Күбі жасаудың шебері

Күбі жасаудың шебері
Кім-кімге де бұл өнер қиын тиген.
Біреуге атақ,
Біреуге тиын тиген.
Шын шеберлер темірден шілтер тоқып,
Шын шеберлер ағаштан түйін түйген, —
деп ақын Қадыр Мырза Әли жырлағандай, көнеден үзілмей келе жатқан ата кәсіпті жалғастырып жүрген хас шеберлердің еңбегін қалай мақтап, қалай дәріптесек те орынды.

Олай дейтініміз, бүгінде ұлттық қолөнер бұйымдарын жасаудың қыр-сырына қаныққан шеберлер саусақпен санарлық. Солардың қатарында Алатау ауылдық окру­гіне қарасты Т.Рысқұлов ауылының тұрғыны Дәулет Бегімбетов те бар. Күбі жасаудың шебері атанған Дәулеттің қолынан шыққан бұйымдар бүгінде үлкен сұранысқа ие.
«Ата өнері – балаға мұра» деп тегін айтылмаған ғой. Әңгімемізге арқау болып отырған кейіпкеріміздің де бойына біткен ісмерлік қасиет аталарынан дарыған-ды. Арғы аталары Бегімбет пен Бәйімбет, Сауранбай ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген хас шеберлер болған. Ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңдерде ұсталық өнердің кілтін ұстаған аталары бір ауылды асырап, сүрінгенге сүйеу, тарыққанға қамқор бола білген. Ел ішінде «Қара ұста» тұқымы деген атпен әйгіленіп, халықтың құрметіне бөленгенін көнекөз қариялар жақсы біледі. Иә, қолөнер атадан балаға мирас болған киелі дүние. Ағаш өнері мен ұсталықты қатар меңгерген атасы Сауранбай он саусағынан өнер тамған ісмер жан еді. Тіпті Ұлы Отан соғысы басталған кезде өз еркімен майданға сұранса да, ұсталық кәсібінің маңыздылығын ескерген кеңес үкіметі ол кісіні тылда қалдыруды ұйғарған. «Шебердің қолы ортақ» демекші, күн-түн демей еңбек көрігін қыздырып Жеңіс күнін жақындатуға сүбелі үлес қосқан атасының өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі. Жастайынан бейнеттің ащы дәмін татып өскен ол, еселі еңбегімен ел құрметіне бөленіп, қолы алтын шебер атанған. Ол кезде колхозда техника тапшы. Сондықтан да таң сәресінен басталатын қым-қуыт тіршіліктің қайнаған ортасы ұстахана болатын. Біреуге астау керек, біреуге ат арбаға, біреуге өгіз шанаға жегіс қамыт керек, жер жыртатын соқа, тырма, шөп шабуға шалғы, орақ, кетпен, күрекке дейін дайындалатын. Қолданыстағы керек-жарақтарды шыңдап, суарып, бабына келтіру, тағысы-талай тіршілік ұстасыз бітпейтін еді…

Дәулеттің атасы Тұрсынжан Сауран­байұлы 1966 жылы Кеген ауданына қарасты Жалаңаш ауылынан Талғар топырағына көшіп келгеннен кейін ұзақ жылдар Т.Рысқұлов атындағы колхозда ағаш шебері, ұста болып еңбек еткен. Ұста әрі зергер Тұрсынжан ақсақал ауыл-аймағына ісмерлігімен танылған, өте жомарт, қарапайым, қайырымды жан болған деседі, көзкөргендер. Бар ғұмырын атакәсіпке арнаған қария 2016 жылы 86 жасында дүние салды. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі…» демекші, ата-бабадан мирас болып келе жатқан ұсталық өнерді бүгінде ұлы Қадірбек Бегімбетов, одан немересі Дәулет жалғастырып келеді.
