«Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деп елді алатайдай бүлдіріп, дүрбелең-дүрмекке салып жатқан «Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы талқыланып жатқаны барша жұртқа мәлім.
«Баланың құқығын қорғаймыз» деген дақпыртты желеу еткен бұл заңсымақтың көздеген негізгі мақсаты – балалардың құқығын қорғау емес, ата-аналардың құқығын қорлау. Себебі, баланың қажеттілігін өтей алмаған, өтейін десе оған әлеуметтік әл-ауқаты мен экономикалық жағдайы жете бермеуінен заң жобасы бойынша «баланың қажеттілігіне немқұрайлы қарағандықтан» және өз баласына ұрсып зекіргендердің ата-аналық құқығынан айырып, оны тек асыраушысы ретінде ғана бағалау, бұл не деген бассыздық?!
Бұл заңның қу түлкінің құйрығындай бұлғаңдатып, сыртын сылап әдемілеп, әрлеп, сәндеп қойғанымен, әр отбасын ірітіп, ішінен іріткі салатын айықпас дерт екенін қарапайым халық енді түсіне бастады.
Бұл заңның жобасы бір қарағанда аз қамтылған отбасылары мен көпбалалы ата-аналарға арналғандай болып көрінгенімен, түп негізі шіріген бай, шенеуніктерге арналған заң. Ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрпымызды жоққа шығару, тарихымызды таптап, ұлттық тамырымызға балта шабу деген сөз. Ал енді бай шенеуніктерге арналған заң деп айтуымызға негізгі себеп, 77- бабында көрсетілгендей бала ата-ананың құқығынан айрылып, олардан тартып алынса, баламен бірге сол отбасына тиесілі дүние мүліктер де қоса тартып алынады да, сол баланы өзіне алып жатқан әл-ауқатты отбасына беріледі. Қазір бұрынғыдай жетім балалардың үйі жоқ. Ол балалар жеке меншікті әл-ауқаты жоғары отбасыларына, яғни жеке меншік ұйымдарға беріледі.
Тағы да бір құйтырқылығына қарасаңыз, жаның түршігеді. 35-36 баптары бойынша ата мен ананың біреуінің ғана кінәсі болса, мәселен әкесі ішімдік ішкені себепті, болмаса тағы да басқа жағымсыз жағдайымен баласынан айырылу құқығына ие болса, онда анасынан да айырып, балаңды тиісті орындарға алып кетеді. Алып кеткенде, балаң қайда болады және кіммен болады ол жағы ата-анаға беймағлұм. Себебі, сот шешімі шыққанша ешқайсысының баласына барып, жақындай алмайтындығы белгілі. Ол сот шешімі шыққанша, қаншама арада уақыт өтеді оны бір Құдай біледі. Ол үшін ата-ананы ювеналдық әділеттікке жібереді. Ал олар психодиспансерден өтіп анықтама сұратады. Ал психотропты дәрілерді беріп, психодеспансерден сау адамды ауру, ауру адамды нақұрыс, жынды қылып жіберу өз қарауында тұрған дүние. Мен түсінемін, молдалыққа арнайы имам етіп тағайындауға, ішкі қауіпсіздік комитеттерге, құпиялы құжат сақтайтын өте жауапты мекемелерге қызметке тұру үшін бұрын — соңды сотталмаған, әрі психодиспансерден тексерілген деген анықтамалардың болуы міндетті түрде талап етіледі. Ал қарапайым қатардағы кез-келген адамның психодиспансерден өтуі, психологиялық тест деп аталатын не ұлттық салтың мен дәстүріңе, не туған тіліңе, не хақ ислам дініңе дендеп бойламайтын, адамның ұлттық болмысы мен адамгершілік қасиеттерін ойламайтын батыстың бәлдір батпағы неге керек?!
Заң шығарушы құзіретті орган, Парламент мүшелері негізгі заңымыз Конституциямыздың үш тармақтан тұратын 27-бабының үшеуін де белден басып, басын жарып, көзін шығарып жібергенін неге білмей отырғанына таңғаласың. Онда не дейді?
Конституция 27 бап.
1. «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады» дейді. Ал жаңа заң жобасы бойынша қай жақтағы қорғау? Мемлекет өзі заң тұрғысында ата мен ананы баласынан ажыратып жатса…
2. «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті» делінген. Қай жақтағы тәрбие? Ата-анасы өзінің туған баласына “әй” дей алмаса. Баланың келісімінсіз сүндетке отырғыза алмаса, қыз баласының құлағын тесіп сырғасын сала алмаса, кәмелетке жасы толмаған бала «аспандағы айды алып бер» деп те талап қоюы мүмкін ғой ата-анасына. Баланың айтқан барлық талап-тілектерінің әрдайым орындала бермейтіні де түсінікті. Сол үшін ата-анасы мен балаларының ара жігі ашылып, баланың ғана дегені болып, ата-ананың құқығы аяққа басылуы керек пе?
3. «Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті» деп көрсетілген. Міне, бұра тартуға келмейтін негізгі заңымыздағы осы үш тармақтың үшеуін де көзге ілмей жоққа шығаратын бұл заңсымақтың қауіптілігін аңғару аса қиын емес.
Ол бала есейгенде әке-шешесіне қалай қарайды, олардың ата-аналық мейірімі мен махаббатын, отбасы, ошақ қасының жылылығын көріп өспесе? Үлкенге құрмет, кішіге ізет деген салт-дәстүрден жұрдай, барлық ұлттық құндылықтардан мақұрым болып өссе ол баладан қандай сый-құрмет пен қамқорлық күтуге болады? Міне, адамзат баласына тән барлық асыл қасиеттерді аяққа таптаған мұндай заң жобасы бүгінгі таңда да және алдағы уақытта да тәрбиенің ешбір саласына сай жауап бере алмайды. Сондықтан да бірінші рет емес, бірнеше мәрте мәжіліс депутаты болып ұлттың сөзін сөйлейді деген әнші Бекболат Тілеуханның өзі «Мен бұл заңнамаға қарсы болғанмын, қазір де қарсымын. Бірақ кешегі карантин кезінде есіміз ауып отырып бұл мәселеге тереңірек үңіле алмай бірінші оқылымында-ақ қол қойып жіберіппіз» деген міңгірінен-ақ балаларымызға, ұлтымыз бен ұрпақ болашағына үлкен қауіп төніп тұрғанын аңғаруымыз керек! Мұндай заңмен болашақта бала туылмайды. Халық саны өспейді. Өзінен-өзі жойылады деген сөз. Бұл – ащы да болса ақиқат. Ал ақиқаттан аттап өту арға сын. Ал енді бірінші оқылымнан кедергісіз өтіп кеткен бұл заңсымақтың енді Сенаттың отырысында ғана қаралуы қалып отыр. Біріншіден, халықтың жүрегін емес, биліктің білегін сүйіп жүрген (әрине бәрі емес кейбіреулерін) ант қабылдау кезінде куә болғанымыздай, арнайы жазып дайындап берген төрт-ақ ауыз сөйлемді төбесінен ұрып тескендей қылып оқыған, шимаңдай топтың алдында күллі жұртқа мазақ болған мәжіліс депутаттарына деген сенімімізге селкеу түскенін несіне жасырайық.
Екіншіден, жаңа билік басына келген «қалаулылардың» көбісінің бақыттан басы айналып осы заң жобасының бүге-шүгесіне дейін ақ-қарасын ажыратып оқып танысып шықты дегеніне өз басым әлі сенбеймін. Ешкім де сенбейді. Себебі ел-жұртты шулатып жатқан бұл заңның мүлдем дұрыс еместігін айтып дәлелдеп, халыққа түсіндіріп жатқан бірде – бір басшы, не депутатты көрмедім де, естімедім де. Маман заңгерлер тобынан ұлты басқа болса да Анатолий Кимнің: «Мен заңгер ретінде ғана емес, әке ретінде, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде бұл заңға өзімнің түбегейлі қарсы екенімді мәлімдеймін» деген уәжіне дән риза болдық. Қазақта «Қалыпқа салма, халыққа сал», «Халық қаласа хан түйесін сойыпты», «Хан қарақшы, халық сарапшы» деген даналық сөздер бекер айтылмаса керек.
Халыққа ең қажетті деген халықтың тағдырын шешетін «Денсаулық кодексі» де біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы болып бүкіл халық карантин деп үй қамақта жатқанда мақұлданып кеткенін қалай жоққа шығарамыз? Басқасын былай қойғанда бұл кодекстегі 92-бабында «10 жастан 18 жасқа дейінгі жыныстық тәрбие беру» дегенді қалай қабылдаймыз. Халық наразылығын білдіріп шу көтерген соң ғана атын өзгертіп сыпайы түрде «репрадуктивті тәрбие» деп сыртын ғана сылап қоя салды. Ал он жастағы балаларға жыныстық қатынас емес, тақпақ жаттап, ән айтып, би билетіп, сурет салып, есеп шығарып, қыз баланың қуыршақ ойнайтын кезі емес пе? Онан соң жыныс мүшелерін ауыстыру құқы деген не сұмдық? Алланың жаратқанына қарсы тұру ғой. Бұдан асқан азғындықтың түрі болмас, сірә! Құдайдың қаһарына ұшырамай тұрып бұндай келеңсіздіктердің жолын кесуіміз керек! Көп депутаттар мен әкім қаралардың бұл заң жобасы бұлай қабылдана салмайды. Оны парламентте қарап, баптарына ұсыныстар мен өзгертулер ендіреміз, деп көлгірси көпіріп, көлкілдетудің еш керегі жоқ.
Ата заңымызды белден басқан, ғасырлар бойы ұлт ретінде ұйыстырып келген салт-санамызды аяққа таптап, ұлттық дәстүрімізді жоққа шығарып, адамдықтың ақ жолы мен АЛЛАНЫҢ көрсетіп берген хақ жолынан адастырып, азғындыққа бастап апаратын бұл заңнаманың түп тамырына балта шабылуы тиіс.
Қоғамдық резонанс тудырған «Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның қабылдануына жаппай халық болып дер кезінде тосқауыл қоя білгеніміз дұрыс болды.