Биылғы жыл күрделі болғаны баршаға мәлім. Дүниені дүрбелеңге салған пандемия барлық салаға әсерін тигізбей қоймады. Экономикадағы тұрақтылықты сақтау екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Дегенмен, Алматы облысы бұл үдеден шықты.
Мәселен, соңғы 9 айдағы қорытындыға келетін болсақ, өңірдегі өнеркәсіпте өсім 3,1% көрсетіп, түсім 846,7 млрд.теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығындағы өнімділік үлесі 2,4% артқан. Сәйкесінше, қазынаға түскен қаржы 634,6 млрд.теңгеге жеткен, құрылыс саласында өсім 1,6%-ға жетіп, нәтижесінде 208,2 млрд.теңге пайда түскен.Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Президент жанындағы ОКҚ алаңында өткен баспасөз-мәслихатында баяндадыд
— 2020 жыл коронавирус індетіне байланысты оңай болған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес Үкімет дер кезінде халықты әлеуметтік қорғау және бизнесті қолдау шараларын қабылдады. Осының арқасында экономиканың негізгі салаларында өсім қарқынын сақтай алдық, — деді өңір басшысы Амандық Баталов.
Облыс әкімінің айтуынша, тоғыз ай ішінде 437,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 8,8% құраған.
Аймақ экономикасының дамуына үлкен үлес тағы бірқосатын бағыт инвестициялық жобалар екені даусыз. Жетісу жерінде дәл сондай 517 жоба жолға қойылған. Олардың жалпы құны 5 трлн. Теңгеден асады. Соның арқасында 45 мың жұмыс орны ашылған.
Бүгінде облыс аграрлық бағыттан бірте-бірте аграрлық-индустриалдық бағытқа өтуде, қазір өңдеу өнеркәсібінің үлесі 87%-ға жетіп жығылады.
— Біздің бүгінгі міндетіміз – Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес әртараптандырылған және технологияланған экономиканы қалыптастыру. Осы мақсатқа қол жеткізуде Трансұлттық копаниялар маңызды рөлге ие. Трансұлттық компаниялардың жалпы сомасы 165 млрд. теңге болатын, төрт мың жұмыс орнын құратын 9 жобасы жүзеге асырылуда. Оның үшеуі — «Маревен Фуд», «Лукойл», «Willo» іске қосылды, жыл соңына дейін тағы бір нысан — қуаттылығы жылына 60 мың тонналық «SSA Фид Миллс» құрама жем зауыты пайдалануға беріледі, — деді Амандық Ғаббасұлы.
Ақжолтай хабардың легі мұнымен толастар емес, алдағытаңда қуаттылығы жылына 1,2 млн. тонна болатын облыстағы алғашқы цемент зауыты «Алацем» іске қосылады
Жалпы биылғы жылы жалпы құны 153 млрд. теңге болатын барлығы 71 жоба жүзеге асырылады. Жыл қорытындысында өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн. теңгеден асады, шикізаттық емес экспорт 6%-ға өсіп, түсетін пайда көлемі 406 млн. АҚШ долларына жетеді деп жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігі 2,5 млн. теңгеге жетпек
Алматы облысы аргарлы аймақ. Республика бойынша ауыл шаруашылығы өнімділігінің өңірге тиесілі үлесі-17%. Дегенмен облыс осымен тоқтап қалмай, одан әрі дамуға бағыт алған. Бұл туралы бүгін Президент жанындағы ОКҚ алаңында Президент Жолдауының өңірде орындаулы туралы өткен брифинг барысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты.
— Президенттің агроөнеркәсіптік кешенді дамыту туралы тапсырмасына сәйкес біз бұл бағытта төрт негізгі стратегиялық мақсатты белгіледік. Олар – ет пен сүт өндірісін арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру, — деді А. Баталов.
