Қайырымдылық акциясы бастау алды

Қайырымдылық акциясы бастау алды

Елімізде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жалпыұлттық деңгейде «Қайырымды істер марафоны» бастау алған болатын. Игі шара еліміздің барлық өңірлерінде қолға алынды. Жуырда жақсылық марафоны біздің өлкеге де келіп жетті. Алматы облысының әкімдігі, «Халық» қайырымдылық қоры және Қазақстан Халық банкі бірлесе «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында «Ел тірегі — Елбасы» қайырымдылық акциясын бастаған болатын. Аталмыш акция аясында облысымыздың аудан, қала, ауылдарындағы әлеуметтік аз қамтылған 2000 отбасына 6000 қорап азық-түлік таратылып берілуде.

Игі бастама аясында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ауданымыздағы аз қамтылған, мүгедек балаларды асырап отырған отбасылар тізімін жасап облыс әкімдігіне ұсынған болатын. Күні кеше қайырымдылық керуені ауданымызға ат басын тіреп, тізімге ілінген 170 отбасына 510 азық-түлік қораптарын үлестірді. Азық-түлік қораптары Талдықорған қаласынан әкелініп, қаламыздағы «Алмалы» балалар және жасөспірімдер спорт кешеніне түсірілген болатын. Талғар қаласы мен он ауылдық округке бөлінген азық-түлік қораптары тиісті отбасыларына түгелдей таратылып берілді. Көмек алған әрбір отбасы жомарт жандардың ізгі амалына дән риза болып, осындай игі бастамаға мұрындық болған Мемлекет басшысының қамқорлығына алғыстарын білдіріп жатты. «Қайырымды істер марафоны» ауданымызда әлі жалғасын тауып, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды назардан тыс қалдырмайтын болады.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»