Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы күллі қазақтың көкейінде жүрген өте маңызды көп сұрақ пен сан күдіктің бұлтын сейілткендей болғаны рас. Қазір көкірек көзі ашық әрбір қазақ үшін ұлттық мүдденің маңызы бұрынғыдан да артып, басты мәселеге айналған уақыттамыз. Бұған дейін де ата-бабамыз бен кешегі Алаш арыстары жан аямай күресіп келген сырт көздер де қазақтың жағасындағы сұқ қолдарын ала қойған жоқ. Шамасы келсе жарға жығуға дайын отырғандар сәл сүрініп кетсек сүбеден пышақ ұрып, кеудені басып алғысы келіп жанталасып отырғаны да өтірік емес. Сондықтан қоғамдық ахуалды тап басып, дәл танып отырған азулы саясаткер ретінде Мемлекет басшысының ұлттық құндылықтарға ерекше назар аудартқан бұл мақаласының тарихи мәні зор, мағынасы терең.
Сөз жоқ, қаным Қазақ деген әр азамат үшін Тәуелсіздік бәрінен қымбат, бәрінен маңызды. Басты құндылығымыз да осы. Ендеше барымызды бағалап, келер ұрпақ алдында бетіміз ашық, жүзіміз жарқын болу үшін ел мен жерді, тіл мен ділді дер кезінде көздің қарашығындай сақтау – баршамыздың басты парызымыз. Бұл ретте мақалада айтылған өзекті ойлар мен көтерілген мәселелер Президентті ғана емес, ертеңін ойлап елім, жерім деген барша қазақты толғандыратыны да шындық. Тәуелсіздігімізбен мақтанып қана қоймай, оны мәңгілік сақтап, ұрпаққа аманат ету үшін де бар қазақтың осыған дейінгі еткен еңбек, төккен тері далаға кетпеу үшін, түбімізге сырт көздер жетпеу үшін де әрдайым сақ және ширақ болуымыз шарт. Бұл ретте өзара итырқылжың болып ырылдасқаннан гөрі, бір кісідей жұмылып, жұдырық болып бірігіп, берекемізді арттырып, бірлігімізді нығайту басты міндетіміз екені де даусыз. Бізге орынсыз айқай мен опасыз дау қуғаннан гөрі, ұрпақ бойында сауатты, салиқалы сана қалыптастыру, ұлттым дейтін, ұлттық құндылықтарымызды қадірлей білетін, Көк Байрақтың еңсесін еңкетпей, басын тік ұстап, қадамын нық басатын ұрпақ өсіру маңызды.
Барлық ақпарат құралдары жамырай талқылап, жаппай басып жатқан мақала несімен құнды деген сұраққа жауап іздесек, ең әуелі Ел Президенті ретінде ұлтқа қатысты басты мәселелерді назарға алып, елге ой салып, өз аузымен ұлттық мүддені жоғары қою туралы астын сызып, атап айтып отырғандықтан, мынау алмағайып аласапыран уақытта «біз қайда бара жатырмыз?» деген көңілдегі күпті сұрақтың басы ашылып, жауабы айтылды деп білеміз. Осы тұрғыдан алғанда Тәуелсіздік тұғырына қонған отыз жылдық тарихи белесте жеткен жетістіктерімізді он жылдықтарға жіктеп-жіліктеп, ел мүддесі үшін аса маңызды мемлекеттік мәселелердің басын ашып көрсеткен аталмыш мақалада нақты не айтылды дегенге көз жүгіртіп көрейік.
«Бағдар мен белес» деп аталатын алғашқы бөлімде «Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр» деп түйіндеген Қасым-Жомарт Тоқаев өз қолымыз өз аузымызға жетіп, арқамыз кеңіген «жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі» деп аталатын алғашқы онжылдықта жеке мемлекет ретінде ұлттық басқару жүйеміздің қалыптасқанын, мемлекеттіміздің басты нышандары белгіленіп, төл теңгеміз айналымға түсіп, алыс-жақын шет елдермен тең дәрежеде дипломатиялық қарым-қатынас орнатылғанын тілге тиек етті. Осының нәтижетінде төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен сан мыңдаған қазақтың бір шаңырақ астында басы қосылып, біз үшін ұлы саналатын көш басталып, алыстағы ағайынның табаны атамекен топырағына тиді. Бар қазақтың еңсесі тіктеліп, рухы көтеріліп, көңілі шалқыды.
«Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі» деп аталған екінші онжылдықта тәуелсіздік тұғыры нықталып, ел шекарасы нақталып, арнайы заңмен бекітіліп, мемлекет ретінде экономикалық әлеуетіміздің артқаны, сондай-ақ көптеген халықаралық маңызы бар саяси және аса ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылғаны айтылды.
«Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межеледік.
Әр бағыт бойынша «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» сияқты ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылды. Саяси және экономикалық реформалармен қатар рухани жаңғыруға баса мән бердік» деп атап өтсе, төртінші онжылдықтың жоспарында «қуатты елдің иесі және кемел халық болу» идеясын алға тартады. Егер мұңын астарына үңілсек көзінің алдындағыны ғана ойлап, мұрнынан арғыны көрмейтін көрсоқырлықтан ада болып, орынсыз қызбалыққа жол бермей, алдағы үш күндікті емес, кем дегенде үш жүз жылдықты, тіпті мың жылдықтарды ойлауды мақсат ету керек дегенді меңзейді. «Сондықтан жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі».
«Таным мен тағылым» деп аталған бөлімде қазақтың басынан кешкен ақтаңдақтарға назар аудартып, тарихи-мәдени мұраны түгендеуде «Мәдени мұра» бағдарламасының мән-маңызы ерекше екеніне тағы бір мәрте тоқталған Президент былай деді: «Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек. Жалпы, тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс».
Демек, алдағы уақытта осы күнге дейін әркімнің қабағына қарап бұра тартып, бұрмаланып келген қазақ елінің шын тарихын толық жазып шығатын мүмкіндік туды деуге болады. Парасат пен пайым биігінен қарасақ, бұл – өте орынды айтылған, қос қолдап құптарлық пікір. Ендігі жерде асыра сілтемей, артық кетпей, кем кетіріп, кенже қалдырмай тарихи шындықты қаз-қалпында жазып шығу біздің тарихшылардың басты міндеті және баршамыздың ұрпақ алдындағы ар-ұжданымызға сын деп білеміз. Сондықтан өткенімізге көз жүгіртіп, тарихымызды зерделеп, артықты алып, кемді толтырып, тұма көзінің тұнық қайнарына қанатын уақыт әлдеқашан жетті деп есептейміз. Бір сөзбен айтқанда мақалада атап көрсетілгендей «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек». Егемендік алғалы бері тұтас бір кезеңді артқа тастаған уақытта елдің көптен күткені де, елге керегі де, айтылар шындық та, қабылданар шешім де осы еді.
Тәуелсіздіктің басты тұғыры – шекара мен ана тілімізге қатысты ашық көзқарасты білдіретін пікір «Қоғам мен құндылық» бөлімінде кеңінен айтылған. Бүгінде бәрімізді басқасынан бұрын алаң көңіл етіп отырған жер мәселесіне қатысты мораторийдің аяқталар уақыты жақын. Бұл турасында да ел ішінде айтылып жүрген қаңқу сөздің нүктесі қойылды деп білеміз.
«Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет. Келесі жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты енгізілген мораторийдің мерзімі аяқталады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізіп, халықтың игілігіне жарату – өте маңызды мәселе. Сондықтан биыл Жер мәселесі жөніндегі комиссияны құрып, соның аясында бір байламға келген жөн» деп алдағы уақытта атқарылар істің ауқымын да ашалап айтып өткені көңіл қуантты.
Сонымен қатар экологиялық апатты аймақтар мәселесі қозғалып, «мәселе экологияда емес, отаншылдықта, заңда емес, санада» екенін де ерекше атап өткен Президент Қ.Тоқаев ауылдық жерлерде белең алған жаппай қалаға көшу үрдісін тоқтатып, әсіресе шекаралық аймақтардағы тұрғылықты халықтың санын арттыру мәселесі алға шыққандықтан, осыған дейін керенау тартып қалған қандастар көшінің салқар сабын қайта түзеп, оларды еліміздің солтүстік және шығыс аймақтарына қоныстандыру керек деген өзекті мәселені ортаға салды. «Ұлтарақтай болса да, ата қоныс – ел қымбат, Ат төбеліндей болса да , туып өскен ел қымбат» екенін ерте түсінген қазақ елі үшін ұланғайыр даламызды алакөздердің арбауынан сақтап қалу мақсатында ортақ мәмілеге келіп, стратегиялық маңызы зор мәселенің шұғыл түрде шешілгені жөн екені айтпаса да түсінікті.
