Қазақстанда дін мен мемлекет қатынасындағы зайырлылық ұстанымы азаматтық қоғам қағидаттары аясында жүзеге асатын қоғамдық үдеріс болып табылады. Бұл жайында Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын берік ұстану біздің қоғамымыздың тұрақты дамуының берік кепілі болып табылады» деген болатын.
Біздің елімізде әрбір азаматқа ар-ождан бостандығына кепілдік берілген және барлық конфессиялар ұстанушыларының заң алдында теңдігі қамтамасыз етілген. Мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара қарым-қатынастарының принциптері мен діни сенім бостандығы деңгейі мемлекеттің зайырлығының көрнекті көрсеткіші болып табылады.
Зайырлы мемлекеттің ерекшелігі қоғам қауіпсіздігін сақтау мақсатында ешбір діннің атынан шешім қабылдамайтындығы болып табылады. Зайырлы мемлекетте әрбір азамат өзі таңдаған немесе ата-бабасынан мирас болып қалған дәстүрлі рухани құндылықтарды толығымен ұстану құқығына ие. Ешкім ешкімді дінге сенуге немесе сенбеуге, мешіт немесе шіркеуге баруға мәжбүрлей алмайды. Азамат дін саласында ерікті жеке тұлға болып табылады. Оның рухани дамуы үшін зайырлы мемлекет барлық жағдайды жасайды. Дін, мәдениет, ғылым, өнер сияқты адамның рухани кемелденуінің негізі болып табылатын салалар – зайырлы қоғам дамуына үйлесімді бүтін құндылық ретінде қызмет етеді.
Азаматтарының бірегейлігін қалыптастыруға бағытталған күрес әлемнің көптеген аймақтарында мемлекеттік саясаттың ең маңызды мақсаттарының бірі. Ұлттық және діни бірегейлікті сақтау мемлекет тәуелсіздігінің кепілі.
Қазіргі уақытта Батыс мемлекеттерінде зайырлылық теориясы діни құндылықтарға қарсы бағытталған шабуыл құралына айналып отыр. Батыста «зайырлылық» ұғымы «дінге қарсы жауыққан ұстаным», «христиансыздандыру», «исламсыздандыру», «дінсіздендіру» деген мағыналарға ие. Дегенмен, ХХІ ғасырдың Батыс мемлекеттерінде «жауыққан зайырлылық» қарқынды түрде дамып жатқан тұста Қазақстанда ҚР-ның «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында көрініс тапқан зайырлылықтың қазақстандық моделі қалыптасты. Оның негізгі мазмұны басты діни құндылықтарға тең қадамдармен жақындасуды және мемлекеттік құқықтық жүйені жетілдіруде азаматтар үшін тиімді өмір сүру салтының оң мәнін табудың ізденісін білдіреді. Қазақстанда дінді және дін ұстанушыны қорлауға жол берілмейді. Мемлекет те, дін де зайырлылық қағидаттарын асқақтатуға ат салысып, қазақ өркениетінің аяқ асты етілуіне жол бермейді.
А.Әшімахұн,
Талғар ауданы әкімінің
орынбасары