Тауға қарап бой түзеген азамат

Тауға қарап бой түзеген азамат
1977 жылдың күзі. Жоғары Партия мектебіне оқуға түсіп, Алматыдағы жаңа жағдайға көптен бері қол үзіп кеткен оқу процесіне, қайта басталған «студенттік» тіршілік-тынысқа бой үйрете бастаған кез еді. Сабақ бітіп, түскі астан кейін жатақхана бөлмелерінде бір сәтке тыныштық орнай қалады. Мен де төсекке жантая бергенімде есік қағылып бөлмеге сұңғақ бойлы аққұбаша жігіт кіріп келді. Амандық-саулықтан кейін-ақ «Әбілбек, сенбісің? Оқуға түсуіңмен, бауырым», — деп құшағын жайды. Екеуміз де бірден ежелден таныс жандардай әңгіме-дүкен құрып кеттік.
Бекболат Батталханов та осы жылғы жазда Партия мектебін бітіріп, Талғар аудандық партия комитетіне қызметке орналасыпты. Екеуміздің сөзіміз жарасып, ниет, тілегіміз ұштасып, бауырмал достығымыздың тамыры осы күнге дейін жалғасып жатқан жайы бар.
Партия мектебіндегі айналдырған екі жыл көзді ашып жұмғанша өте шықты. Бекболат осы аралықта өзінің араласып-құраласып жүрген ең жақын деген жолдас-жораларының бірсыпырасымен мені таныстырып шықты. Солардың бірі және бірегейі Хамза Сүлейменов-Қапыкең болатын. Қапыкеңмен де екеуміздің төрт-бес жас айырмашылығымызға қарамай тез тіл табысып, араласып жүре келе жолдас, дос болып кеттік. Олар қатарластарымен бас қоса қалған жерлерде орысша-қазақшасын араластырып әңгімені қыздырып, қой бастаған серкедей жиналғандарды аузына қаратады.
Қапыкең 1979 жылдары Талғар ауданының Таморовский атындағы алдыңғы қатарлы кеңшарында партком хатшысы, ал мен Нарынқол ауданындағы Ленин атындағы колхозда партия қызметінде едім. Екеуміз облыстық партия комитетінің пленумдарында, семинарларында кездесіп, жұмыс жағдайымызды ортаға салып, қарым-қатынасымызды шалғайда жүрсек те үзбедік.
1983 жылдың жазында облыстық партия комитетінің келісімімен Шелек ауданына қызметке ауыстым. Мен еңбек еткен Масақ ауылында Қапыкеңнің нағашысы Ұлы Отан соғысының ардагері, ауылдың құрметті қария­ларының бірі Әбдібай Тоқманбетов тұрады екен. Әбікеңнің үйіндегі той қуанышының бірінде тағы құшақ жая сағынысып кездестік.
Хамза Әрімжанұлы бұл жылдары облысқа танымал біліктілігі жоғары партком хатшыларының бірі атанған. Олай дейтінім, Қапыкең Қазақстан Компартиясының съезіне делегат болып қатысып, Орталық Комитеттің Пленум мүшесі болып сайланып үлкен құрметке ие болды. Бұдан соң КПСС Орталық Комитетінің съезіне делегат болып сайланып, беделі өсе түсті. Қарапайым партия хатшысының мұндай жоғарғы дәрежеге жетуі ол заманда сирек кездесетін жағдай-ды. Қапыкең қызметтік сатыларымен биікке көтерілсе де өзінің азаматтық келбетінен, қарапайымдылығынан, дос­тарына деген жүрекжарды ақкөңіл мінезінен айнымады. Жол түсіп Талғардағы үйіне бара қалсаң есік ашық, дастарханы жаюлы, күлімдеп қарсы алған жары Раушан мен Қапыкеңді көресің. Ол кезде әлі бала Мараты мен Қанатын өбектеп, еркелеткен раушан гүлдей жайнаған Раушан мен қайраты тасыған Қаныкеңнің шат-шадыман бақытты отбасының қуанышты тіршілігін көріп риза боласың, сүйсінесің.
