Тәуелсіз Қазақтың қызымын

Тәуелсіз Қазақтың қызымын

Кез-келген елдің жылнамалық тарихында тарихи бастау алған кезеңдері болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылдың 16 желтоқсаны. Бұл – еліміздің ұлттық тарихындағы айырықша тарихи күн. Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс.

Тәуелсіздік мерекесі, мемлекетіміз бен халқымыз үшін ең басты әрі құнды мереке. Биыл рухы асқақ, тұғыры биік тәуелсіз мемлекетімізге 30 жыл толуда. Қарапайым қазақтың тілімен айтқанда нағыз ердің жасында, ұлы мақсаттардың басында тұрмыз. Отыз жыл ішінде Қазақстан экономикалық дамуда, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуде аса зор жетістіктерге қол жеткізді. Тұрақтылық және қоғамдағы өзара түсіністік, зор жауапкершілікпен жүзеге асырылған сыртқы саясат – республиканың ғаламдық деңгейде беделін өсірді.
Тәуелсіз еліміз ширек ғасырға аса уақыт ішінде қаржы дағдарысының қиындықтарына қарсы тұрып, тұрақты даму жолына түсті. Биік белестерді бағындырып, толағай жетістіктерге қол жеткізді, әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына енді.

Тәуелсіздік – ол ұлттық мереке, оның тамыры – жасампаздық рух, ұраны – ел мен халық. Өміршеңдік пен кемелділік аясында өмір сүріп, бейбітшілік, татулық туын биікке көтерген Қазақстан халқы жаңа әлемнің жаңалықтарына ұмтыла бермек.

Өткенімізге көз салсақ сүрлеуі мол соқ­пақтармен, ой-шұңқыры, қауіп-қатері көп көпірлерден де өтіппіз. Азанымыз ақырын, жаназамыз жасырын айтылған кездер де жазылыпты тарих бетінде. Ел тәуелсіздігіне қол жетіп, бостандықтың боз таңы атқан сәтте сағына қауышқанымыз – дініміз бен діліміз еді. Еңбектеген баладан еңкейген қарияларға дейін ел еңсесін көтерген бұл күн баршамызға бағалы, мән-мазмұны терең мейрам. Кешегі қысылтаяң уақытқа, діл мен діннің дәрменсіз қалған кезеңіне көз салып, бүгінгі шаттығы мол шаңырақта еркін құлшылық қылып отырған заманға бір қараған адам тәуелсіздіктің «Тәңір берген тәтті сый» екенін ұғынары рас.

Бүгін біз кешегі тарихтың соқпағынан сүрінсе де, жығылмаған, дінін дәстүріне айналдырып, сенімін жоғалтпаған текті елдің тізгінін ұстап отырмыз. Шапқан тұлпардың тұяғы тозатын, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр мекеннің мұрагерлеріміз. Сондықтан да ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ең алдымен өзіміз ұғынып, оны ұрпаққа жеткізу – парызымыз.
Еліміздің еңсесін түсірмей, өзге елмен тең ұстап, қаншама ұлттар мен этностардың басын қосып, бірлігі жарасқан, ұйымшылдыққа ұйыған мемлекет құру, оны ұстап отыру оңай іс емес екені баршамызға мәлім. Ендеше осы тәуелсіздігіміздің қадірін біліп, қасиетін ұғындыру үшін өскелең ұрпаққа насихаттай отырып, келешегіміздің кемелденуіне, болашағымыздың жарқын болуына ат салысайық!

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»