Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамдың денсаулығы мықты, әрі шыдамды болады. Кез келген адам үшін денсаулық ең қымбат дүние болып табылады. «Дені саудың жаны сау» деген дана халқымыз. Сондықтан біз денсаулығымызды нығайту үшін спортпен шұғылдануымыз керек. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған Жолдауларының бірінде бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне жете мән беру керектігін алға тартқан болатын. Әсіресе балаларды спортқа баулып, олардың салауатты болуына басты назар аудару керектігін айтып, әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажеттігін, жер-жерлерде бұқаралық спортты дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлуді тапсырған еді.
Үстіміздегі жылдың басында Белбұлақ ауылдық округінде ауыл жастарын салауаттылыққа тәрбиелеу мақсатында еліміздің ірі қалаларындағыдай «street workout» алаңдарын салу жоспарланған болатын. Ондағы басты мақсаты – дені сау ұрпақ қалыптастыру еді. «Street workout» бізге шет елден келген спорт түрі. Заман талабына сай ашылып жатқан «street workout» алаңдары қарапайым тілмен айтқанда «ашық аспан астындағы спорт» алаңы деген мағынаны береді. Бұрын баскетбол, волейбол алаңдарына көп көңіл бөлетін едік. Қазір оларды осы заманауи спорт түрімен алмастырып, жастар көп көңіл бөліп жатыр. Көптеген адамдар гиподинамиядан, яғни тірек-қимыл аппараты бұлшық еттері, қан айналым және тыныс алу, ас қорыту мүшелерінің ауруынан зардап шегіп жатыр. Аталған спорт алаңы мұндай мәселелерді шешуге көмектесетін бірден бір спорт түрі. Сондықтан онда жас та, кәрі де жаттығу жасай алады.
Белбұлақ ауылдық округіне қарасты Талдыбұлақ, Бірлік, Белбұлақ ауылдарында «street workout» алаңдарын ашуға бюджет қоржынынан 9 080 000 теңге қаражат бөлінген болатын. Оның 180000 теңгесі жобалық сметалық құжат әзірлеуге жұмсалған. Қалған 8900000 теңгесін үш ауылға бөліп, бүгінгі күні әр алаңға 2967000 теңгеден қаражат жұмсалды. Әрбір «street workout» алаңының көлемі 100 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарын «ART» жеке кәсіпкерлігі жүргізуде. Келісімшарт бойынша жұмыс желтоқсан айының 31-не дейін аяқталуы керек болатын. Бірақ мердігер компания қазан айының соңында үш алаңды да жүз пайыз аяқтап, тұрғындар игілігіне бермекші. «Мердігерлер сапалы жұмыс жасап жатыр. Мемлекеттік стандартқа сай. Ауыл әкімшілігі тарапынан жіті қадағалуда. Біраз күнде ауыл тұрғындары алаңның игілігін көре бастайды. Біздің мақсатымыз ауыл жастарын спортқа баулып, жалпы тұрғындардың денсаулығының мықты болуына жағдай жасау»,- дейді ауыл әкімінің орынбасары Абзал Сабалиев.
-Ауылымызға қаладағыдай «стрит воркаут» салынғанына ризамыз. Бұл балалардың уақыттарын тиімді өткізу үшін жасалып жатқан жақсы мүмкіндік деп білемін. Бұрындары басымыз қосылса көбіне футбол ойнайтын едік. Енді бір мезгіл жаттығулар жасап, дене шынықтырамыз. Бәрімізге қуаныш сыйлаған ауыл әкімдігіне алғыс айтамыз,- дейді №34 орта мектептің 8-сынып оқушысы Бақтияр Манап.
«Street workout» мамандандырылған алаңқайлары ең пайдалы құрылғылармен жабдықталған. Алаңқайдағы құрылғылар жабдығы бұлшық еттердің барлық топтарын жұмылдырып, жаттығудың тиімділігін арттырады. Аталған алаңқайларды орнату арқылы тұрғындардың спортпен тегін айналысуына жол ашылмақ. Спорт алаңқайлары еліміздегі қатал ауа-райына да бейімделген. Бұл алаңқайлардың басты ерекшелігі – үлкен ауыртпалықты көтере алатын мықты бекітулер. Ал резинадан жасалған жабдықтар жаттығу кезінде жарақат алу қаупін сейілтеді. Салауатты өмір салтының қарапайым қағидаларын ұстанып, денсаулығымызды нығайтып, өмірімізді ұзарту үшін осындай алаңдардың игілігін көрейік.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»