Аймақ басшысының айтуынша, облыста ірі қара мал басы 1,3 миллионнан, ал қой мен ешкі 4,2 млн. бастан асты. Сүтті мал шаруашылығын дамыту мақсатында 26 мың басқа арналған 82 тауарлы-сүт фермасы құрылған. «Алайда ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі небары 4% өсіп, 66%-ті құраса, сүт зауыттарының жүктемесі — 73,4%. Сондықтан біз 2025 жылға дейін ет өндірісін 500 мың тоннаға, сүт өндірісін 900 мың тоннаға дейін жеткізіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша 25 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», — деді өз сөзінде А. Баталов.
Сондай-ақ Президенттің суармалы жерді ұлғайту туралы тапсырмасына орай облыста жалпы 138 мың гектар суармалы жерді айналымға қосу жоспарланған.
Өткен жылы 20 мың гектар қалпына келтірілсе, биылғы жылы тағы 20 мың гектар айналымға қосылады. Бұл АӨК өндірісінің көлемін арттыруға және оның экспорттық әлеуетін ұлғайтуға ықпал етеді.
Қазірдің өзінде көрсеткіштеріміз жаман емес. Өткен 9 айда АӨК өнімі экспортының көлемі 1,3 есе өсіп, 93 млн. АҚШ долларын құрады. Жыл соңына қарай ауыл шаруашылығында жалпы өнім 2,2% өсіп, пайда 900 млрд. теңгеден асады, ал еңбек өнімділігі 2,5 млн. теңгеге жетеді.
Өңірлік өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 34%
Пандемия кезінде шағын және орта бизнес көп зардап шекті. Соған байланысты Алматы облысында дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде бизнестің 119 мың субъектісі салықтық ынталандыруға қол жеткізді, 641 субъектіге 24 млрд. теңге несие бойынша төлемді кейінге шегеруге жағдай жасалды. Сондай-ақ, өңірдегі 6,5 мың жалгерлер үшін жеке секторда жалға алу құны 30%-дан 90%-ға дейін төмендетілген, бизнестің 690 субъектісі коммуналдық меншік мүліктерін жалға алу төлемінен толық босатылды. Кәсіпкерлікті қолдауға бюджеттен 16,2 млрд. теңге бөлінді.
— Осы айтылған шаралардың барлығы шағын және орта бизнес көрсеткіштерін өткен жылдың деңгейінде сақтауға мүмкіндік берді. Соған сәйкес шығарылған өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 1,7 трлн. теңгені құрап, жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 34% жетеді. Бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 35 %-ға жеткізу тапсырылған болатын, біз бұл межеге келесі жылы жете аламыз, — деді А. Баталов.
Сөз басында тілге тиек еткен, пандемия кезінде билік тұрақтылықты сақтап, жұмыстың алға жылжуына барын салды. Осы орайда пандемиямен күрес шараларына жергілікті бюджеттен 13,8 млрд. теңге бөлінгенін атап өткен жөн.
Тарқататын болсақ, биылғы жылы аймақ бойынша 12,9 млрд. теңгеге денсаулық сақтау саласының 17 нысаны салынуда, 7 нысанның күрделі жөндеуіне 3,0 млрд. теңге қаржы қарастырылған.
— COVID-19 індеті денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сын болды, қабылданған шараларға қарамастан кадр жетіспеушілігі, құрал-жабдықтар жеткіліксіздігі әлі бар. Сондықтан жалпы пандемиямен күрес шараларына жергілікті бюджеттен 13,8 млрд. теңге бөлінді, соның 8,8 млрд. теңгесі екінші толқынына дайындыққа қарастырылды, — дейді облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы.
Оның айтуынша, Талдықорған қаласында қысқа мерзім ішінде 200 төсектік модульді инфекциялық аурухана салынды. Ол барлық қажетті заманауи құрал-жабдықтармен және штатпен қамтылды. Ал материалдық қолдау көрсету шеңберінде 5362 медицина қызметкеріне 4,7 млрд. теңге көлемінде үстемақы төленді, 1123 медицина маманына жергілікті бюджеттен 137 млн. теңге сыйақы берілген.