«Мемлекет басқару өнері – өнер атаулының төресі»

«Мемлекет басқару өнері – өнер атаулының төресі»
Еліміз Тәуелсіздік алған 30 жылдан бері көші-қон мәселесінің оңды жолға қойылуына байланысты тағдыр тәлкегімен шетелге шашырап кеткен қандастарымызды тарихи Отанына оралтуға байланысты үдерісті саясат жүзеге асырылды. Бүгінде елге оралған қандастарымыз Қазақстан халқының шамамен 10 пайызын құрап отыр. Бұл көрсеткіш әрине еліміздің қазіргі таңдағы күрделі демографиялық ахуалына да оң әсерін тигізгендігі сөзсіз. Сонымен қоса туған жерінен жүздеген, ондаған жылдар бойы сырт жүрсе де өзінің ұлттық мәдениетін сақтап, қазақ мәдениетінің кейбір ұмыт бола бастаған тұстарын толықтырып, жандандыруда. Сондай көрнекті тұлғалардың ішінде қазақ диаспорасының ұлттық болмысын, мәдени мұраларын зерттеу арқылы ұлттық идеяны қалыптастырып, қазақ халқының біртұтастығын қамтамасыз ету жолында елеулі еңбек етіп жүрген Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф Нұрлан Сәрсенбаев та бар. Жуырда жазушы ағамызға жолығып, арнайы сұхбаттастық едік.
– Нұрлан аға, сіз тарихи Отанға оралған екі жылдан астам уақыттан бері газет-журналдарда қазақ тілі, тарихы-шежіресі, этнографиясы туралы сүбелі зерттеу еңбектеріңіз жарияланыпты. Жалпы әңгімеміздің беташарын қазақ ұлты жайлы қандай ой қалыптастырғандығыңыздан бастасақ деп тұрмын?
– Өткен жылы Қазақстан Республика­сы­ның тәуелсіздік алғанына 30 жыл толды. Арғы тарихымызға зер сала қарасақ еліміздің тәуелсіздік алуы оңайлықпен қолға келген жоқ. Тарих талай-талай ғасырды артқа тастап ата-бабаларымыз ұзақ армандаған ұлы тәуелсіздік қазақ халқының маңдайына жазылды. Өйткені бір ұлттың шежіресі, тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, тілі, діні сан ғасырғы ұзақ жолды бастан кешіру арқылы қалыптасады.Тарих қатпарының іздері-қасиетті жер ана құшағында адамзат баласы біле ал­ма­ған қазынасы мол ашылмаған алып кен сияқты. Қазақ халқы сан-санақсыз жойқын ұрыстарды, ат ауыздығымен су ішкен, ер басы сайда қалып, етікпен су кеш­кен зар заманды бастан кешіре жүріп, жер тұтастығы мен ел тұтастығын аман сақ­тап қалды.
Қазақ ұлты – тарих сахнасынан өте ерте бой көрсеткен, озық өркениетке ие байыр­ғы түркі халықтарының бірі. Тарихи құжаттарда ертедегі қазақтар сонау есте жоқ ескі замандарда мемлекет құрып, заң шығарып, салтанатты түрде билік құрған, 400-ге таяу үлкенді -кішілі қалалар салған, Ұлы Жібек жолының ашылуына зор үлес қосқан ықпалды ел болған деп жазылған. Ертедегі ата-бабаларымыз әлемдегі іргелі, етекті елдермен кейде шекісіп, кейде бе­кісіп, кемелді ақыл-айласымен, жауын­гер­лік рухымен бейбітшілік үшін күрес жасап, жер шарындағы ең көркем ірі аумақты иеленіп, дербес мемлекет құрып, соңғы ұрпақ­тарына мұра ретінде қалдырып кетті.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығында Қазақстан елі әлем тарихынан өзіндік орын алды. Елбасы ортаға қойған «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы – азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, ғылым мен білімге құрмет ету, зайыр­лы ел сынды идеялардың жауһары­нан қорытылған. Менің ойым да осыған саяды.
– Сіз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туралы да өрелі мақалалар жазыпсыз. Қазақстан Тәуелсіздік алған кезден бастап ел тізгінін ұстаған Елбасының еңбегін ешкім жоққа шығармайды. Ал 2019 жылдан бастап Президент болып сайланған «Қазақстан дипломаттарының көшбасшысы» саналатын Қасым-Жомарт Тоқаев жайлы көзқарасыңыз қандай?
– Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жы­лы сайлаушылардың 70,96 пайыз дауысын жинап, Президент болғалы бері елдің әлеуметтік-экономикалық қуатын жетілдіруде, ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуда, оқу-ағарту, денсаулық, мал шаруашылық, егіншілік, әлем елдерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуда, алуан түрлі реформалар жүргізуде аянбай еңбек етіп келеді.
