15 қараша — айтыс өнерін жаңаша түлетіп, заманның зарын айтып, ақиқатын аршыған ақтаңгер ақын, Құлмамбеттің құлыны Оразалы Жарылқасынұлы Досбосыновтың дүниеге келген күні. Көзі тірі болғанда қырық алты жасқа толатын ақын ғұмыры, амал нешік, тым келте болды…Айтыс сахнасында алдаспандай жарқылдаған Оразалы ағамыздың рухына тағзым етуге әрі ақын атындағы қоғамдық қордың ресми ашылуына арналған еске алу кеші аудандық кітапхананың оқу залында ұйымдастырылды.
Басты кейіпкері – ХАЛЫҚ еді…
Әдебиетке келген жан текке келмейді. Ол табиғи тума талант, дарынды жампоз болса, оның сөз өнеріне әуестігі де ерте танылады, ерте білінеді. Оразалы ақын да сондай болған. 1975 жылы 15 қарашада Алматы облысы, Райымбек (Нарынқол) ауданы, Тегістік ауылында дүниеге келген ақынның алты алашқа танылуы мектеп кезінен басталған екен. 80-жылдары халқымыздың қастерлі өнері – ақындар айтысы қайта жанданып, жаңа белеске көтеріле бастаған шағында игі дәстүрді жас буындар арасына насихаттау мақсатында әр мектепте ақындар айтысының жиі өтуі белең алған шақ еді. Оларды баптап-баулуға ұстаздармен қатар саңлақ айтыскерлер де білек сыбана кіріскен. Осы кезеңді марқұмның замандасы, іс-шараның қонағы Зәмзәгүл Әубәкір тебірене еске алады.
– 1989 жылдың қаңтар айында Нарынқолдағы аудандық Мәдениет үйінде оқушылар арасында тұңғыш рет ақындар айтысы өтті. Мен де өнерден құралақан болмай, көзге түсіп жүрген оқушылар ішінен іріктеліп айтысқа қатыстым. Сол тұстағы қоғамның күнгейі мен көлеңкесі, ауыл мәдениеті, шаруашылықтың өсіп-өркендеуі, білім саласындағы жетістік пен кемшілік, мектептің хал-ахуалы жас ақындардың ойларына өзек, тілдеріне тиек болды. Шамамыз келгенше тауып та, қауып та айтуға тырыстық. Айтулы бәсеке үстінде басқалардан жасы кіші, бойы да бір тұтам жұдырықтай ғана бір бала қалың қауымның назарын өзіне аударған еді. Өзін еркін ұстауы, ширақ қимылы, ұшқын атқан отты жанары, қарсы алдында қабылан тұрса да қаймықпай қарсы шабар кейіпте көкейіндегі ойын бетінен ғана қалқымай, тереңнен толғап, көркем де кестелі тілмен жыр маржанына айналдырып отырған бұл бала Тегістік ауылындағы М.Мақатаев атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Оразалы Досбосынов болатын. Кішкентайлығына қарамастан, бүкіл айтыстың ұзын ырғасында айтар ойын «мен-мен» деген ақындардың аузына түсе бермейтін зерделі сөздермен кестелей, шымыр ұйқастармен дестелей алатын адуынды екендігін бірден байқатты. «Туған ел, сенің ұлыңмын, ниетіңе аппақ жуындым. Азуын айға білеген, Құлманбеттен қалған құлынмын», – деп көптің құлақ құрышын қандырып көзайымына айналған замандасының бейнесі әлі күнге есінде екенін жеткізді.
Міне, қаршадай кезінен-ақ айтыс әлеміндегі өз сүрлеуін қалыптастырып, өз қолтаңбасын тайға таңба басқандай айқындатқан ақынның жаны ақиқатты ақтарып, жайып салғанынан жай табатындай. Айтыстарын тыңдасаңыз, қазақтың намысын жыртып, ұлттың мұңын мұңдап, жырын жырлаған. Ол елдің атынан сөз алды. Батыл айтты, батыра айтты. Таусыла, түгесіле жырлады. Кіммен жекпе-жекке түспесін, қай-қайсысында да аса бір асқақ адуынды, кең тынысты, өршіл үнмен бұқара атынан сөйледі. Алматыға келіп, жаңарған ел келбетін көрсе де шындықты қақ тіліп айтатын турашыл азаматтық діңгегін өзгерткен емес.
Аманатты арқалағандар
Қазақстанда құрылған қорлардың түрі де көп, саны да көп. Бірақ сол қорлардың қоғамда атқарып жатқан жұмыстары көпке белгісіз. Бірақ біз сөз еткелі отырған қордың бұрынғылардан жөні бөлек, жолы басқа. Ақтаңгер ақын Оразалы Досбосынов атындағы қоғамдық қордың жетекшілері өзге емес өз адамдары – ақынның қарындасы, ұстаз Әйгерім Досбосынова мен марқұмның қызы Нұрайша Досбосынова. Бір жарым жылға жуық құжаттарын рәсімдеп болып, ресми жұмысын бастаған қордың басы-қасында жүрген құрылтайшылар өнерді шын таразылай алатын ұлтжанды азаматтар Зәмзәгүл Әубәкір, Әсет Бөлеген, Өміртай Еділхан. Қордың мақсаты –марқұм О.Досбосынов шығармаларына бағытталған зерттеу жұмыстарын жүргізу, айтыстар ұйымдастыру, республикалық, халықаралық іс-шаралар атқару, аудио-видео таспаларын шығару, О.Досбосынов атындағы айтыс мектебін ашу және туған жерінен музей ашу.
