МЕКТЕП МЕРЕЙІН ӨСІРГЕН ҚЫЗ

МЕКТЕП МЕРЕЙІН ӨСІРГЕН ҚЫЗ

Газетіміздің өткен жылғы сандарының бірінде бұл қыздың поэзиядағы шығармашылығы жайында сөз еткен болатынбыз. Оқуында озат, істе зерек қыздың айтар ойын астарлап жеткізген өлеңдері, жас ақынның талғамы мен талабын танытқан еді. Иә, әңгімемізге арқау болып отырған Қ.Әбдіғұлов атындағы №34 мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Ақтоты Берікқызы. Аталған аруымыз Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық Даму Министірлігі ұсынған «Ең үздік ғылыми жоба» байқауына қатысып «Үздік жоба» номинациясына қол жеткізді. Онлайн форматтағы жобаның өтуіне мұрындық болған «Жас дарын» республикалық журналының арнайы төсбелгісімен марапатталып, ғылыми мақаласы жарық көрді. Ақтотының өре бәйгеге қатысқандағы қалап алған тақырыбы, бүгінгі таңның басты талабы болып отырған «Шағын күн электр станциясы» болды. Өзінің айтуынша әлемдік экологиялық кері өзгерістердің әсері үлкен зардаптарға әкеліп соғуы мүмкін екен. Мәселен атом электр станциясы және басқа да табиғи ресурстарды қолданатын жылыту қазандықтарынан бөлінетін газдар әлгі айтқан өзгерістерге себеп болмақ. Осы ретте балама энергия көзін іздеген жас ғалымның дабыл қағып, зерттеу жүргізуі де тегін емес. Ауыртпашылығымен, аманаты үлкен ғылыми ізденіс жолында бағыт-бағдарын көрсетіп ақыл-кеңесін аямаған ұстазы, жетекшісі Жәмилә Сегізбаева екеуінің еңбектері нәтежиелі болғандығына қуанғандарын көздерінен көру қиын болмады. Айтуларынша ендігі белес жүлделі жобасын халықаралық деңгейде қорғауға жолдама алу. Болашақта IT саласының маманы болуды қалайтын қыздың еңбегі, жасаған жұмысы жақында шығатын «Ұлы дала қырандары» деп аталатын оқулықта жарық көрмек.

Бұл жетістік мектептің мерейін өсіріп қана қоймай, ауданымыздағы білім сапасының деңгейін көрсетті. Осыны ескерген «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Күрішбеков, Ақтоты оқитын білім ордасына барып партия тарапынан марапатын табыстап, жас дарынға сәттілік тілеп шыққан болатын. Сонымен қатар аудан жастарына үлгі, өз қатарластарының алды болғаны үшін «Лидер-2021» атағын табыс етті. Өз кезегіне Бақыт Қуатбекұлы бас партияның жастар көтерген игі бастамаларына қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.

Айтпақшы жас ғалымның ақындық шағармашылығын сұрағанымызда, оқу мен шығармашылықты ұштастыруға уақыт тапшы екендігін айтты. Десе де, қаламын алып өлең өлекесіне қайта оралатынына сенімі мол.

Дархан Мақсатұлы,
«Талғар»