Қасым-Жомарт көзі ашық, көкірегі ояу оқымысты отбасында дүниеге келген. «Әке көрген оқ жонар» дегендей әкесі Кемел Тоқаевтың жазушылығы мен адам­гершілік жолын ұстанған жақсы қа­сиетінен үлгі-өнеге алып жетілді. Осындай жақсы тәрбиенің жемісін көрген саяси тұлға қазірге дейін «Тәуелсіздік туы астында», «Жаһандану жағдайындағы Қазақстан Республикасының сыртқы саясат», «Қазақстан Республикасының дипломатиясы», «Әке туралы толғаныс», «Еңсеру. Дипломатиялық очерктер» сияқты 9 кітап, қыруар мақалалар жазып, жазушылық қырынан да танылған. Анасы Тұрар Шабарбаева болса Алматы шет тілдер педагогикалық институтында қыз­мет істеген. «Ақыл ауысады, ырыс жұғы­сады» дегендей жақсы ата-ананың тәр­биесін алған Қасым-Жомарт ағыл­шын, қытай, француз т.б. тілдерді жетік игерген. Қасым-Жомарттың талай-талай мемлекеттік, халықаралық үлкен марапаттарға ие болуымен бірге шетел­дегі абыройлы ұйымдар мен әйгілі университеттердің «Құрметті профессоры» болуын ата-ананың еңбегінен бөле қарауға болмайды. Мен Қытайда жүрген кезімде Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемелдің Ұлы Отан Соғысының ардагері, қазақ елінде атағы бар жазушы-журналист, бірнеше кітаптың авторы екенін білетін едім. 2018 жылы Алматы облысы Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласында белгілі жазушы Кемел Тоқаев атындағы жаңа бақтың салтанатты ашылуынан да хабардар едім. Бұл халықтың Кемел Тоқаевтың елі үшін істеген ізгі істерінен үлгі алу негізінде өткізген іс-шаралары әрі ол кісіге көрсеткен үлкен құрметі еді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы алыс-жақын шетелге ерте танылған ірі саяси тұлға һәм дипломат. Ол 2019 жылы 9 маусымда Мемлекет басшысы болып сайланғаннан кейін әлемнің БАҚ беттерінде, газет-журналдарда, радио-телевидениясында, әлеуметтік желілерінде көптеген сараптама мақалалар жарияланды. Осыдан-ақ елеулі саяси тұлға екендігін байқауға болады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сонау 1970 жылдардың ортасында кеңес заманында-ақ ел басқару ісіне белсенді түрде араласа бастаған. Тәуелсіздік дәуірінде ол Сыртқы істер министрі, Премьер-министр, парламент сенатының төрағасы т.б. лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған. Яғни тоқыраған жылдардың қиын өткелінен сүрінбей өткен саяси тұлға. Ол мемлекет басшылық міндетіне отырғаннан кейін АҚШ, Қытай, Ресей, Германия секілді көптеген ірі елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуда белсенділік танытты. Әсіресе, 2019 жылы қыркүйек айының 1-і күні ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік іс сапарымен барған Тоқаевты өте ыстық ықыласпен қабылдағанын білемін. Қытайдың ақпарат құралдарында «Қазақстанның жаңа Президенті – Қытай халқының көне досы», «Қазақстан Президенті қытай, қазақ тілдерінде сұхбат беріп дүниені таңғалдырды», «Қытай тілін жатық сөйлейтін мемлекет басшысы» т.б. хабар-мақалалар кеңінен жарияланды. Міне, бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық деңгейде танылған мемлекет қайраткері әрі лаузымды дипломат екенін дәлелдейді.
Қырғызстан Қорғаныс министрлігі жанындағы қоғамдық бақылау кеңесінің төрағасы Токтогул Какчекеев: «Қасым-Жомарт Тоқаев ой-өрісі кең, Батыс, Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстіктің саяси технологияларын меңгерген тұлға. Сондай-ақ ол саяси басқару мен халықаралық қатынастар салаларының бірегей маманы. Бүгінде мемлекетті басқару үшін міндетті түрде осындай білім қажет» – деген жоғары бағасын берді.
Әрине, Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін өте қиын сәтте қолға алды. Соған қарамастан екі жылдан астам уақытта қыруар жобаларды жүзеге асырды. Мысалы: кепілсіз несиеге алған тұрмысы төмен Қазақстан азаматтарының қарызы кешірілді. Мұғалімдердің және басқа бір бөлім қызметкерлердің жалақысы жоғарылады. Микро және шағын бизнес үш жылға дейін табыс салығынан босатылды, ұлттық сенім кеңесі құрылып жұмыс істеді, әйелдерге, балаларға зорлық-зомбылық көрсету, есірткі тарту, мал ұрлығы және де өзге ауыр қылмыстылардың жазасы қатаңдатылды, шетелдіктердің көші-қон мекемесіне келіп тіркелуі алып тасталды, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы мен мемлекеттік маңызы бар бағдарламалар жандана түсті.
– Мемлекет пен ұлттың болашақ құрылымы оның өркениетінің дамыған-дамымағанына байланысты. Президент Тоқаев ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуда қандай келелі жұмыстар істеді деп айта аласыз?
– Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарла­ма­ны ішкерілей зерттеп, ұлттық өр­ке­ниет­тің дамуына тікелей басшылық етіп, аса көрегендік танытып отырды десем қателеспеймін. Өйткені, рухани жаңғырудың ұлт өркениетін дамыту мен гүлдендіруде маңызы өте зор.
