Өткен аптада Тұздыбастау ауылдық мәдениет үйінде Желтоқсан оқиғасына 35, ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай әдеби-сазды кеш өтті. Кештің негізгі мақсаты Қазақстан Жастар Одағы және Халықаралық Алаш әдеби сыйлықтарының иегері ақын, сазгер, жырау Аманғазы Кәріпжан әулетімен кездесу болды. Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шарада кеш иесінің әндері орындалып, өлеңдері оқылды.
Салтанатты жиынның тізгінін ақынның әріптесі ақын, жазушы, журналист – Болат Құрманғажыұлы өзі алды. Еркін форматта өткен кеште сценариден де бөлек тақырыпқа сай естелік айтамын деушілерге мүмкіндік берілді. Солардың бірі жиынның қонағы болып келген № 31 орта мектебінің директоры Мандыбаева Анаркүл Күлімбекқызы «Желтоқсан оқиғасына» қатысты өзінің басынан өткен оқиғаларымен бөлісіп, Аманғазы Кәріпжан әулетіне ықыласын білдіріп, рахметін айтты. Кештің соңын ала сахнаға шыққан Тұздыбастау Мәдениет үйінің қызметкері, мәдениет саласының майталманы Кесікбаев Болатқали Алматайұлы сөз сөйлеп, ақынның иығына шапан жапты.
Аманғазы Кәріпжан 1964 жылы бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданы, Қызыл кесік ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінде оқыған. 1992 жылы журналистика факультетін тәмамдайды. 1993 жылдан республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 1995 жылдан бері телеарнада редактор қызметін атқарып келді. Өлеңдері республикалық газет-журналдар мен Қытай Халық республикасында шығатын «Шұғыла» журналында жарияланып келеді. «Жаралы Желтоқсан» («Жалын», 1995) жыр жинағының авторы.
Шақшақ Жәнібекке арналған Қазақстан Жазушылар одағында өткен жыр мүшәйрасының бас жүлдесін, Бұқар жырауға арналған республикалық жыраулар байқауының үшінші жүлдесін және бірнеше ақындар айтысының жүлделі орындарын иеленген. Сазгерлер байқауы, «Жігер», «Жігіттің сұлтаны», «Студенттер көктемі» сияқты фестивальдерге қатысқан. 1995 жылдан теледидар саласында суырып салма ақындардың өлеңмен жүргізілетін «Қазақ деген ақын халық», сондай-ақ мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаш, өзге ұлттардың қазақша өнері сияқты әдебиет пен мәдениеттің тағы да көптеген саласына арналған жанрлық сайыстардың басын біріктірген авторлық бағдарламаларын жарыққа шығарды.
Динара Құрманова,
Тұздыбастау мәдениет үйінің директоры