Рухани байланыс үзілмесін!

Рухани байланыс үзілмесін!

Қоғамдағы рухани ортаның дамуы кітап оқу мен кітапханаларды қолдаудан туатыны сөзсіз. Осыны ескерген аудандық орталық кітапхана «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясын жыл сайын ұйымдастыруды қолға алған. Мұндағы мақсат – халықтың рухани байлығын дамытып, кітапхананың кітап қорын әдебиеттермен толықтыру, оқырман мен кітапхана арасындағы байланысты нығайту. Аға буын да, бала буын да бүгінде бұл жобаны қызу қуаттап, жалғастырып алып кеткен.

Жуырда осы акция аясында Тұздыбастаудағы кітапхана қоры жаңа кітаптармен толықты. Жетісулық ақын Гүлбақыт Қасен арнайы келіп, «Кун-тумар», «Жүрегімнің хаттары» және «Құс қанаты» атты жыр жинақтарын сыйға тартты.
– Бүгінде ауыл кітапханасында 6000-ға жуық қор бар. Биылғы жылдың өзінде 121 жаңа кітап сөрелерімізден орын алды. Оқырман саны 3000-ға жетіп жығылады. Жыл сайын оқырмандарымыздың қатары жастармен, оқушылармен толығып жатқаны қуантады. Олар әсіресе жергілікті ақын-жазушылардың әдеби-көркем шығармаларын сұрайды. Сонымен қатар бүгінгі күннің талабына сай адамды жігерлендіретін кітаптар өтімді, — дейді ауылдық кітапхана меңгерушісі Лаура Ерболқызы.

Өткеннің рухы, келешектің кілті, мәдениеттің биік шыңы кітап деп бағалайтын ақын Гүлбақыт Тоқтанқызы болса, кітаптар өз оқырманын табады деген үлкен сеніммен қарайды. «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген Ғабит Мүсіреповтің ұлы сөзін ескерсек, кітапхананың тағдырына, халықтың рухани өміріне бей-жай қарамайтын үлкен жүректі адамдар көбейе берсе дейміз.

Меруерт Мәулетқызы,
«Талғар»