2019 жылы 4-6 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан жазу­шылар одағының ұйымдастыруымен «Азия қаламгерлерінің І форумы» өтті. Бұл форумға 38 елден 300-дей бедел­ді ақын-жазушылар қатысты. Бұл – одақ тарихындағы Азия-Африка жазу­шыларының басқосуынан кейінгі ең үлкен шараның бірі ретінде тарих бетіне алтын әріппен жазылды. Форумға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы келіп, құттықтау сөзін сөйлеуі қазақ қаламгерлеріне биік мәртебе әкелді. Міне, бұл Мемлекет басшысының адамзат өркениетіне, әдебиет әлеміне көрсеткен ұлы құрметі мен ыстық ықыласы дер едім. Тоқаев форумдағы сөйлеген сөзінде: «Бүгінгі форум қазіргі заман үрдістерінің адам әлеуетін дамытуға қызмет ететінін көрсетіп отыр. Рухани кемелденуге ұмтылмай өркендеу болмайды. Ондай дамудың ешқандай маңызы жоқ. Бұл ретте, сіздердің еңбектеріңіз Азияның ұлы мәдениетін жаңғырту ісіне елеулі үлес қосып келеді», – деп тебірене тіл қатты. Елін сүйген Мемлекет басшысының кемелділігі мен кемеңгерлігін туған халқының тіліне, әдебиетіне, салт-дәстүріне, мәдениетіне, тарихына, өркениетіне қолдау көрсетуінен байқауға болады. Мен қазақтың киелі тарихи Отаны – Қазақстан еліне келгеннен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт өркениетіне үлкен қолдау көрсеткен асыл қасиетін осылай байқадым.
«Азияны бүкіл әлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды. Сондықтан әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындаған жөн. Әлемдегі әйгілі сыйлықтар секілді бұл марапаттың да беделін арттыруға күш салуымыз керек», — деген Президенттің салмақты көзқарасы қазақ қаламгерлеріне қайталай ой салумен бірге оларға рухани шабыт сыйлады.
Көрнекті ақын, мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты Нұрлан Оразалин әлем та­ныған мемлекет қайраткері туралы «Біз – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев есімді аса көрнекті мемлекет қайраткерін әр кезеңде, әрқилы тарихи оқиғалардың тұсында алыстан да, жақыннан да көрген адамдар санатынанбыз. Ол кісінің сөз бен істің арасына сызат түсірмес тектілігіне, «уәдені құдай аты санар» бекзаттығына, екі сөйлеуді білмейтін ер мінезділігіне, замана болмысын тереңнен танып, болжай білер біліктілігіне, бастаған ісін жеріне жеткізер қайсарлығына, кең ойлап, кең пішер саясаткерлігіне, ұлтының ұлы құндылықтарын жан-жүрегімен бағалай білер азаматтығына сан мәрте көзіміз жеткен. Президентіміздің сөз бен іс арасындағы бірлік жайлы айта келіп, ел ішін цифрлармен алдаусыратпай, нақты біткен істермен қоғам бүтіндігін қамтамасыз етуге, экономикалық дамудың көрінісін уәдемен емес, біткен іспен бедерлеуге шақырғаны халық ойынан шықты. Барымызды сақтай отырып, баянымызды өрістетуге бағыттар ашық, айқын ұсыныстар мен тапсырмалар мол болды. Соның бірі, бірегейі – елдің өрісін кеңейтіп, өркенін өсірер, ел болашағы мен ертеңін қалыптаса бастаған әлемдік өзгерістердің күнгей-көлеңкесін ескере отырып, стратегиялық міндеттерді шешуге, ұлттың ұлы құндылықтарын дамытуға ықпалы мол қоғамды саяси трансформациялау процесі. Қоғамды саяси трансформациялау дейтін тамыры терең, тағылымы мол процесс. Бұл процестің қанаты қалай кең болса, ауқымы да соншама зор екені айтпай-ақ түсінікті. Түптеп келгенде, «трансформациялау» дейтін ұғымның төркінінде саяси, экономикалық реформаларды жүзеге асырумен қатар, ұлттың «Рухани жаңғыру» атты іргелі бағдарламасына өріс ашу жолдары жатқаны да ақиқат»(«Ана тілі» газеті, 11-17 маусым, 2020 жыл, 7 бет), — деп ой толғапты. Кезінде үзеңгілес жолдас болған Н.Оразалиннің бұл әділ бағасынан Тоқаевтың халқы үшін аянбай еңбек ететін, ұзақ жыл қызмет істеу барысында ел басқару өнеріне ерекше ысылған, қолынан көп іс келетін, мәртебесі биік Мемлекет басшысы екенін аңғаруға болады.
Көненің көзі, тұлпардың қалған тұяғы, аты әйгілі Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Нұрсұлтан Әбішұлынан кейін ел тізгіні де лайықты тұлғаға бұйырды. Бұны – халықтың сенімі деп бағалауымыз керек… Елдің бірінші басшысы болу – үлкен мәртебе әрі салмағы зілбатпан жауапкершілік. Пайым-парасаты, білім, тәжірибесі ел тізгінін ұстауға жететін азамат қой. Құдай абырой берсін!» — деген ақ тілегін білдірсе, Еуропа парламентінің танымал депутаты Тьерри Мариани: «Дипломатиялық жұмыс тәжірибесі бар Президенттің қай саланы болсын дөңгелетіп әкететініне күмәнім жоқ. Сенатты басқарған кезде Тоқаев мырзамен бірнеше рет кездескенмін. Сон­дай-ақ ол Парижге де келген еді. Халықаралық деңгейде ол кісінің беделі жоғары. Қазақ халқы дұрыс таңдау жасады деп ойлаймын», — деген жоғары бағасын берген еді.