Әсілі ұсталық өнер кез келгеннің бойы­на қона бермейтіні белгілі. Бұл атадан балаға берілетін ерекше қасиет, қанмен келетін қабілет болса керек. Бүгінде ата кәсібіміздің мерейін көтеріп жүрген Дәулет Бегімбетов ата-анасының үкілеген үмітін ақтап, он саусағы­нан өнер тамған нағыз шебер азамат. Қазақта: «Қисық ағаш тұрмайды, ағашының тезінде. Тар адамның ақылы, көріп тұрған көзінде» деген сөз бар. Расында да, ағаштың түрлерін, оның жай-күйін жақсы білетін шебер ғана оны кәдеге жаратып, тұрмыс-тіршілікке қажетті небір тамаша бұйымдар жасай алады.

Бұл орайда мал шаруашылығымен айналысатын ауыл халқы үшін күбі таптыр­майтын дүние. Қымыздың бабына келіп ашуы да, ағарғаннан сары майды тез айырып алу да күбіге байланысты. Соңғы жылдары елімізде ұлттық сусын-қымыз, шұбатқа деген сұраныс артып келеді. Осыған орай нағыз шебердің қолынан шыққан күбіні іздеушілер де көбейген. Дәулет Қадірбекұлы өзі тұратын үйінің ауласындағы шағын шеберханасында 10 литрлік күбіден 150 литрлік күбіге дейін жасап шығарады. Сыйымдылығы шағын бір күбіні дайындауға 10-12 күн кетсе, үлкен күбілерді жасауға 15-20 күн қажет. Онда да ағаш әбден кепкен, жұмысқа жарамды болған жағдайда. «Жұмыла көтерген — жүк жеңіл» демекші, машақатты тірліктің басы-қасында әулеттегі еңбекқор жандар топтасып, жеті адам жұмыс жасайды. Олардың арасында дәнекерлеуші мамандар да бар. Әсіресе інісі Арманның көмегі зор. Оған қоса барлық есеп-қисап, жарнамалық әрі жеткізіп беру сынды ұйымдастыру жұмыстарын жұбайы Гүлзада атқарады. Әкесінің ақыл-кеңесі, толағай тәжірибесі алтынға бергісіз.
— Күбі жасауды 2013 жылы бастадым. Алғашқы күбіні әкем екеуіміз дайындадық. Ол кезде Тұрсынжан атам да тірі болатын. Батасын беріп, атакәсіпті әрі қарай өркендетуді тапсырғаны әлі есімде. Күбіні қайын, балқарағай және емен ағаштарынан жасаймыз. Емен, балқарағай ағаштары шайыры көп болғандықтан табиғи тығыз, өте қатты, төзімді болып келеді. Суға тиген сайын қатая түседі. Қайың ағашының қасиеті де ерекше. Оның сүрегі біркелкі, қатты. Қайыңнан жасалған бұйым әдемілігімен, беріктілігімен ұтымды. Ол ыстық күнге қаңсымайды, суыққа да төзімді. Жалпы күбі жасауға пайдаланатын ағаштардың өзіндік қасиеттеріне қарай, онда пісілетін қымыздың дәмі де ерекше болады. Айта кету керек, ағашты сыртынан қысып, құрсап тұратын темірі де тот баспайтын, сапалы болуы керек. Күбіні жасап болғаннан кейін жуып, кептіріп, ысқылтым мал майымен сылау қажет. Болса сүр еттің, жылқының майы, қойдың құйрығы жақсы. Майланған ағаш бойына сұйықтық сіңірмейді. Бұл ретте күбіні дұрыс ыстау да аса маңызды. Көбінде тобылғы, арша ағаштарымен, қарағайдың қабығымен ыстайды, қылмұрын, қожағай деген шөп тамырының түтіні де пайдалы. Күбіге қымыз, шұбат, айран, ашыған көже құйылады. Олай болса, күбіні ыстау ұлттық сусындардың антисептикалық жағдайда ашу талабын қамтамасыз етуге әрі қасиеттерін бұзбай ұзақ сақталуына мүмкіндік береді. Тіл үйірер дәмі, хош иісі өз алдына бір бөлек. Күбіні көбінде жылы мезгілде пайдаланады да, қыс кезінде қараусыз қалдырып қояды. Бұл жағдайды ескере келе, күбі алушыларға оны қалай күтіп, бабына келтіру керектігін де түсіндіремін. Бүгінде күбі жасаумен ғана шектелмей, сұраныс бойынша ұлттық нақыштағы тұрмыстық заттар — астау, табақ, қымыз ішетін кесе жасауды да қолға алдық. Бұл бұйымдар сәнді әрі табиғи ағаш материалынан жасалатындықтан тұтынушылардың қызығушылығы жоғары. Біз үшін ең бастысы, тапсырыс берушілердің көңілінен шығатын және қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, мәдениетіне сай дүниені ұсына білу, — дейді ол, кәсібінің қыр-сыры жайында ағынан жарыла әңгімелеп.
