Он екі жыл Талғар қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Серік Кеңесұлы Думчибаев «Amanat» партиясының аудандық филиалының төрағасы болып бекітілді. Мемлекеттік қызметте он алты жыл істеп, мол тәжірибе жинақтаған азаматты жаңа қызметімен құттықтай барып, аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті.
– Серік Кеңесұлы, әріптестеріңіз өзіңізге сенім артып, аудандық «Amanat» партиясының төрағалығын жөн көріпті. Жаңа қызметіңіз құтты болсын!
Шын көңілден құттықтап жатқаныңызға рақмет! Жаңа қызметте де көпшілік көңілінен шығар жұмыстар атқарамыз деген ниеттемін.
Өзіңіз он жылдан астам уақыт Талғар қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқардыңыз. Соншама уақыт арасында «осыны дұрыс жасадым-ау» деп көңіліңізге медеу тұтар істеріңіз жөнінде не айта аласыз?
– Қалалық әкімшілікке 2007 жылдан бастап келдім. 2011 жылдан осы уақытқа дейін әкімнің орынбасары болып қызмет атқардым. Орынбасарлық қызметте отырғаныма да 12 жылдың көлемі болып қалды. Әрине, аз уақыт емес. Іс тындырамын деген адамға жетерлік уақыт. 2007 жыл мен қазіргі уақыттағы қаланы салыстыра қарасақ, көп жұмыстардың атқарылғанын байқау қиынға соқпайды. 2007 жылдары қала көшелерінің қары техниканың жоқтығынан тазаланбай да жататын еді. Жұмысшы күші де жетіспейтін. Қазірде ол заман артта қалды. Жаз күндерінің өзінде көше тазалығына аса мән беріледі. Техникалар да жеткілікті. 3 – 4 жылдың көлемінде қаламызға газ жүргізілді. Ертеректегі орталықтандырылған жылыту жүйесі күйреп қалған болатын. Оны өздеріңіз де білесіздер. Газ келгеннен бері жылыту жүйелері қайта іске қосылды. Қазіргі кезде тұрғындардың 80 пайыздан астамы газбен жылыту жүйесін пайдаланып отыр. Қалған бөлігін газбен қамту істері жалғасуда. «Не тындырылды?» деген сауал қойылғанда, ең бірінші, қуана айтарым осы мәселе.
– Он екі жыл дегеніңіз де аз уақыт емес. Алайда осы уақыт аралығында «мына жұмыстарды бітіріп кете алмадым-ау» дейтіндей өкініш көңіліңізде қалмады ма?
– Тіршілік болған соң барлығын бірдей бітіріп тастау мүмкін емес. Талғар қаласында әлі де атқаруға тиіс жұмыстар толып жатыр. Мәселелердің бірі – қаладағы көліктердің көптігіне байланысты туындап жататын кептелістер. Таңертеңгілік, кешке қарай Алматының көшелері секілді машиналар кептелісте иін тіресіп тұрады. Сол кептелістерді жою мақсатымен Талғар өзенінің үстіне бір-екі жерден көпір салып, тығынды жерлерді ашу арман еді. Бұдан да бөлек қаладағы су жүйелері сын көтере бермейді. 80 пайызы тозған деп айтуға да болады. Осы құбырлар ауысса, қосымша резервуарлар салынса деген де ойларымыз болған. Енді, міне, төменгі жақтағы Еңбекші ауылы арқылы Талғарға су құбырын тартамыз деп жатыр. Халыққа да ең керегі жылу, су ғой. Көше автобустарының жүруі қазіргі кезде сиреп қалды. Бұл мәселені де шешу қарастырылып жатыр. Ең бастысы, халыққа жағдай жасау. Жағдайы жақсы халықтың көңілі де тоқ болады.
– Секе, мынау жаңа қызметке де орналасып жатырсыз. Бұл жерде жұмысты неден бастамақсыз?
– Қазіргі кезде «Amanat» партиясы төрт бағдарлама бойынша жұмыс істеуді алдарына мақсат етіп қойған. Ең бірінші мәселе – мектептерде оқитын жағдайы нашар балаларға, көпбалалы аналарға, мектептерге болысу, көмек қолын созу. Партия мүшелерінің санын көбейту, елге көрсететін қызметтері арқылы беделін арттыру. Өйткені «партия не жасар екен» деп жан-жақтан қарап отырған көздер де көп. Сол себепті де тынбай жұмыс жасайтын боламыз.
– Қала мен аудан әкімшілігіне елдің жағдайын жақсарту мен қала көркін көркейту тұрғысында партия атынан қандай ұсыныс, пікір айтар едіңіз?
– Аудан, қала әкімшілігі, ең алдымен, халық жағдайына көңіл бөлуі қажет. Мысалы, үй мәселесі әлі күнге дейін күрделі болып отыр. Осыған орай тұрғын үй салуға молырақ күш салу қажет. Қаламыз көлемі жағынан да, көркі жағынан да еш жерден кем емес. Табиғаты өте әсем жерде орналасқан. Алайда осындай көрікті қаламызда тұрғындарымыз дем алатын саябақ, демалыс орындары жоқ. Саябақ салу бір кездері басталды да, оны бітіруге қаржы бөлінбей жатуына байланысты аяқталмай тұр. Осы істі бітірсе екен деген ұсыныс айтар едім. Үйінде суы бар, жылуы бар, газы бар, жағдайы жақсарған елге демалыс орындары мен саябақ та керек. Жастарымыз барар жері болмауы себепті әртүрлі бұзақылықтарға ұрынып жатады. Еліміздің болашағы жарқын болуы үшін жастарымызға жағдайды аямауға міндеттіміз.
– Уақыт бөліп, сұхбат беруге келіскеніңізге рақмет, Секе. Жаңа қызметте де жарқын болашақты жасауға шаршамай ат салысады деп сенеміз!
Сұхбаттасқан
Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