Тоқаев – ат үстінен гүл көретін сая­сат­кер емес, әр істі өз ақылы мен параса­тына салып істейтін ұзақ жыл сыннан өткен реформашы. Тоқаев Қазақстан Рес­публи­касының Президенті болып сай­ланған кезде ҚХР-ның сыртқы істер министрлігінің мәлімдемешісі Гің Шуаң: «Президент Тоқаев Қытай халқының сырлас көне досы. Қытай жақ Қазақстанның мемлекет құрылысы істерінде үздіксіз тың нәтижелер жаратуын үміт етеді және дос ел Қазақстанның гүлденіп-көркеюін тілейді. Біз Қытай мен Қазақстан сынды екі елдің жоғары деңгейдегі достық қарым-қатынасын сақтайтындығына сенеміз», – деп ақ тілегін айтқан еді.
– Өткен жылдың басында баспасөз бетінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарияланған еді. Сіз ол туралы «Бұл еңбек Абайтанудың алтын көпірі»,-деп айтыпсыз. Осы ойыңызды сабақтай кетсеңіз?
– Мен 2020 жылы 16-22 қаңтарда «Ана тілі» газетінде жарияланған Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын бірнеше рет қайталай оқып шығып, қатты қайран қалдым. Қатты қайран қалуым, Абай идеясын ХХІ ғасырдағы Қазақстанның «Мәңгілік ел» ұлттық идеясымен сабақтастырып баяндаған парасатты ойлары болды. Содан Мемлекет басшысының мол біліміне, ұлт өркениетіне талдау жасаған кемеңгерлігіне тәнті болып, құштарлығым артты. Автор мақаласында «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделісі», «Жаңа қоғамның жана­шырлығы», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы», «Торқалы тойдың тағылымы» сияқты үлкен мәселелерді ортаға қойып, Абайтанумен ХХІ ғасырдағы Қазақстанды жан-жақты мұқият талдау жасаған.
Мемлекет басшысы бұл мақаласында қара ормандай қалың халыққа: «Абай айрықша дәріптеген игілікті істің бірі – тіл үйрену. Ақын жиырма бесінші қара сөзінде өзге тілдің адамға не беретіне тоқталып: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі онымен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды», – дейді. Демек, өзімізден озық тұрған жұртпен деңгейлес болу үшін де оның тілін меңгерудің маңызы зор», – деген үндеу тастайды.
Ұлттың ұлттық өркениетін сол ұлттың тілі, әдебиеті, салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті сақтап тұрады. Әсіресе ұлттың ана тілі ерекше маңызды орында. Тілі жоқ, мәдениеті жоқ ұлттан үміт жоқ. Міне, ел басшысының да ойы осыған саяды.
Мақаланың «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы» деген бөлімінде: «Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғалармен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше», – дейді тебіреніп.
Ұлтымыздың тарихы мен өркениетінің қайнары тым алыста жатыр. Бұл туралы айтылып та, жазылып та келеді. Алайда кей зерттеушілер қазақ халқының тарихы қысқа, қазақ атауы ХV ғасырда пайда болған деген жаңсақ көзқарастарда белең беруде. Бұған қазақтанушы, Қытайдың тарихшы ғалымы Су Бихай: «Үйсін ұлысы екі хан патшалығы тұсында Батыс өңірдегі халық саны ең көп ұлт болып, Манас өзенінің батысынан, Балқаш көліне дейінгі Іле өзені, Шу өзені, Ыстықкөл аралығындағы ұлан-байтақ өңірде көшпелі мал шаруашылық тұрмысын өткізген. Қаңлы ұлысы мен Үйсін ұлысы қазақтың басты түп төркіні болып, сол кездің өзінде Үйсін-Қаңлы одағын қалыптастырды» («Қазақ мәдениетінің тарихы», Шыңжаң халық баспасы, 2005 жыл, тамыз, 209-бет), – десе, аты әйгілі ғалым, жазушы Сұлтан Жанболатов: «Тек мынандай мысалдың өзі-ақ тарихымызды менсінбеушілердің кеудесін басып, үнін өшіреді де, өзінің кеудеңді көтереді: «Біз ең кемінде, 2200 жылдың алдында іргелі де күшті ұлыс болғанбыз», сол шақтағы Алтайдың алтыны мен Чаң-Анның жібегіне оранып, үйсіннің сүйек тағына Парфияның кілемін жауып қойып, билік құрған Елжау күнби өзімен үзеңгілесе алмайтын талайларға жаны ашитын, әрі күлетін», – деп өте дұрыс айтқан.
ХХІ ғасырдағы Қазақстан әлемдегі елдермен өркениет алмастыратын Ұлы Жібек жолының қақпасы, халықаралық аренаға танылған өркениеттегі елдердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев хакім Абай арқылы қазақ өркениетін күллі әлем елдеріне насихаттап отыр. «Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп, бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық», – деген сөзі осыған дәлел.
Ал «Торқалы тойдың тағлымы» атты ең соңғы бөлімінде Абай шығармаларын ағылшын, араб, жапон, испан, италиян, қытай, орыс, түрік, неміс, француз тілдеріне аударып әлемге насихатталуын айтып, ауқымды іс-шаралардың ұйымдастырулы керектігін де тілге тиек етеді.