Рас, құрғақ сөз бен жалаң ұранның, орынсыз айқай мен жөнсіз аттанның уақыты өтті. Жоғарыда айтылған мәселелер тек бүгін ғана қолға алынып, қозғалып отырған жоқ. Алайда халықтың барлық талап-тілегінің бірден орындалуы мүмкін емес екенін саналы түрде білуіміз қажет. Бірден болмаса да, біртіндеп орындалып жатқан талап-тілектер мен шешімін шетінен тауып жатқан маңызды мәселелердің Мемлекет басшысының аузымен мемлекеттік мінберден айтылғаны алдағы уақытта еліміздің қоғамдық саяси ахуалында бірталай оң өзгерістің болатынын аңғартса керек.
«Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді.
Ана тілімізді кеңінен қолдану – басқа тілдерге, әсіресе орыс тіліне шектеу қойылады деген сөз емес. Барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала береді. Жастарымыз бірнеше тіл білу өздерінің көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынын жете түсінгені абзал» деп ой түйген Президент ойының түкпірінде үлкен астар, терең мән жатқанын аңғаруға болады. Бұл – бүгін ғана айтылған емес, ертеден айтылып, тамыры тереңге тартылып әлі күнге дейін толық шешімін таппай отырған қордаланған мәселе, қазақтың жанды жері де осында. «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» дейтін қазақтың бар болмыс-бітімі ана тілінде жатқаны аян. Қазақ болып туған соң өзге тілде сөйлеп, өз қаныңнан қанша қашып өзеленсең де, қалыбыңнан танылып тұратын қазақы келбеттен қайда барсаң да құтыла алмайсың. Құдайдың Қазаққа берген бағын басынан теппей, ана тіліміздің айбынын асырып, ата дәстүрімізді ұлықтап, байтақ жерді байлығымен қоса ұрпаққа аманаттау баршамыздың басты мақсатымыз болғанда ғана еңсеміз тіктеліп, жерімізге көз тігіп өлермен боп отырғандардың мысын құртып, тезінен құтыларымыз хақ.
Аталмыш мақаланың «Ұлағат пен ұстаным» бөлімінде Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша ұлттық мүддеге қатысты қоғамдық саяси мәні бар барлық мәселенің келелі кеңес пен кең көлемдегі ақылдасу арқылы жүзеге асатыны және түрлі бағыттағы реформаларды ел бірлігіне сына түсіретін жағдаяттардан аулақ ұстай отырып жүзеге асыру керектігі айтылады. Алыс-жақын шет елдермен дипломатиялық қарым-қатынастарда шыңдалған білікті саясаткер ретінде Қ.Тоқаевтың «Бірақ саяси жаңғыру барысында асығыстыққа бой алдыруға және жалаң ұранға еріп, мемлекеттік жүйені дағдарысқа ұшыратуға болмайды. Бір сәтте барлығын түбірімен өзгерту неге әкеп соқтыратынын кейбір елдердің бүгінгі ахуалынан көріп отырмыз. Елімізде, ең алдымен, адамның құқығын толығымен сақтауға негізделген заң мен тәртіп болуы керек. Анархия мен жүгенсіздік жақсылыққа апармайтыны анық» деген пікірін қолдай отырып, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген аталы сөзіне тоқтамасқа ләж жоқ. Сондай-ақ мемлекет тағдырына, ел ертеңіне қатысты ел мүддесін көздейтін маңызды мәселелердің түйткілін шешіп, түйінін тарқатуға жастардың да білім ресурстарын жете пайдалану керек екені өте орынды айтылған оң пікір болды.
Қарапайым халық ішінде қанша айтылғанымен, көзге іліне бермейтін көптің бірінің пікірі болып қала беретін өзге да өзекті ойлар мен өткір пікірлер айтылған бұл мақаланың құндылығы да осында жатыр деп білеміз. Саясат деген сұрқия әлем алды-артыңа қарамай аттандай беруді кешірмейді. Оның қалт еткенде көзді мөлт еткізетін қара қақпан екенін ескерсек, не нәрсені болмасын бабын тауып, байыбына барып бағамдау, орайын тауып тәмамдау ләзім болмақ. Бұл орайда «Айтылған сөз – атылған оқ» дейтін барша қазақ көкейде жүрген көп сауалдың жауабы табылып, шешімі оң боларына сенеді. Сондықтан сөз соңында айтарымыз, егемен елдің еркін ұрпағы атамекенінде емен-жарқын өмір сүруі үшін «аққу, шортан һәм шаянның» күйін кешпей, берекеміз бен бірлігімізге мығым болайық, ағайын!
Жанбота Сұлтанмұратқызы,
тілші