра, сурет салу үйірмелері мен ағашпен жұмыс жасау, яғни қолөнердің барлық түрі – көрпе, кілем тоқу секілді үйірмелер бар. Жалпы айтқанда, ұлттық өнерді жаңғыртуға арналып, барлық жиынтығы үйретіледі десе де болады. Мұндай өнерлерді балаларға үйрету үшін арнайы мамандар таңдалып алынған. Атап айтар болсақ, сурет салудан Қазақстан бойынша мықты ұстаз Марат Ескендірұлын, қолөнерден Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Серхан Мәдіғалиев секілді ағамыз бар. Негізінен Серхан ағамыз қолөнерден, зергерлік бұйымдарды жасаудан ер балаларға сабақ береді.
– Сонда өзіңіз қай өнер түрінен білім алдыңыз?
– Мен өзім Семей облысына қарасты Тарбағатай ауданындағы Толы ауылында туғанмын. Атам мектеп директоры, әжем мен анам дәрігер болып қызмет етті. Сол жақта 4-сыныпқа дейін оқып, кейін Алматыға қоныс аудардық. Мектепті осында бітірдім. Жастайымнан өнерге, оның ішінде биге жақын болдым. Солай бола тұра алғашқы жоғары оқу орны ҚазАТК-ға түстім. Одан кейін бухгалтерлік курсты да тәмамдап алдым. Алайда алған мамандықтарымнан көңілім толықтай жай таппады. Жастайымнан биге деген құмарлық мені өнер жолына жетелей берді. Сол арманның жетегімен Халықаралық би академиясына оқуға түсіп, хореография факультетін бітірдім.
– Оқушыларыңыздың өнерін сыртқа қалай жаясыздар?
– Шындығында, шығармашылық адамдары өнерін жұртқа көрсетумен танылады. Балаларды аудандық, облыстық іс-шараларға үзбей қатыстырып отырамыз. Ковид ауруы тарамастан бұрын балаларым Болгария, Грузия, Қырғызстан, Түркия секілді бірнеше мемлекеттерге барып, өз өнерлері арқасында жүлделі орындарға да ие болып келген болатын. Алдағы уақытта да өнерлі өрендеріміз көпшілікке танылып, биік белестерді бағындыра береріне сенімдімін.
– Кәсібіңіз басында шағын үйірмеден басталған екен ғой…
– Алғашында шағын хореография үйірмесі болатын. Тек қана би өнерін үйретумен айналысатынбыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «ART SPORT» атты мемлекеттік қолдау бағдарламасы шыққаннан кейін осы бағдарлама аясына кіріп, қанатымызды кеңге жаюға мүмкіндік туды. Қай бала қай өнерге жақын, нені қалайды, барлық мүмкіндікті қамтуға тырыстық. Қазіргі кезде нақтырақ айтсақ, шығармашылық жағынан 59, спорттық жағынан 60-тай түрі бар. Бұл жаңа бағдарлама болғандықтан біршама қиыншылықтарды бастан өткеруге тура келді. Әрине, бұл бағдарлама жоқ кезде де жұмысымызды жасағанбыз. Әйтсе де осы бағдарлама көптеген ата-аналарға, өнерді қуған балаларға үлкен мүмкіншілік сыйлады. Өйткені көп ата-ана балалары мықты болып тұрса да жағдайы жоқтықтан шыңға шығаруға шамалары жетпей келді. Бағдарламаның артықшылығы – таланттарды ашуға мемлекеттік қолдау жасауды қолға алып отырғандығында. Сол себепті де біз осы бағдарлама аясында өте үлкен деңгейде жұмыс атқарудамыз. Талғар ауданы бойынша 7 мектебіміз бар. Олардың үшеуі Талғар қаласында, Кеңдала, Белбұлақ, Жаңалық ауылдарында ашылған. Алдағы уақыттарда да мұнымен тоқтап қалмай, ауылдық жерлерде көбірек аша түссек деген ниетіміз бар. Өйткені ауыл балалары өнерге ынталы, жігерлі, талпынысы мол болып келеді. Астана, Өскемен, Екібастұз қалаларында да мектептеріміз жұмыс жасау үстінде.
– Мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында жұмыс істеп жатырмыз деп отырсыз. Сонда сіздерді мемлекет толықтай қаржыландырып отыра ма?
– Мемлекеттік бағдарлама болғандықтан, қаржы көзі де мемлекет тарапынан беріледі. Яғни әр бала санына орай қажетті қаржы бөлініп отырады. Бағдарламаның құндылығы да осында. Елді, халықты қолдайтын осындай бағдарламалар орта жолда тоқтап қалмай, алдағы уақыттарда да қанатын кеңге жая береді деп сенемін.
– Уақытында үлгере алмай қалған балаларға ақылы болады деп отырсыз. Олардың төлемақысы қандай?