Абай қазақ халқынан шыққан ең ұлы, ең бақытты ақын. Өйткені, ол қазақтың ақ қалпағымен әлемге танылып өз халқының баға жетпес рухани кемеңгеріне айналды. Президенттің «Жалпы өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз», – деп айтқан сөзінің ХХІ ғасырдағы Қазақстан халқы үшін маңызы өте зор деп қараймын. Мемлекет басшысының тәрбиелігі күшті, шоқтығы биік мақаласын тебірене оқып отырып, қазақтың атақты Абылай ханы айтқан «Білекке сенген заманда, ешкімге есе бермедік, білімге сенер заманда, қапы қалып жүрмедік» деген дана сөзі ойыма оралады. Әлемге танылған тұлға Тоқаевтың бұл мақаласы ХХІ ғасырда жасап жатқан Қазақстан халқына Абайтанудың алтын көпірін салып берді. Сол Тоқаев салған алтын көпірден қалай өту, қазақты әлемге таныту көкірегі ояу Қазақстандық азаматтардың шаруасы.
Бұл мақаланың мазмұны бай, көп жақтылы болып, оның кемелдігімен тереңдігін мына жақтан аңғаруға болады.
1. Мақалада Абайтану барысы жан-жақтылы зерттелген, тың көзқарас айтыл­ған, ғылыми қуатты, күшті шығарма.
2. Мақалада отаншылдық тәрбие, тіл, салт-дәстүр, ұлттық өркениет Абай шығармаларының жауһарымен тоғыстырып баяндалған.
3. Шығармадағы тіл саптау шеберлігі оқырмандарын иландыру қуатына ие. Абай арқылы XXI ғасырдағы өмір сүріп жатқан Қазақстан халқына бағдар көрсетіп беретін құнды оқулық.
4. Әсіресе өнер иелерінің Абай шығар­маларынан үлгі-өнеге алып, сара туынды жаратуға жігерлендіреді.
5. Мақалада Абайдың «Толық адам» болу идеясын жан-жақтылы зерттеу алға қойылған.
Жинақтап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев – ел басқару ісінде өзіндік сара жол салған, дүниедегі озық мәдениеттен хабары мол, Абай сынды ұлы даланың ғұламаларынан үлгі-өнеге алған, ұлт өр­кениетіне аса құрметпен қарайтын көреген де білімді, парасатты Мемлекет басшысы.
– Сіз жаңа «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев — ат үстінен гүл көретін саясаткер емес, әр істі өз ақылы мен парасатына салып істейтін ұзақ жыл сыннан өткен реформашы»,-деп айтып кеттіңіз. Осы сөзіңізді тереңдете кетсеңіз?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев «Қазақ халқының тағ­ды­ры тарих таразысында тұр» деген тақы­рыппен танымал журналист Жанарбек Әшімжанға арнайы сұхбат берген еді. Қазақстан Президентінің арнайы берген сұхбатында пандемия, ел тағдыры, қазақ тілі, салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтар, мемлекетті көркейту, зиялы қауымның рөлі, экономика, әлем елдерімен болған дипломатиялық қарым-қатынас т.б. қазақ халқының тағдырына қатысты өзекті мәселелер ортаға қойылған. Бұл сұхбат республикалық «Ана тілі» газе­тіне жарияланғаннан кейін қалың халықтың, зиялы қауымның, ғалым­дар­дың, саясаттанушылардың, үл­кенді-кішілі билік басындағы қоғам қай­раткерлерінің назарын аудартып, қазақ қоғамында, тіпті шетелдерде үлкен серпіліс туғызды. Әсіресе бұл сұхбат «Ана тілі» газетінің сайтынан бірден-бірге көшіріліп әлемнің БАҚ беттерінде, радио-телевидениясында, әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталды. Қытайдың әлеу­меттік желілері мен сайттарында да қызу талқыланып жатты. Содан бұл сұхбатты қатардағы оқырман ретінде оқып шығып, «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деген сөз туралы терең ойға баттым. Көз алдыма сонау 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды», онан кейінгі 1916 жылғы «Қарқара көтерілісі», 1932 жылдардағы қуғын-сүргін кезіндегі қолдан жасалған ашаршылықтан да әлде қиын көзбен көруге, қолмен ұстауға болмайтын тұтас әлемді жаулаған тілсіз атажау елес­теді. Ол атын атауға жиіркенетін коронавирус деген тажал еді.
Жалпы, Мемлекет басшысы болу аса ауыр машақатты жұмыс. Шаш-етектен көп жұмысын қайырып қойып «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжанға сұхбат беруі Тоқаевтай Мем­лекет басшысының ұлтқа деген, Қазақстан топырағында жасап жатқан 130-дан астам ұлт пен этникалық топтардың ұлы өркениетіне деген шексіз құрметі болса керек.
Бұл сұхбатында қазақ елінде шешім табуға тиісті алуан түрлі қоғамдық мәсе­л­е­­лерге жан-жақтылы жауап береді. Індеттен аман-сау өту, Қазақстандағы әрбір отбасын сабырлыққа шақырып, карантин қағидаларын қатаң сақтауға, тазалыққа мән беруге, тәртіпке бой ұсынуға жол көрсетіп берді. Ол ел иесі ретінде жар құлағы жастыққа тимей, індетке қарсы әдіс-шара қарастырды, халыққа шынайы пайдалы шешімдер қабылдады. Аласапыранға салған індет себебінен табысынан айырылған әр адам басына 42 500 теңге жәрдемақы бергізіп отырды. Талай рет өзі тіке ақпарат құралдары арқылы халыққа індеттен сақтану туралы насихат жүргізіп отырды. Міне мұны Президент Тоқаевтың еңбегінен бөле қарауға болмайды.