Тағдыр бізді бір-бірімізден қол үзбесін деді ме, достығы жараса түссін деп шешті ме өмір жолымызды түйістіре берді. Бұған жаратқан иемізге мыңда бір ризамын. Мақтау-мадағымды айттым.
1986 жылдың Желтоқсан оқиғасының тұсында Х.Сүлейменов Алматы облыстық партия комитетінің қаулысымен Шелек ауданының Асы кеңшарында директор болып тағайындалды. Мен де 1987 жылдың көктемінде аудандық «Еңбек туы» газетінде бас редактор болып бекітілдім. Шаруашылықтың жай-күйімен танысқан Қапыкеңнің кеңшардағы жұмыстың барысына көңілі толмағаны бірден байқалатын. Ашық мінезді, көңіліне келгенін бүкпесіз айта салатын. Оның осынау «орыс» мінезді қалпы біреуге ұнаса, біреуге ұнамай жататын. «Здесь нужно все по новому организовывать», — деп орысша, тік мінезіне басып бар жоспарын мамандарының алдына жайып салатын, орындалуын қатаң бақылайтын. Оған «балабақша ғимараты бос тұр, соған көшіп келіп үйге ыңғайлап алыңыз», — деп ұсыныс та айтылған-ды. «Жоқ, олай болмайды. Балалардың болашағын ұмытпау керек. Балабақшаны жөндеп үйде отырған әйелдерге жағдай жасап оны халық игілігіне жарату керек қой», — деп ұсынысты қабылдамай тастады. «Маған екі-үш бөлмелі шағын үй де жетеді», — деп шешіп, кеңшарда жұмыс істеген жылдары бірінші кезекте жұмысшылардың әл-ауқатын, тұрмыс-жағдайын жақсартуға көңіл бөлді. Мектепті жөндеді, монша, тіпті товарлы сүт фермасына монша салдырды. Ауылдың су, жылу жүйелерін жаңғырта бастады. Жекешелендіру науқаны бастала бергенде еңбек ұйымдастырудың озық тәсілдеріне жүгініп жұмысты жаңа арнаға бұрды. Соның нәтижесінде шаруашылықтың экономикасы күрт өсті, жұмысшылардың табысы ұлғайды. Сол сияқты кадрларды іріктеп, орналастыруға, әсіресе өз мамандығын жетік меңгерген білімді жастарды жұмысқа тартып оларға жетекші салаларды басқаруды сеніп тапсырды. Бұл күндері ауданымыздың басшы қызметтерінде жүрген Алтай, Сәкен және тағы басқа азаматтар Қапыкеңнің тәрбие тезінен өткендер. Мәселен, кеше ғана институттың дипломын қолына алған Алтай сынды балаң жасты, өз шешімімен жоғары лауазымды қызметтерге бірден тағайындауы оның жасқа сенгендігі, әрі батылдығы демеске болмайды. Қапыкеңнің сол жылдары басшылық жүйесінде қалыптасқан шаблонды бұзуы, кеңшардың экономикалық жетістіктерін көре алмаған кейбір жандардың кеудесіне қызғаныш отын тұтатты. Түрлі жел сөздерді таратты. Қалыптаса бастаған осындай күрделі ахуалға қарамай Қапыкең өзі ұстанған жолынан таймай ақиқаттан айнымай алға жүре берді.