Иә, бүгінде алыс-жақыннан арнайы келіп, хас шебердің қолынан шыққан күбі­лерді аттай қалап сатып алып жатқан­дардың қатары көбейген. Тіпті көрші мем­ле­кет­терден де ғаламтор арқылы тапсырыстар түсуде. Атап айтар болсақ, Ресей мемлекетіндегі Ульяновск, Орынбор, Барнауыл қалаларына, Грузияға, Қырғызстан, Қытай елдеріне де Дәулет жасаған күбілер жол тартқан. Оны айтасыз, мұхиттың арғы жағындағы Америкаға 15 литрлік екі күбі алдыртқандар да бар. Ісмер жігіттің қолынан шыққан күбілердің бағасы да қолжетімді. Мәселен, қайыңнан дайындалған 15 литрлік күбі 21 мың теңге, балқарағайдан жасалғаны 22 500 теңге тұрса, емен ағашынан әзірленгені 27 мың теңгені құрайды. 150 литрлік ең ірі күбіні 210 мың теңге қаражатқа ала аласыз. Күтіп ұстай білсеңіз алған күбіңіз ұзақ жылдар пайдалануға жарайды.
Бүгінгі таңда ауылдық жерлерде бір үйір, екі үйір жылқысы бар отбасыларды жиі көруге болады. Сонымен қатар үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе, табын-табын сиыр, отар-отар қой бағатын шару қожалықтары да көбейіп келеді. Ондағы мал сүтінен өндіретін өнім мөлшері де ауқымды болғандықтан пісу процессін автоматтандырудың маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Сол себепті Дәулет әкесімен бірлесе электр қуатымен жұмыс жасайтын арнайы құрылғы ойлап тапқан. Бір мезгілде елу литрлік үш күбіні пісуге қауқарлы құрылғы үш жыл сынақтан өткізіліп, 2017 жылы патенттелінген. Бағасы 200 мың теңге тұрады. Оның тиімділігінен хабардар болғандар арнайы іздеп келіп, тапсырыс беруде. Оған қоса кәсіпкер жігіт күбі ыстайтын темір пешті де жасап шығарған. Осылайша, күбі алушылар керегінше пісуге арналған электр құрылғысын, ыстайтын пешті де сатып алады екен. Есік алдындағы шағын шеберханасында ағашты жонып, тілетін электр станогы, дәнекерлейтін аппарат, темір кесетін дискілік станоктары бар. Былтырғы жылы «Бастау Бизнес» жобасы аясында жұбайы Гүлзада атакәсіпке негізделген бизнес-жобаны қорғап, 555 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болды. Мемлекет тарапынан берілген қаржы отбасылық кәсіпті дамытуға бағытталды. Жасыратыны жоқ, әлі де болса кәсіптің қанатын кеңейтіп, жаңа шеберхана салу үшін қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр. Атакәсіпті арқау етіп жүрген жас шебер алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама аясында берілетін төменгі пайызды несиеге қол жеткізуді ойлайды.
Кәсіптің кілтін ұстаған бұл әулеттің ұрпақтары шетінен еңбекқор жандар. Ата-бабадан жалғасып келе жатқан киелі өнерді дәріптеп, ағаш ұсталығынан адал нәсібін тауып жүрген күбі жасаудың хас шебері Дәулет Бегімбетовке еңбегің жана берсін, қолға алған ісің өрге бассын, дегіміз келеді.
Райхан Азимова,
«Талғар».