Мақаланың және бір маңызды бөлі­мінде ана тіліміз туралы тереңірек толғана­ды. Бұнда ана тіл туралы өзекті мәселе төрт түйінге жинақталып баяндалған. Қазақстан Республикасы азаматтарының тең құқықтылығы көрсетілген, негізгі Заңда адам және оның өміріне байланысты мәселелерге баса назар аударылған. Елдегі атқарылатын істердің бәрі Заңға сәйкес азаматтар мен қоғамның мүдделеріне сай жүргізіледі деп белгіленген. Қазақ тілі мәртебесін көтеру туралы арнайы тоқталып, «Ана тілі» газетінің отыз жыл ішіндегі қазақ тілін дамытуға қосқан табысына, туған тіліміздің қолдану аясын кеңейтудегі еңбектеріне, журналист, жазушы, ғалымдардың тіл мәртебесін көтерудегі елеулі ізденістеріне ерекше ризашылығын білдіреді.
Тәуелсіздік алған 30 жылдан бері өз мемлекетінің тілін білмеу Қазақстан халқы үшін үлкен сын. Өзі қазақ бола тұрып ана тілін білмеуден өтер ұят, білімсіздік жоқ шығар. Мемлекет тілінің қолданыс аясын кеңейту, өркендетіп дамыту, тіл мәртебесін көтеру Қазақстанда жасап жатқан 130-дан астам ұлт пен этникалық топтардың «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асырудағы ортақ борышы екенін естен шығармауымыз керек.
Тоқаев қазақ тілі мәселесі туралы кеңінен толғана келіп «Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдылық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс», – деп кесіп айтты. Президенттің сөзінен қазақ тілін білетін адамдарды мемлекеттік қызметке қою көзқарасы тіл мәртебесін шынайы жоғары өреге көтерудің айқын дәлелі. Ұлттық тіл – мемлекетіміздің баға жетпес қымбат байлығы. Президентіміз айтқанындай ана тіліміздің мерейін асырып, мәртебесін көтеру қазақтың тарихи Отанында жасап жатқан азаматтарымыздың өтеуге тиісті ортақ парызы. Мемлекет басшысының сұхбатынан тарих алдында үлкен жауапкершілік арқалағанын байқауға болады.
– Ел Президентінің «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап жазған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласынан қандай әсер алғандығыңыз туралы өз ойыңызды айта кетсеңіз?
– 2021 жылдың басында «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы арқылы ел басшысы жұрт назарын өзіне аударып, мәңгілік ел болу, тәуелсіздікті қадірлеу туралы көзқарасын ортаға салған еді.
Тәуелсіз ел болу – ата-бабаларымыздың ұзақ ғасырлар бойы сарыла күткен ұлы арманы еді. Қазақ тарихы мен шежіресінің дерегі б.з.д. I-II-III ғасырлардан басталады. Қазақтың түп атасы деп қаралып келген сақ, ғұн, үйсіннен тартып есептесек қазірге дейін 20-30 ғасырдың жүзі болғанын тарихи құжаттар өзі дәлелдеп береді.
Қытай халқынан шыққан аты әйгілі қазақтанушы ғалым Су Бихай мырза қазақ деген атауға тоқталып «Бір қыдыру адамдар қазақ атауы XV ғасырда қалыптасқан деп қарайды. Амалиятта іс жүзінде бұл – тарихи шындыққа жанаспайды… Мұнан VII ғасырдан бастап қазақ деген аттың тарихи кітаптардан орын алғанын анық көруге болады» («Қазақ мәдениетінің тарихы», Шыңжаң халық баспасы, 2005 жылы тамыз, 8-бет), – дейді. Міне бұл ежелгі Қытай патша ордасында жазылған қазаққа қатысты деректер негізінде шығарылған қорытынды.
Алаш ардақтыларының көрнекті өкілдерінің бірі Міржақып Дулатұлының «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» деген сөзі бізге терең ой салады.
Мемлекет басшысының бұл мақаласы «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным» сияқты айдарларға бөлініп, тұтас бір мемлекеттің, жалпы Қазақстандағы 130-дан астам ұлт пен этникалық топтардың тарихы мен тағдырына қатысты терең ой айтқан.
Қазақстан Республикасының Президен­тінің бұл мақаласы еліміз тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған болып, дәуір бөлгіш сипат алып, мәңгілік ел құрудың қоламталы мәселелері туралы ғылыми, жүйелі түрде жан-жақтылы талдау жасалған. Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын құштарлана оқып шығып, мақалада ортаға қойылған мынандай кемелді ойлар бар екенін байқадым.
Бірінші, ұлттық құндылықтарды қорғау және оны дамыту жер басып жүрген азаматтардың ортақ парызы. Ұлттық құндылығы болмаған халық өзінің ата қанына сіңген қасиетінен айрылады. Халқымыздың ұлттық құндылықтарының тамыры тереңде жатыр, сол үшін ұлттық құндылықтарды көз қарашығымыздай аялап қорғауымыз керек. Автор мақаласының алғашқы бөлігінде еліміздің үш он жылдықтағы міндеттерін анық белгілеп, қуатты мемлекет құруды ашық ортаға қойды. Мемлекет тағдырын арқау етіп жазылған бұл мақалада «Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау — жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі», – дейді Президент.
Дана халқымыз «Ұрпаққа басқұр қалған­ша, қазыналы дәстүр қалсын», – деп өсиет қалдырған. Бір ұлттың басты белгісі оның ана тілі, салт-дәстүрі, ғұрып-әдеттері арқылы дараланып тұрады. Дәстүр-ұлтымыздың баға жетпес асыл жауһары. Сондықтан халқымыз «Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды» деген ұлағатты сөзін есімізде берік сақтауымыз керек.
