Боз кілемнен бақ іздеген

Боз  кілемнен  бақ  іздеген

«Тәрбие дегеніміз – тәрбиеленушіні белгілі бір адамгершілік дағдыларын меңгеруге көндіру мақсаты мен бір адамның екінші адамға жасайтын ықпалы», – деп орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой айтқан сөз бар. Мұхаммед Сатыбалды есімді жас балуанды әке-шешсі бірінші сыныптан бастап Талғар спорт мектебіндегі дзюдо күресінің жаттықтырушысы Ерікжан Қайсарұлына әкеліп бергенде одан көп үміт күтті.

Спортқа оны болашақта шыдамды, төзімді, ерік-жігерін өзіне бағындыра алатын рухы күшті жан болсын деп берді. Жас дзюдошы, әке-шеше үмітін ақтады. Мұхаммед Сатыбалды қазір Алматы қаласындағы дарынды балаларды спортқа бейімдейтін республикалық спорт мектебінде оқып жүр. Биыл он бірінші сыныпта оқитын Мұхаммед бұл жерге жетінші сыныптан бастап келген болатын. Нәтижелері жаман емес. Дзюдо күресінен спорт шебері, дарынды бапкер Медет Есболаевтың қарамағында күресіп жүрген талғарлық балуан 2018 жылы Павлодар қаласында өткен републикалық турнирде Тараз, Петропавл, Павлодар, Қызылорда облысының дзюдошыларын шаң қақтырып, ақтық айқаста Алматы қаласының өкілі Дәукен Ақжолды «иппон» әдісімен жеңіп, бас бәйгені жеңіп алды. 2019 жылы Тараз қаласында өткен Қазақстан чемпионатында Тараз, Қызылорда, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облысының дзюдошыларын айқын жеңіп, ақтық сында Нұрқанат Серікбаевтан жеңіліп ол күміс медальді омырауына ілді. 2019 жылы Алматы қаласындағы «Халық Аренада» өткен Азия кубогы жолындағы жарыс оның есінде қалды. Елу келі салмақта белдескен Мұхаммед Сатыбалды үш айқасты таза жеңіспен аяқтап, финалда Өзбекстандық Бахром Батыровтан таза жеңіліс тапты. Азия Кубогының күміс жүлдесін алған жас балаға бұл үлкен тәжірибе мектебі болды. Мұхаммед 2019 жылы қыркүйек айында Тараз қаласында өткен Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Бақытжан Ташметовты еске түсіруге арналған халықаралық жарыста қола жүлдегері атанса, биылғы жылы Қостанай қаласында өткен үлкен додада олжалы оралған балуанның бірі болды.
«Әке көрген оқ жонар» – деген даналық сөз бар. Мұхаммедттің әкесі Қанат Абдикиримов те бокстан жаттықтырушы. Ол баласына үнемі дұрыс бағыт-бағдар беріп отырады. Күн сайын таза ауада жүгіріп, спорт мектебінде күніне екі рет жаттығатын жас дзюдошы күн сайын толысып, дене қуаты молайып келеді. Аспалы темірге 50 рет тартылып, татами үстінде ақ тер, көк терге булығып күресуден жалықпайтын Мұхаммед Сатыбалды бұл күндері нағыз дер шағында. Он жеті жасар жас дзюдошыдан ата-анасы да, ұстаздары да көп үміт күтеді.
Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар»