АЛҒЫС АЛҒАН арымас (немесе жүрек-құмырасы жақсылыққа толы азамат туралы эссе)
Осы өңірдің ауасын жұтып, суын ішкендердің арасында қызметімен ғана емес, адамгершілік болмысымен де халықтың жүрегінде өшпес із қалдырып жүргендері саусақпен санарлықтай қана. Сол аздың бірі, қажыр-қайратқа суарылған іскерлігі мен кісілік келбеті көркем, ең негізгісі жүрегі қайырымдылық пен ізгілікке толы азамат жайлы алғаш естігенде өшкенім жанғандай қуандым. Себебі, қазір қайырымдылық жасап, оны әлемге жар салып «жарнамалыққа» бет бұрып кеткендердің қарасы көбейді ғой. Оларға қарап жасалған жұмыстары есеп-қисап үшін-ау деген қитұрқы ой да бірге ере жүретін болды. Жүректі жылытар «Жақсылық» пен «Қайырымдылық» сынды ұлы ұғымдардың қанаты қайырылып, кетеуі кеткендей болған еді. ЖОҚ! Жасаған шапағатын, атқарған қайырымдылығын көрсетіп әлеужеліні шулатпақ түгілі, айналасындағыларға да білдірмейтін атпал азамат бар екен ортамызда. Халқым, ұлтым деп соққан жүрегі соғысынан жаңылып көрмеген ол азамат Нұра ауылының тұрғыны ТУҒАНБАЕВ Жәнібек Жұмабекұлы. Мақаламызға арқау еткен себебіміз, туған жерге туын тігіп жүрген азаматты өзгелері білсін, үлгі алсын, бағытын біліп болашағын айқындасын деген түйінді ой еді.
Зады, адамның жақсы, жаманын, қандай жан екенін білу үшін сонша көп уақыттың қажеті жоқ-ау. Мінез – адам баласының ішкі жан дүниесінің айнасы. Хакім Абай айтқандай, «Мінез – адамның сауыты». Ал пендеден пенденің айырмашылығы да сол мінезінде, адами қасиетінде жатса керек. Жәнібек Жұмабекұлының да бар ерекшелігі – сол кісілік қасиетінде. 1981 жылы дүние есігін ашып, №12 орта мектептің түлегі атанады. Мамандық таңдауда да жүрегі қалаған медицина саласына барады. С.Асфендияров атындағы медицина университетін хирург мамандығы бойынша тәмамдап, туған жерінен жыраққа ұзамай жұмысын бастайды. Ауыл орталығынан шағын дәріхана ашып, қолжетімді бағада жерлестеріне демеу көрсетуді қолға алады.
Ауылда кездесе қалған үлкен-кіші өткен жылғы ауыр пандемия кезінде осындай білікті дәрігердің қастарынан табылғанына шүкіршілік айтып, көрсеткен қайырымдылығын жыр қылып жеткізіп келеді. Шынында, сол бір қысылтаяң тұста денсаулығы сыр берген ауылдастарына Жәнібек керекті дәрі-дәрмегін беріп, қолтығынан сүйеген. Жұмыр басты пенденің қолда барын көппен бөлісіп, сауапты іс жасауы – ізгі амалдардың бірі. Әсіресе, ел еңсесі езіліп, әрі-сәрі күйге түскенде жаныңдағы жанның жылы сөзі-ақ көңілге көктем сыйлайтыны рас. Сол кездегі індет дендеген уақытта жанын шүберекке түйіп отырған әр тұрғын жылт еткен жақсылыққа жүрегі езіле, жанары жасқа тола қарайтын болды. Қым-қуыт тірлікте «Қайырымдылықты кім жасамайды?» деп аса мән бермеушілер көп еді, сол кезде қоғамның ортасынан табылған қайырымды жанның ісін ерлікке балағандардың саны артты. Олай болмағанда ше, табалдырықтан аттап шыға алмайтын қарт кісілердің есік алдына дәрі-дәрмегімен қоса азық-түлігін де апарып берді. Көмекке зәру отбасыларын, қамқоршысы жоқ балаларды назарынан шығарған жоқ. Одан бөлек биылдың өзінде 15 балаға толықтай мектепке қажетті құрал-жабдықтары мен киім-кешектерін алып берген. Балалардың балдәурен шақтарынан тәтті естелік қалсын деп, қоғамдық тамақтану орындарына апарып, қыдыртып, естен кетпес көңіл-күй сыйлай білген.