Ауданда жиналыс болады дегенде Қапыкең «үйіңе келемін» деп алдын ала хабар жіберетін. Шай ішіп болған соң Аят деген кенже баламды еркелетіп онымен ойнап, көңілін жайландыратын. Одан кейін ойын ортаға салатын. «Жиналыста міндетті түрде мені де орнымнан көтереді, сөз береді. Мына мәселелерді қазақшалап қалай баяндағаным дұрыс болады? — деп тұратын. Орыс тілді ортада өсіп сонда қызмет атқарған оған қанша тырысқанымен ана тілінде ойын жеткізу қиынырақ соғатын. «Әр аумақтың, әр ортаның ежелден қалыптасқан өзінің психологиялық жүйесі болады. Оны бұзамын деп көп адамдардың басы тасқа шағылған. Сен «орысша» мінезіңді сәл қойып өзіңе айтылған сынға шыдамдылық, ұстамдылық танытқаның дұрыс. Олай дегенім бас ие бар деген сөз емес. Заман, уақыт өзгереді бірте-бірте бәрі орнына келеді. Шаруашылықтағы жұмысыңды дұрыстап жүргізсең сені жау алмайды. Айтылған сынды түзеймін дегін. Әңгіме осымен бітеді», — деп мен де өз пікірімді айтқан болдым. Дипломатияға бағыттаймын. Ол «мақұл» дегендей бас изейтін.
Жиналыстарда сөз берген соң мінберге шыққан Қапыкең анда-санда қолын сілтеп қойып шаруашылықтағы жұмыс барысын білген қазақшасымен баяндап шығады. Өзіне қойылған бір-екі сұрақтан кейін-ақ өзінің мінезіне басып, «почему у нас так не делается?», — деп аудан басшыларының кейбіреуін сұраққа ала бастайды. Мұндай бетбұрыс кімге ұнай қойсын. Қапыкеңнің ортақ істі жақсарту жөніндегі жүрегінен шыққан ақ тілегі, пікірі өзара түсіністік таппай қайшылыққа ұласып жататын.
Жиналыстан шыққан соң «Қапыке, сөзің басқа жаққа ауып кетті ғой» десек «Да ну, ішіме сыймай кетті. Мейлі», — деп қасқайып қайтпайтын.
2021 жылдың қаңтарында егемен елімізде Парламент мәжілісінің сайлауы өтті. Жаңа Парламент сайланды. Үкімет басшысын бекітуді дауысқа салғанда «Ақжол» және «Халық» партия өкілдері дауыс беруден қалыс қалды. Бұл да демократия көрінісі, саяси өміріміздегі бұрын-соңды болмаған оқиға емес пе. Советтік кезеңде қарсы дауыс берудің соңы аянашты жағдаймен бітер еді ғой. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы мұндай дауыс беруді «ерекше бір жаңа бағыт» деп тұжырым жасады. Міне, Х.Сүлейменовтің сол кезде шыдамай айтқандары да бүгінгі күннің өлшемімен алсақ, шаруашылықтағы жұмысты жақсарту үшін жүректен жүрекке шыққан жан айқайы әрі қалыптаса бастаған жаңа көзқарастарының өркені іспеттес деуге келеді.
Мен білетін Қапыкең таныстығымызға, бірге жүргенімізге жарты ғасыр жуықтаса да бәз-баяғы жас кезіндегідей. Тек бұрынғыдай емес арыны сәл басылып, орысшасы бәсеңдеп қазақшаға ден қойған. Мақалдап, мәнерлеп сөз сөйлегенде, әңгіме айтқанда ешкімге дес бермейді. Зейнеткерлікке жетіп сексеннің биігінен шықса да жүрісі ширақ, бойын тік ұстайды, ойы анық. Мен Қапыкеңді «нағыз білгір құрылысшы», — деп айтатынмын. Танысқалы бері қашан көрсеңде бір сәтте қол қусырып жайбарақат марқайып отырғанын көрген емеспін. Талғардағы әкеден мұра боп қалған үйін жылма-жыл әр жерін әрлеп, жаңартып жөндеп жатады. Үй айналасы бау-бақша, бәрі ретті, айнала көздің жауын алады. Жаңа қонысқа көшкелі бері де жұмысы екі есе көбейгендей. Мұнда да құрылыс жұмысы жыл он екі ай қызып жатыр. Келсең болды «жүр, не салып, не жасап жатқанымды көрсетейін», — деп үй-жайын аралатады. Көріп, қуанамын.