– «Тураушы да туғаның болсын» деген тәмсіл бекерге айтылмаған болар. Қай заманда да шырылдаған шындықтың көмейіне құм құйылғаны, таланты асқандардың қол-аяғы матаулы болғаны жасырын емес қой. Әйтпесе Оразалы ағамызға жасалған қиянпұрыс қиянаттар көп болған. Жаратқан берген таланты жалған атақ пен даңғаза дақпыртқа сыймайтындай, арзан тиын-тебенге бұлғанбайтындай дара еді ғой ол кісі. Тіпті сонау тұсауы кесілген алғашқы айтыстың өзінде жұрттың делебесін қоздырған ағамның өнері еленбай қалып жасы үлкендігін ескеріп қарсыласына жеңісті берген. Ондай сәттер бір емес бірнеше қайталанғанын ата-анамыздан да, жақын достарынан естіген едім. Өмірде де, өлеңде де ешкімге жалтақтамай, ақиқатын айтып отыратын батылдық қасиет көзі тірісінде дұрыс бағаланған жоқ. Бауыржан Момышұлы мына бір тәмсілді күйіп кеткенде айтқан болуы керек: «Ақиқат, шындық дейтін бар, бірақ ол үнемі кешігіп жүреді». Осы бір ұлы батырдың ұғымы қамшының сабындай ғана қысқа дәурен кешкен Оразалы Досбосыновтың шығармашылық, азаматтық болмысында үстемдік құрса деген ақ тілекпен осы қорды құрдық. Алдағы уақытта мақсат-міндеті айқын қордың жоспары бойынша соның бәрін екшеп-зерттеп, ел алдына ұсынсақ па дейміз, — дейді қор жетекшісі Әйгерім Досбосынова. Дәл осы ойды толықтырған Нұрайша әке бейнесінің асқақтата айтылуына перзенттік парызы үшін аянып қалмайтынын жеткізді.
Орақ тілді, от ауызды оғылан ақынның атындағы қорды өнерді бағалаушылар мен таразылаушылар асқақтата көтеруге құлықты болар деген оймен сәттілік тілейміз.
Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры
Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа -тұс келген қордың қадамы оқушылардың шығармашылығынан бастау алды. «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» тақырыбында эссе мен «Жас автор» аталымы бойынша төл туындысын (өлең, әңгіме, монолог, проза) ұсынған оқушылар жан-жақтылықтарын байқатты. Дегенмен 40-қа жуық түскен эссенің ішінен іске жарамдысы төрттен бірі ғана. Қалғаны сөзбе сөз интернеттен көшірген немес бір мақаланың аяғынан екінші мақаланың басынан құралған мағынасы қашқан шала-жансар шығармалар. Қорытындысын жариялаған кезде бұл жөнінде Зәмзәгүл Әубәкір баса айтып өтті. Осы арқылы балаларды жалғандыққа, жалқаулыққа тәрбиелеп жатқанымызды ұғыну керектігін, балалардың шығармашылық ой-өрістері таяз болмас үшін ұстаздар қауымы да осал болмау жағын батыра жеткізді. Сонымен байқау нәтижесі бойынша Әйгерім Совет (№20 орта мектеп 7 «а» сынып оқушысы), Аружан Дюсумбекова (№ 29 орта мектеп, 9 «ә» сынып оқушысы), Ертарғын Даниярұлы (№31орта мектеп, 6 «б» сынып оқушысы) ІІІ орын алса, Құндыз Отарбай (№18орта мектеп, 8 «а» сынып оқушысы), Жанерке Әнапия (№31 орта мектеп, 9 «б» сынып оқушысы) ІІ орын иегері атанды. Шарапат Жақыпбек (№2 орта мектеп, 10-сынып), Арайлым Берікболқызы (№41орта мектеп, 8 «а» сынып оқушысы) І орынға лайық деп танылса, бас жүлдені №7 орта мектептің 9 «ә» сынып оқушысы Жайна Бектұрсын жеңіп алды. Жеңімпаздарға арнайы диплом мен ақынның кітабы сыйға тартылса, үміткерлердің барлығына ұйымдастырушылар атынан «Алғыс хат» берілді. Ал «Жас автор» аталымы бойынша қатысқан үміткерлер ішінен жүлдегер анықталған жоқ. Қатысушылардың барлығына «Алғыс хат» табысталды. Сондай-ақ балаларды баптаған жетекшілер де жүлдесіз қайтқан жоқ.
Бұл қор жұмысының алғашқы қадамы. Алда талай тындырымды жұмыстар мен жетелі жетістіктерді насихаттайтын ілкімді істер күтіп тұр. Алыстаған сайын халыққа жақындап келе жатқан жыр сүлейінің дара бейнесі өшпейтіндігінің дәлелі осы.
Меруерт Бөлек,
«Талғар»