Ауыл азаматтарын игі істерге жұмылдыра білуден Жәнібектің ұйымдастырушылық қабілетін де тануға болады. Іргесі көтеріліп, қолданысқа берілуге таяу қалған қатымхананың еденін өзі басшылыққа ала жүріп аяқтатып берді. Ауылда кімнің үйі ас берсе жүрегі кең Жәнібек сол жерден табылады. Үстел-орындықтарын тасып, ошағын орнатып бәйек болып жүргені.
Менің ойымша, Жәнібек Жұмабекұлы – тумысынан ұлттық тәрбиені бойына сіңірген, өз халқының ауыз әдебиетімен ауызданып, кәусарынан қанып ішкен жан ба деймін. Бұл кісінің нағыз қазаққа тән көркем мінезі мен келісті келбеті, құлаққа өте жағымды естілетін қою, қоңыр дауысы ішкі жан дүниесінің зор зияттылығын әр сәтте паш етіп тұратындай. Әділдік пен қиянатқа төзбестік сияқты қасиеттері де бір басына тегіннен-тегін орнай қалған жоқ шығар. Барлығы – тәлім мен тәрбиенің жемісі. Әрине, бұл тараптан келгенде, аялап өсірген ата-ананың орны бөлек екендігі өзінен-өзі белгілі. Әкесі Жұмабек Туғанбаев 1947 жылы Нұра ауылында дүниеге келіп, кеңес заманында қазақ халқы бастан кешкен барлық зұлматтарды көзімен көріп, көкейінде сақтап өскен. Өмір бойы сол кездегі Октябрь совхозында механизатор, кейіннен бас механизатор болып жұмыс істеген. Өзі ылғи қызметте жүрсе де, көзі ашық, көкірегі ояу, нағыз елжанды азамат балаларын да сол үдеден шығу жолында еңбек сіңірген. Ол кісінің ұлтжандылығының бірі сол, қазақ елі егемендік алып, жоғалған құндылықтарын қалпына келтіре бастаған елең-алаң шақтағы 1990 жылдары ауылдағы тұңғыш мешіттің іргетасының қалануына себепші болған. Кейіпкеріміздің қайырымдылық жолдан алыстамай, жақсылық жасауға асығып жүруі де сол абзал әкенің арқасы екен деген ой түйдік. Жылағанға сүйеу, жығылғанға тіреу болған әке аманатына қиянат жасап көрмеген Жәнібектің анасынан дарыған қасиеті де орасан. Алмаш Туғанбаева 17 жасында тұрмысқа шығып, қиындықты жұбайымен бірге көтерісіп, жүдеу тартқан көңілді көрсе жебеп, қазақтың қамқор көңілі мен дархан пейілі кемімесе екен деген ақ тілеумен өмір сүріп келеді.
«Әйелді ер сақтамайды, ар сақтайды» деген тәмсілге сүйенсек, Жәнібек Жұмабекұлының жанына жалау бола білген жары Ермекова Гүлім Болатқызы да білікті дәрігер. Құдай қосқан қосағының да бір мамандық иесі – дәрігер адамы болып, жанын түсініп, оған үлкен құрметпен қарауы, тұрмыстық, отбасылық тіршілікке алаңдатпай, бейқам жұмыс істеуіне жағдай жасауы, ата-енемен бірге тұрып, олардың қас-қабағына қарап, батасын алуы, ең бастысы, елдің ішінде отырған азаматының абыройына абырой қосып отыруы – бағы деп білемін.
Мен Жәнібек Жұмабекұлының тәрбиелілігіне емес, тәрбиешілдігіне де риза болдым. Алдына отырғызып қойып ақыл үйретпей-ақ, әлдекімдер сияқты әсемдеп, бипаздап уағыз айтпай-ақ соңынан ерген іні-қарындастарын өз іс-әрекетімен байқатпай тәрбиелейтін тәсілқой ұстаз ба дерсің.
Қай қоғамда болмасын арына кір жұқтырмаған азаматтар – сол қоғамның абыройы саналады. Осы тұрғыдан алғанда біздің кейіпкеріміздің жүрек-құмырасының жақсылыққа толы екендігіне ел тілегі дәлел.
Нұра ауылының дауылпаз қыраны самғауынан жаңылмас, мәрт жігері майырылмас, серпінінен айырылмас деп тілейік.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»