Бұл күндері Сүлейменовтердің отбасы да өсіп, өнген, бақытты, шаттықты отбасының бірі. Әркез жұмыс-жұмыс деп тыным таппайтын, демалыс көрмейтін, жас балаша күтімге үйренген Қапыкеңнің көңілін тауып, дегенін жасап жүрген оның сүйікті жары Раушанның еңбегі ұшан-теңіз. Балаға ана тәрбиесі деген ерекше ғой, орны бөлек. Екеуі де, ұл-қыздарына жақсы тағылым беріп, білім алуына, қоғамымыздың белсенді азаматтары болып қалыптасуына бар жағдайын жасай білді, жол көрсетті. Бүгін Қанат пен Маратынан, Адила қызынан немере сүйіп оларды аялап өсіріп отырған қадірлі ата мен әжеге айналды. «Әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер» демекші олардың өнегелі ұлы мен ибалы қыз болып өскендерінен бабаларымыздың осылай деп тектен тек айтпағанына анық дәлел.
Қапыкеңнің өзі де, бірге жүрген үзеңгілес азаматтары да арада қанша жыл өтсе де бір-бірінен қол үзбей достық, бауырмалдық, сыйластық туын жоғары көтеріп келеді. Бекболат, Сәкен, Сағатбек, Чапай және тағы басқалары бас қоса қалса бірін-бірі жылдап көрмегендей сағынысып, қауышып жатқаны. Әзіл-қалжыңдары жарасып, үйді думанға толтырып, орталарына нұр шуақ шашады. Әндерін шырқап, махаббат қызық мол болған өткен жылдарын еске алып болашаққа көз тастайды. Жандарына отырған айдай көркем жарларына арқа сүйеп, бір-біріне деген жүректерінің айнымас сезімдерін жеткізіп отырады.
Шынайы достық дегенді қадірлей білген, ыстықта да, суықта да бір-бірінің қастарынан табылған, қиыншылықтарын бірге арқалап, қуаныштарын бірге бөліскен ертұлғалы жандардың өмір жолынан жастардың алар өнегесі көп-ақ дер едім.
Талғар жер жаннаты Жетісудың қазыналы, шұрайлы, шырайлы керемет бір аумағы. Қазақ елінің мол тарихын қойнауына жасырып жатқан қасиетті өлке. Заңғар Алатаудың етегін көздің жауын алатын жасыл-көк шыршалар, аққайың, терек, тау, сан түрлі басқа ағаштар мен өсімдіктер әлемі көмкеріп, қалың кілемдей жайнатып жіберген. Қар басқан Алатаудың аспанмен ұштасқан найза шыңдары мен мұндалап қол бұлғағандай болады. Қапыкең болса немерелерін жүрдек көлігіне отырғызып алып, туған жерінің осынау сұлу, көркем табиғатының аясына барып тыныс алуға, оны тамашалауға бет алып бара жатыр. Өмірінің жалғасы, отбасының қуанышы немерелерінің өсіп келе жатқанына көңілі толып барлық ауыртпалықтарды ұмытқандай болады. Шашын қырау шала бастаса да кәрілікке бой алдырмаған, жаны да, тәні де әлі жас қалпында. Бір шөкім бұлт жоқ көгілдір зеңгірде қалықтаған қырандай алға самғап келеді. Немерелерінің дабырын, риясыз бал күлкісін естіген сайын жаны жай табады, ерекше ыстық сезімге бөленеді. Алатаудың маңғаз биіктеріндей, бел-белестеріндей сабырлы қалыпқа түсіп көңілі қуанышқа толып, жүзі нұрлана түседі.
Тау жолы бұралаңы, Маралды сайға жетуге де тақау қалыпты! Осы қалпыңнан таймай немерелеріңмен бірге қол ұстасып қырандай самғап, лайым биікке өрлей бер, досым Қапыке!
Әбілбек Айтақынов,
Райымбек және Еңбекшіқазақ
ауданының «Құрметті азаматы»