Отанды сүюдің іргетасы алдымен туған жерге деген сүйіспеншіліктен қаланады. Кіндік қаның тамып, кіндік бауың кесілген, туып-өскен жер әрбір адам үшін қастерлі де қасиеттті. «Отан отбасынан басталады», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», «Туған жер — тұғырың, туған ел — қыдырың» деген ұлағатты сөздер Отан-Ананың қаншалықты киелі екенін білдіреді. Өсіп-өнген қара шаңырағың, аяулы ата-анаң, балалық шағыңның бал дәурені өткен ауылың, білім ұясы, туған көше, асыр салып ойнаған достарың, міне, осының бәрі туған жерге деген астық ықылас пен сүйіспеншіліктің мөлдір бастауы. Ұядан қияға ұшып, ат жалын тартып азамат боп кетсек те туған жерге деген перзенттік сезім ет жүрегіңді елжіретіп, жан сарайыңды жылылыққа бөлейтіні анық.
Иə, дəм-тұз бұйыртып менің өмір белесім əрі еңбек жолым бірлігі мен берекесі жарасқан қасиетті Талғар топырағында жалғасып келеді. Осы жерде бала-шағам өсіп-өнді, халықпен қоян-қолтық араласып, ел игілігі жолында еңбек етіп келемін. Қазақстанның қай жері болсын – Отаным, туған елім, атамекенім. Өйткені, əрбір қазақ баласы үшін сан ғасырлық тағылымды тарихы бар атамекен — Қазақстан жерінің əрбір тасы, сай -саласы, өзен-көлі, асқаралы таулары мен сайын даласы- бəрі де ыстық əрі қасиетті. Олай дейтінім, ұшса – қыранның қанаты талатын, шапса – тұлпардың тұяғы тозатын қазақтың байтақ даласы халқымыздың басынан өткен небір тар жол тайғақ кешуін, осынау ұланғайыр жерімізді жаудан қорғап, көзінің қарашығындай сақтап ұрпағына аманаттап, мирас етіп қалдырған ата-бабаларымыздың ерлік пен өрлікке толы өмір дастанынан сыр шертіп тұрғандай. Даңқты бабаларымыз еркіндік пен биіктікті мұрат еткен елінің арманаңсарын тасқа қашап қалдырған, туған жердің əр тасына қаһармандық тарихын бəдіздеп жазып, оюмен өрнектеген ғой… Қазақстан – қазақ халқының тарихи мекені, ежелгі ата қонысы. Елбасымыздың: «Біз өз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан елміз. Қазақтың тарихы өте бай. Қазақтың көп дүниелері атадан балаға ауызекі түрде беріліп келген. Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дəуірге ұласып, кейін біртіндеп Тəуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз» деген өрелі сөзі осының айқын дəлел бола алады. Ұлы даланың асыл мұраларын, қатпарлы көне тарихын, мəдениеті мен ата салт, асыл дəстүрін қайта зерделеу тұрғысынан рухани жаңғырудың маңызы зор. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ел болашағын айқындайтын бағдарламалық мақаласында қазақ елін көркейтіп, ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпаққа дəріптеуге негізделген «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Мақалада «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады, делінген. Осыған орай, халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайтын «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің
географиясы» жобасы жүзеге асырыла бастады. «Ел болам десең бесігіңді түзе» демекші, Мемлекет басшысы ұсынып отырған «Туған жер» бағдарламасы рухани жаңғырумыздың, жас ұрпақтың бойында елжандылық қасиеттірін қалыптастыруға негіз болатын маңызды шешім. Бұл ретте білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мəдени нысандарды қалпына келтіруді жүзеге асыру қажет. Елжандылықтың жарқын үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің əрбір тасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертетінін жан –дүниелерімен сезіне отырып сана көзімен түйсінудің маңызы зор. Əрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен əңгімелер бар. Əрбір өлкенің ел-жұртына қысыл таяң кездері пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бəрін жас ұрпақ біліп, қастерлеп өскенде ғана елдің еңсесі биік, келешегі кемелді болары анық. Мəселен, өзіміз өмір сүріп, суын ішіп, ауасын жұтып, көшелерін кешіп, қызмет атқарып жүрген жері шұрайлы, халқы шырайлы алтын бесігіміз -Талғардың тарихы туралы не білеміз. Иə, Талғар тарихы тереңнен сыр шертеді. Кейбір деректерге қарағанда, он үш ғасырлық тарихы бар Талғар қаласының бұрынғы аты — ТАЛХИЗ деп аталған екен. VIII-IX ғасырлардың жазба деректерінде Талхиз деген атпен белгілі бүгінгі Талғар қаласының маңайына жасалған археологиялық зерттеулер шаһардың өте көне мекен екенін дəлелдеп отыр. Мəселен, қазба кезінде қаланың ішкі жағындағы қабірге жерленген мəйіттің қолының сұқ саусағынан қоладан жасалған мөрсақина табылған. Мөрдің бетіндегі таңбалар ХІ ғасырға тəн сына жазуы екендігі анықталды. Алғаш рет 982 жылы Худуд əл-Əлемнің «Əлем шекарасы» трактатында Талхиз атауы қолданылған. Автор бұл қала түркілердің чигил мен қарлұқтың шекарасында орналасқанын жазған. «Талхиз» деген атауды зерттеген ғалымдар бұл атау көне түркінің «донгар» сөзінен алынғанын, мағынасы «Жоғары мұзды тау» деген ұғымды білдіретіндігін анықтады. Талғардың оңтүстігінде VII-VIII ғасырларда Қарлұқ мемлекетінің орталығы болған «Талхиз» қаласының орны сақталған. Ірі əкімшілік, саяси, сауда орны ретінде жазба деректерде Х ғасырда атауы кездеседі, сөйтіп, қала VIII ғасырдан XIII ғасырдың
аяғына дейін өмір сүрді. Соңғы 30 жылда тарих ғылымдарының докторы, Ə.Х.Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері Т.В. Савельеваның жетекшілік етуімен жүргізіліп жатқан далалық зерттеулер ортағасырлық қала құрылысы, ондағы тастан салынған жолдар, аулалар, тұрғын жəне шаруашылық жайлардың кешені, су жүргізу жүйесі, жекелеген санитарлық құрылымдар – септиктер, бірнеше түрлі ошақтар мен түтін өткізгіш каналдар – кандар түріндегі жылу жүйесінің болуы, сауда-саттықтың дамығанын айқындайтын ерекше археологтялық көне бұйымдар мен материалдар табылған. Шебер-зергерлер қолынан шыққан керамикалық жəне əйнек ыдыстардың коллекциясы, мыс жəне қола құйма бұйымдары, мүйіз бен сүйек бұйымдар зерттелінді, темір өңдеу өндірісінің қару-жарақ, ауыл шаруашылығы құралдары, əртүрлі қолөнер өндірісінің қолданатын құрал-жабдықтары түріндегі бай қоры жинақталды. Сол дəуірдегі Талхиз қаласының Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда орталығы болғандығын импортты тауарлардың табылуы да дəлелдейді. Жергілікті отырықшы халық мал өсіруді ғана кəсіп етпей, түсті жəне асыл металдарды да өңдей білген. Сонымен, ІІ ғасырдан ХVІ ғасырға дейін Орта Азия арқылы Қытайды алдыңғы қатарлы елдермен байланыстырған Ұлы Жібек жолы саудасының керуені Талхизге де тоқтағанына деректер табылуда. Иə, Талхиз қалашығы – бұл халқымыздың рухани, тарихи құндылықтарының бірі ғана. Тереңнен зерделейтін болсақ, мұндай қасиетті рухани дүниелер Талғар топырағында көптеп табылады. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жалпыұлттық қасиетті орындарды жəне аса қастерлі жерлерді сақтауға, əрі елдегі туристік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. Олай болса, жаһандық өзгерістер өмірімізге дендеп еніп жатқан заманда өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді, рухани тамырымыз бен құндылығымызды сақтай білуге бағытталған «Туған жер» бағдарламасын қолдай отырып, жаңа ғасырдағы əлемдік, өңірлік, ішкі-сыртқы тəуекелдерге қарсы тұра алатын отаншыл ұрпақ тəрбиелеуге атсалысайық, ағайын.. Жұмахан Еңкебайұлы, аудандық мəслихаттың хатшысы
Қазыбек ӘБІЛҚАЙЫР