Қазіргі кезде еліміздің рухани адамгершілік байлығын, мәдени мұрасын зерттеп, оны жастар бойына жұғысты қасиет етіп меңгерту, сол арқылы ізгі жүректі, қайырымды, іскер азамат тәрбиелеп шығару – жалпы әлеуметтік мәселе болып табылады.
Еліміздің болашағы ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты, өйткені еліміздің тізгінін ұстап, жеріміздің байлығын, тарихымыз бен мәдениетіміздің асыл мұрасын қастерлеп, ұлтымыздың лайықты перзенті бола алатын ұрпақ тәрбиелеу, оларға жан жақты қамқорлық көрсетіп, мейірім шуағын, жүрек жылуын сыйлау халқымызға тән асыл қасиетіміз.
Осынау аталы сөзді іспен ұлықтауды парыз санаған «Самға – Н» Мүгедектер Қоғамдық Бірлестігінің ұйымдастыруымен наурыз айында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Қайырымдылық – жылы жүректен» атты мерекелік кеш өткізілді. Аталмыш мереке «Азия» мейрамханасы, «Талғар – Су» ШЖҚ МКК, «Марат» ӨК, «Самға» ЖШС, «Евразия банк» АҚ демеушілігімен жүзеге асырылды. Кештің құрметті қонақтары Қазақстан Республикасының әншісі Мерей Дарибаев және Бекбау Жәнібек өз өнерлерін көрсетті. Кеш соңында келген қонақтар ізгі тілектерін жеткізіп, жылы лебіздерін білдірді.
Мұндай ізгілікті, шапағаты мен мейі—рім шуағы мол шара аясында өткізілген әртүрлі әдіс топтамасымен тәрбиелік мәні зор ұлағатты сұхбаттар, кездесу, пікірлесу жұмыстары оң нәтижесін беріп келеді.
Сондай-ақ әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына қолдау көрсетіп, көпбалалы аналарды азық-түлікпен қамтамасыз етіп, киім-кешектер мен оқу құралдарын тарту еткен «Самға-Н» МҚБ-ін мақтанышпен айта аламыз.
Зарина Сатыпалды,
Талғар ауданы жастар ресурстық
орталығының маманы