Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тiлiм,
Таза, терең, өткiр, күштi, кеңтiлiм,
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тiлiм!
М. Жұмабаев.
Осыдан дәл алпыс жыл бұрын Қазақ жерінен ғарыш көгіне тұңғыш рет адам баласы ұшырылды. Юрий Гагарин өстіп бір-ақ күнде әлемге әйгілі адам болып шыға келді. Ал сол Гагаринмен бірге қалтасына үш тілде жазылған қағаз хабарлама көкке бірге көтерілді. Мәтін «Егер мына адамды тауып алсаңыздар мына тел. мына адреске хабарласыңыздар» деген мағынада. Хабарлама үш тілдежазылды. Ағылшын, орыс және қазақ тілінде. Осылай қазақ тілі ғарыш көгіне тұңғыш көтерілген үш тілдің қатарына енді.
Құдай Тағаланың өзі дәрежесін көтерген асыл тіліміздің дәрежесін бұл күнде өзіміз түсіріп жүрген жоқпыз ба?!
Біз расымен қазақ тілінің қадірін біле алмай жүрген сияқтымыз. Қазақ тілі біздің көз алдымызға қауқары қайтқан қарт кісіні елестетеді. Өзімізше қамқор болғымыз келеді, таяғын әперіп, автобустан түсіруге көмектесіп дегендей. Керісінше қазақ тілі -байлығымен, әсемдігімен, жүректің терең түкпіріндегі нәзік ойларды нақ басып айта білетін нәзіктігімен, замана көшінің кез келген саласына ыңғайлы әрі икемділігімен күш қайраты бойына тасыған қылшылдаған жігіт емес пе? Оған ілесе алмай, қадірін білмей, қонақ қып төрімізге шығара алмай жүрген өзіміз ғой.
Біз қазақ тілінің 20-30 пайызын ғана қолданып жүрміз. «Қалайсың? «Денсаулық қалай?», «не жаңалық», «еш», «өзіңде», «шай ішейік», «тамақ пісті ме», «пульт қайда» деген сөздердің айналасында ғана қалып қойған секілдіміз. Себебі кітап оқымаймыз, ашылып топқа түспейміз. Осыдан кейін ойымызды анық әрі нақты жеткізе алмаймыз.
Абайлар, Әуезовтер, Ахмет, Жүсіпбек, Мағжандар бастаған топ қазақ тілін 100 пайызын пайдаланған, ана тілінің мұхитында балықтай еркін жүзген.
Қазіргі уақытта қазақ тілін 90 пайыз пайдаланып жүрген топтар олар- ақын -жазушылар, мұғалімдер, көнеден қалған қариялар, мұңғұля -қытайдан оралған қандастар секілді аз топ.
Қалғанымыз жаңағы шалқар байлықты игере алмай күнделікті тұрмыс сөздерінің айналасында қалып қойған байғұстармыз. Кітап оқу мәдениетінен айрылдық. Сөйлесек қысқа -қысқа жай сөйлемдермен ғана сөйлейміз. Екі сөйлемнің арасында бітпейтін ыңылымыз бен ыңырануымыз бар. Арасында үтірі бар күрделі сөйлем айтсақ ойымыздан жаңыламыз. Салалас сабақтас сөйлемдер туралы сөз қозғамай -ақ қояйық.
Америкалықтар адам бойындағы мына екі нәрені қатты бағалайды. Ойды анық -әрі нақты жеткізу қабілетін және юморды түсінуді. Юморды түсіне білмейтін адамның психикасына күмәнмен қарайды, әуелі. Ал ойды нақты жеткізуге бала күннен машықтандырып, тәрбиелейді. Баламен сөйлеседі, қате сөздерін түзейді. Кез -келген саясаткері, танымал жұлдыздары, бизнесмендері біздің баяғы би -шешендер секілді көсіліп сөйлейді. Ойлары нақты әрі тұжырымды. Тіпті адам ұрудан басқаны білмейтін боксерлеріне дейін шешен сөйлейді.