Екінші, Мемлекет басшысы бұл мақала­сында ұлттық тарихқа өте мән бергендігі әрі тарихты жүйелі, кемелді, терең зерттеуді анық айтқан. Тоқаев сөзінде «Шынына келсек, Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық тарихы­мыз әлі толық жазылған жоқ», – деп шындықты жасырмай айтады.
Автор тағы да «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазу тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттық жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді», – деп тарих­шылар мен зерттеушілерге нақты бағдар көрсетіп береді.
Көп тарихымыз кер заманның кесірі­нен келмеске кетті. Аумалы-төкпелі заман­да­ғы соғыстың, ашаршылықтың салда­ры­нан тарихымыздан, тілімізден, салт-дәстүрімізден айрылдық. Халқымыз ежелден тартып тар жол, тайғақ кешуді бастан өткізсе де «Атамыз – Алаш» деп ұрандап, ата жауына қарсы тұрып, елін, жерін көз қарашығындай қорғап келді. Ұлтымыздан шыққан кемеңгер хан, сұлтан, би-шешен, батырлар саяси мүддені көзде ұстап, түбіміз бір, тегіміз бір, барлығымыз бір атаның баласымыз деп, туысқандықты, бауырмалдықты дәріптеп, «Атымыз – Қазақ» деген идеяны халық санасына сіңіріп, қиын-қыстау кездерде бір тудың астынан табылып, алты бақан алауыз болудан сақтанып, береке-бірлікке ұйыстырып отырған.
Аумалы-төкпелі замандарда ұлттық тарихымызға көп жамау-жасқау түсті. Біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай тарихымыздың кем-кетігін қайта толықтаудың кезеңі келіп жетті. Қазақтың атақты үш биінің бірі Төле би Әлібекұлының «Өсетін ел тарихын тасқа жазады, өшетін ел тарихын жаспен жазады» деген сөзінде үлкен ой жатыр.
Үшінші, автор мақаласында «Бабалары­мыздан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ» деген сөзінен Отанды сүюдің ұлы идеясы байқалып тұр. Ұлағатты халқымыз «Әркімнің өз жері –Мысыр шаһары», «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Басқа жердің отынан, туған жердің түтіні артық», «Өз елім — өлең төсегім», «Туған жердің әр тасы – біздің алтын тағымыз» т.б. мақал-мәтелдер шығарып, ата-бабаларымыз соңғы ұрпақтарға аманат етіп қалдырған қасиетті мекенді ерекше қастерлеген. Қазір қалың халық басты назар аударып отырған қоламталы мәселелердің бірі қасиетті жерімізді қалай қорғауда болып отыр. Бұл туралы Қазақстан Президенті Тоқаев «Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды», – деп жердің ешкімге сатылмайтынын кесіп айтып, бұл мәселенің соңғы нүктесін қойды.
Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ортаға қойған «Нұрлы көш» бағдарламасын жалғастырып келді. Шетелден тарихи Отанға оралған сан мыңдаған этникалық қазақтардың азаматтық алуына, тұрмысы түзелуіне көмек көрсетіп отырды. Сөздің реті келгенде бұл туралы өз ойымды айта кетейін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 11 қыркүйекте Қытайға іссапарымен барды. Сол кездерде Қытайдағы тарихи Отанын аңсаған этникалық қазақтардың төбелері көкке жеткендей қуанды. «Аққу көлін аңсайды» дегендей Тоқаевтың шапағаты тиіп, көп өтпей тарихи Отанға мен де оралдым. Осы ретте аты әйгілі мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың «Жиырмасыншы ғасыр таңғажайып ғасыр, тарих үшін қызықты, ал замандас үшін қасіретті ғасыр» деген сөзі есімізге түссе, өткен заманда ата-бабаларымыздың қасіретті күндері ойымызға оралады.
Мен 1916 жыл және 1930 жылдардағы екі реткі үркінде Қытайға қашқан елдің ұрпағымын. 1918 жылдың күзінде Кеңес үкіметінен жеңілген ақ патшаның 85 әскері Шәлкөде жайлауында бейғам жатқан Диқанбай болыс ауылын қанды қырғынға ұшыратады. Содан кейін біздің ауылдың тоз-тозы шығып, бағы тайып, берекесі қашты. Менің әкем Тоқтасын Сәрсенбайұлы Байсалов 1928 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Іле басы (Лабасы) жайлауында дүниеге келген. 1932 жылғы ақсүйек ашаршылықта ел үркіншілікке ұшырап әкесі Сәрсенбай 4 жасқа жаңа ғана келген баласын қоржынға салып алып, Қытай шекарасын асуға мәжбүр болыпты. Атам да, әкем де өз туған Отанын қайта көре алмай, арманда дүниеден аттанып кетті.
Халқымызда «Тағдыр қайталанады» деген таным бар. Сол тағдыры қайталанып Қытайдағы неше жүздеген қандастарымыз арты-артынан тарихи Отанға оралды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақтар талай рет тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге деген құштарлық, азаттық аңсары еңсесі түскен елді қайыра түлетіп, қайтадан тәуекел тұғырына қондырып отыр­ды» деген керемет сөзі бізге үлкен ой салады.