– Қазіргі кездегі нарықтық заман талабына сай, мысалы, би үйірмелері Талғар ауданында 8 мыңнан басталып, 15 мың теңгеге дейін жетеді. Ал біз болсақ, оларды бағытына байланысты 5 мың мен 7 мың аралығында оқытамыз. Сонымен қатар олар тегін оқуға кезекте тұрады. Бізді негізінен Алматы облысы қаржыландырады. Сол себепті олардың жоспарында жыл сайын 20 – 25 пайызды жаңадан қабылдап отыру жолға қойылған. Соған байланысты кезекте тұрған оқушылар кезектері келгенде тегін бөлімге ауысып жатады. Ең маңыздысы – осы бағдарламаны жоғалтып алмау.
– Жалпы алғанда қазіргі кезде қанша оқушыларыңыз бар?
– Талғар ауданы бойынша қазіргі кезде 2000 бала оқып жатыр. Еңбекшіқазақ ауданындағы мектептерімізде 1700-дей бала оқиды. Екібастұзда 400-дей, Астанада 100 шақты бала өнер үйренуде. Өскемен қаласында мектепті аштық, бірақ уақытша қаржы аударылмауына байланысты әзірге балалар қабылданған жоқ.
– Осыншама баланы оқытып жатқан қанша мамандарыңыз бар?
– Қазіргі таңда 180 маманымыз бар. Олар әртүрлі салада сабақ береді. Суреттен 3, қолөнерден 2 мұғалім бар. Хореографиядан ұстаздарымыз Алматы қаласынан келеді. Одан да бөлек бір кездері өзімнен сабақ алған қыздар бұл күндері Жүргенов атындағы оқу орнын, цирк-эстрадалық колледжді бітіріп келіп, осы мектептерде сабақ беруді жалғастыруда. Сонымен қатар өте мықты домбырашы ұстаздарымыз бар.
– О бастағы үйірмеңізді нақты қай жерде бастадыңыз?
– Алғашында Белбұлақ ауылында ашып, сол ауылда бастадым. Сол кездегі мектеп кеңес уақытынан қалған кішкентай мектеп болатын. Сол мектептің спортзалында үйреттім. Ол кездері мен студент болатынмын. Сол уақыттағы баға бойынша адам басына 1000 теңге еді. Кейінірек Талғар ауданының Оқушылар үйі жұмысқа шақырды. Осында жүрген шағымда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Фарида Мамырбекқызы жұмысымды бағалап, аудандық мәдениет үйіне қызметке алды. Мұнда қызмет етіп келе жатқаныма сегіз жылдың көлемі болып қалды. Қайда жұмыс істесем де үйірмелерімді тоқтатқан емеспін. Бірте-бірте өсіп, өркендеп, бүгінгідей халге жеткен түрім бар.
– Өзіңіздің басты арманыңыз қандай еді?
– Армансыз адам болмайды ғой. Кейде қаржыдан қысылып, балаларын өнер үйірмелеріне жібере алмай жүрген жандарды көргенімде, шіркін, тегін оқытатын сондай бір үйірме ашсам екен деп армандайтынмын. Мен осы арманыма бүгінде жетіп отырмын. Талғардың орталығынан жер алған болатынмын. Сол жерге заманауи үлкен мектеп ғимаратын салсам деген жоспарым бар. Ғимаратты жалға алу да біршама шығынға соқтырады. Өз ғимаратыңның болуы өз алдына ғой. Мұның өзі тегін оқитын балалардың саны артуына септігін тигізері ақиқат. Біздің Талғар ауданында балаларды жан-жақты барлық салада қамти оқыта алатын орталық осы уақытқа дейін болмаған. Әрине, жекелей оқытатын үйірмелер бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Сол олқылықтың орнын толтыратын біздің өнер мектебі болады. Болашақта бүткіл ел-жұрт мақтан тұтатын талай-талай тарланбоздардың біздің шаңырағымыздан түлеп ұшарына сенімдімін. Мендегі басты мақсат – шалқыған бай болу емес, қолымнан келгенше ел жағдайын ойлай отырып, игі істерді артымда қалдыру. Болашақта салынатын зәулім ғимаратты мектебімізде оқитын өнерлі балалардың молаюына үлес қосу.
– Отбасыңыз жөнінде қандай ақпарат бере аласыз?
– Осы жұмысымды алға сүйреуде арқасүйерім болып жүрген жарым Раджан. Екеуміздің арамызда Бекжан, Оразали деген екі ұлым, Ая атты бес жасар қызымыз бар. Үлкен ұлым СХТ-да оқиды. Екінші ұлым 9-сыныпқа өткен. Кіші қызымызды биыл мектепке бергелі отырмыз. Әке-шешем Белбұлақ ауылында тұрады.
– Ұл-қыздарыңыздың ішінде өзіңіздің жолыңызды қуып, өнерге жақын болып жүргендері бар ма?
– Ұлдарым, көбіне, әкесіне жақын болды. Әкесі тіс технигі. Сонымен қатар, зергерлік өнерге жақын. Неше түрлі бұйымдар жасайды. Оның осы өнері балаларыма берілген. Ал қызымыз болса, әлі кішкентай. Әйтсе де қылықтарына қарап, өзімді көргендей боламын. Менің жолымды сол қуатын шығар деп үміттенемін.
– Үміттеріңіз алдамасын, арман-мақсаттарыңыз орындала берсін дегіміз келеді, Гүлжан ханым!
Сұхбаттасқан
Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