Солтүстіктегі көршіміз орыстар да сондай. Төтенше оқиға болған жердің кез келген куәгерінің иегіне микрофон тақаса болды зырылдай жөнеледі. Ал бізде сол салаға тікелей жауапты маман ойын айта алмай ыңылдайды да тұрады. Бәріміз сол.
Неге бұлай болды?
Себебі баламызға ертегі , жаңылтпаш, жұмбақ, аңыз, жыр секілді ұлттық мұраның исін де сездірмей өсірдік, өзіміз де солай болдық. Баламызбен әке боп сөйлеспедік, әр түрлі тақырыпта кеңес құрып, пікір сұрамадық, мынандай кітап оқы деп кеңес бермедік. Абай, Мұхтар, Махамбеттердің мұраларымен таныстырмадық (өзіміз де дұрыс танымаймыз). Біреуді боқтағанға мәз болдық, қатесін түзетпедік, қысқасы бала тәрбиесін мектептегі мұғалімге біржола аударып қойдық, сонымен құтылдық.
Қас қылғандай қазіргі білім беру бағдарламасы да тест жүйесіне көшіп алды. Сөйлемей -ақ берілген сұрақтардың нүктесін қойып беріп -ақ мектеп, ЖОО бітіруге болады. Тесті-баланың тілін кесті.
Күндердің күнінде жұмысқа тұру туралы өтінішті қате-қате жазып отырғанын бірақ көресің. «Бір қайғы мың қайғыны қозғайды» дегендей қате демекші өзі қазақша жазғанда қатесіз жазылған мәтінді қызыл кітаптан ғана көретін болдық қой. Қазақша қате жазылмаған мәтін қалмады. Себебі, қазақшадан қате жіберу ұят боп саналмайды бұл күнде. Орысшадан бір қате кетсе кешірілмес күнәдай. Сөзіме сенбесеңіз әріптестеріңіз ия болмаса көпқабатты үйде тұратын көршілеріңізбен құрған уатсап тобына қазақша әдейі қатемен жазыңызшы, бір адам түзетер ме екен?
Ал орысшадан «о»-ның орнына «а» қойып жазып көріңізші, қалай түзетіп, қалай шулар екен.
Орыс тілін білмесе аш қалады деп ойлау құлдық санасынан әлі де шыға алмай келеміз. Шамамыз келсе орыс тіліндегі мектепке бергіміз келіп тұратыны сондықтан.
Ал, елдің 70 пайызы қазақтар екенін, және бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келе жатқанын, осыған орай ішкі нарықтағы тұтынушының негізгі басым бөлігі қазақтар екенін ескеріп отырған ешбіріміз жоқ. Көпшілік қашанда дегенін істетеді. Ертеңгі күні қазақша жақсы білмеген кәсіпкерлер нарықтан шығып қалатын да күн келеді. Саяси ахуал да бұлай тұрмас.
«Ертеңнен бастап барлығы тұтастай қазақ тілінде болсын, әйтпесе заңмен жазалаймыз» деген қаулы да шыға салуы ғажап емес. Сол күнге өзіңіз және ұрпағыңыз қаншалықты дайын?!
Қазақ тілінде кеңінен көсіліп, еркін сөйлейтін білімді адам -сол болашақтың қожасы болмақ. Түптің түбінде қоғам сонымен санасатын болады. Алты миллионнан асқан халықтың тілі ешқашан өлмейді. Кешегі жетпіс жылғы қысымда өлмеген тіл қарыштап дамымаса енді сірә да өлмес.
Ал біз тек қадірін білейік. Қадырын біліп, төрімізге шығарып, өзіміз артынан ілесе білмесек бізді де тастап кете салуы мүмкін ғой. Әбден мүмкін!
Әлікен Жәнібек Сауданбекұлы,
«Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қорының президенті