Екі реткі үркінде атамекенін тастап қашуға мәжбүр болған елдің бір бөлігі соңынан қуған орыс әскерлерінің оғынан жазым болса, арғы бетке өткеннен кейін шекара күзеткен қалмақтардың тонауына ұшырап, аса ауыр тағдыр кешті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ел тағдыры мен жер тағдырына қатысты қоламталы мәселелер сөз болып, тәрбиелігі күшті, қоғамда атқаратын маңызы зор отаншылдық идеяны ортаға қойды.
Төртінші, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына әр реткі Жолдауы мен мақалаларында мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру туралы өзінің кемелді ойларын айтып, бізге үнемі бағыт-бағдар көрсетіп отырды. Мемлекеттік тіл мәртебесінің беделін көтеруде елімізде жасап жатқан 130-дан астам ұлт пен этникалық топтардың да үлкен жауапкершілігі бар деп қараймын.
Автор мақаласында «Мемлекеттік тілді білу– Қазақстанның әрбір азаматының парызы», – деп өте анық айтқан. Шетелдік ақылмандардың бірі Нельсон Мандела «Егер тіл мен мәдениетің жоғалса шекараны аша сал. Бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес»,-дейді. Тіл мен мәдениет– әр халықтың сан ғасырда өздері жаратқан баға жетпес байлығы. Тіл мен мәдениеті жоқ ұлт өлген ұлт, ұлттық құндылығынан айрылған халық, жүрегі тоқтаған ұлт.
Қытай қазағынан шыққан әйгілі ғалым, жазушы Сұлтан Жанболатовтың «Рухсыз мемлекет пен ұлт өміршең болмайды» деген керемет сөзі бар. Біз ел болып, есімізді жиып, етек –жеңімізді жинап тәуелсіздік алғалы 30 жылдың жүзі болды. Біз тәуелсіздігімізді қадірлей, бағалай білуміз керек, сонда ғана «Мәңгілік ел» болу арманымыз сәтті түрде жүзеге асатын болады.
Ұлы ғұлама ғалым Жүсіп Баласағұн «Парасат қайда болса, ұлылық сонда, білім қайда болса, биіктік сонда» деген керемет сөзін айтқан еді. Ел басқару өнері – кез келген адамның қолынан келе бермейтін, аса үлкен ақыл-парасатты қажет ететін өнер. Ежелгі Грекияның әйгілі ойшылы Демокрит «Мемлекет басқару өнері – өнер атаулының төресі», — деп тектен-тек айтпаған. Тоқаевтың ел басқару өнерінен парасат, ұлылық, білімділік, биіктік мен мұндалап тұрады. Тоқаев қара ормандай халқына сенді, халық та оны қолдады. Сол әділ таразы болған халқымен бірге мемлекет басшысы Қазақстанның даңқын әлі-ақ әлем елдеріне танытатын болады.
– Әңгімемізге жыл басында орын алған, жұрттың қабырғасын қайыстырған «Қасіретті қаңтар» оқиғасын араластырмау мүмкін емес. Елдің тұтастығына, тәуелсіздігіне қатер төндірген оқиғаны әркім әр түрлі құбылтып әлек. Бірақ маңыздысы бұл емес. Маңыздысы – Қазақстан өз тәуелсіздігін террористерден тегеурінді түрде қорғап қалды. Және бұл жолы да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің шын мәнінде қаһарман һәм парасат иесі екенін дәлелдеп берді деп ойлаймын. Сіздің ойыңызша да солай ма?
– Қаңтардың басындағы оқиғада арандату, айдап салу сынды үлкен саяси ойын жүрді. Сапырылыс болды. Жан-жақты, түбегейлі қопарып баға беруге әлі ертерек шығар. Бірақ белгілісі: халық наразылығы үдесінде үркіншілік, бүлік жасалды, қан төгілді. Ащы сабақ болды. Халық өз талап-тілектеріне, өтініштеріне орай батыл қадамдар жасалатынын басқаның емес, Президенттің аузынан естісі келді. Естіді де. Мемлекет басшысы тоқетерін айтты. Мемлекет басшысының ел алдына шығып, шұғыл шешім қабылдап, басбұйдасыздардың алдына тосқауыл қойып, артынша берген пәрменінен кейін барып халық сабырға келді. Серпілді. Осындай ұстаным жасауда Қасым-Жомарт Кемелұлына әлемдік деңгейдегі дипломатиялық қабілеті, дипломатияда жинаған тәжірибесі «арқасүйер» болғаны даусыз.  Елді болашаққа бастаған Президентіміздің айналасына жұдырықша жұмылып, татулық пен тыныштықта күн кешетін болсақ, біздің еліміз қарыштап дами бермек! Жалпы, қай елде тұрсақ та әрдайым Қазақстанды жүректің төрінде ұстауымыз керек. Қайда жүрсек де қазақтың тарихи Отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан. Орта Азияның беделді тарихшыларының бірі Наршахи: «Халық қара нан жесе, сен де қара нан же, бал жесе сен де бал же, халқың қара нан жеп, өзің бал жеп отырсаң сенімнен айрыласың, адалдығыңа нұқсан келеді, биліктен ажырайсың» деген екен. Құдай туған халықтан ажыратпасын… Халықтың бағасынан, халықтың қастерлеуінен биік дүниеде мәртебе де, бақыт та болған емес. Мен де сол қараша халықтың бірімін… Мен де шамамның келгенінше өз халқым үшін қызмет етсем деген ойдамын. Тарихи Отанға оралу мақсатым да осы еді!
– Әсерлі сұхбаңызға рахмет!
Меруерт Мәулетқызы,
«Талғар»