Қамкөңіл жандар жүрегін жылытатын жұбаныш іздейді

Қамкөңіл жандар жүрегін жылытатын жұбаныш іздейді

Осы деймін, Алақан жайып Алладан тілек тілеуші адамға соншалықты көп нәрсе керек пе өзі? Қарапайым ғана сұраққа пенде ретінде бір сәт ойланып көрдіңіз бе? Әрине, әркімнің өз ойы мен бойына шақ өз қалауы бар. Дегенмен «Денсаулық, он саулық және ақ жаулық» деген үштіктің өзін азшылық көріп жүргендер алғашқысынан соңғы екеуіне қарай ентелей түсіп әлек…

Ал біз сөз еткелі отырған бұл жандардың тілеуі әсте бөлек. Алланың нұрына алақан жайғанда олар берекесін көре алмайтын тойымсыз, тоғышар тілектерден аулақ. Олардың тілегі – тән кемтарлығынан құтылу, аман-есен аяқтан тұру. Жалпы, адамның қолынан талай іс келер, тіпті кейбір шаруаларыңды Жаратушының өзі де қиыстырып ыңғайын табар. Бірақ, денсаулықтың қадірін дәл олардай сезе алмассың…

Бұл әңгімені бекерге қозғап отырған жоқпыз. Қазан айының екінші жексенбісі халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күні ретінде аталып өтілетіндіктен сол жандардың басындағы халді қаузайық деген ой еді. 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында бекітілген бұл атаулы күн тумысынан өмірдің азабын тартқан мүгедек жандарға қоғамның назарын аударту мақсатын ұстанады әрі сол азаматтардың құқықтары мен денсаулықтары сенімді қорғалуы қажет екендігін еске салады. Бірақ Жарғыдағы жазылған жолдар мен тіршіліктегі тірліктер қабыспай жататын тұстың бірі осы жандарға қарата айтылса керек. Бұл санаттағы адамдардың мұң-мұқтажы ескерілмей жататындығынан төрт қабырғаға қамалып отыруға мәжбүр екендігі шындық. Рас, оларға демеушілік жасап, түрлі сый-сияпаттар көрсетіп жүретін жомарт жүректі меценаттар жетерлік. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына тіркеліп, өзгенің көмегінсіз жүріп-тұра алмайтын олар мұндай қайырымды істерді қуана қабылдап, алғыстарын айтып жүреді. Дегенмен, мәселе бір сыйлықпен шешіле салса жөн ғой. Олай емес. Олар да төрт мүшесі түгел адамдар секілді мәдени-көпшілік іс-шараларға атсалысқысы келеді, театрларға, концерттерге барып, көңіл көтергісі келеді. Онсыз да күңгірттеніп кеткен өмірлерінің парақтарына көңілді сәттерді жазғысы келеді. Тарихи жерлерді аралап, естелікке фотоға түсіп, жабыққан кезде альбомындағы сол сәттерді қызықтағысы келеді. Өкінішке орай, мұның бәрі «солай болса ғой» деген бес буынды үш сөзде ғана… Олардың бар екендігі мереке қарсаңында ғана еске түседі.

Аудандық Мемлекеттік Зейнетақы төлеу орталығының мәліметі бойынша мүмкіндігі шектеулі 828 бала бар екен. Талғар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің 2019 жылдың 1-жартыжылдықтағы мәліметі бойынша Талғар қаласында 1801 мүмкіндігі шектеулі адам тіркеуде тұр. Аудан бойынша арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін «Ақниет», «Аяла» сынды орталықтар бар. Біріншісі 108 адамға лайықталса, екіншісінде 101 орын бар. Олардың қатарына өткен жылдың тамыз айында іске кіріскен күндізгі қызмет көрсету орталығы болып саналатын «Нұр Әлем Сompany» ЖШС кірді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы Талдыбұлақ ауылында орналасқан бұл ғимаратта 25 мүгедек балаға әлеуметтік, оңалту және педагогикалық қызметтер кешені ұсынылады екен. Яғни байқағанымыздай, кембағал жандар үшін мемлекет тарапынан біршама бағдарламалар жасалып, жұмыстар жүріп жатыр. Бірақ осындай ғимараттарда төрт қабырғаға қамалып оқшауланып қалатын жандардың айналасындағылармен араласуға деген мүмкіндіктерінің жолы кесіліп жатқандай көрінеді… Онсыз да көпшілікке кіріге алмай жүрген жандарды ортамызға тартудың орнына сыртқа теуіп жатқан жоқпыз ба?!

«Көш жүре түзеледі» дегендей, бұл мәселені көтерген қамқор жандар жақын жылдары өзге өлкеге үлгі болатындай іс бастады. Жуырда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі кембағал жандардың көңілін аулап, қоғамдық ортада өздерін еркін сезінуі үшін «Біз дарынды баламыз» атты өнер байқауын ұйымдастырды. Қатысуға ниет білдіргендердің көптігіне қарасақ, бұл шара сол санаттағы жандарға жаққан сыңайлы. Мәдениет үйінің сахнасында ән айтып, би билеп, өлең оқып, барын салған үміткерлердің қабілет-қарымына қарап өнерге ғана емес өмірге де шексіз ғашық екендіктерін байқадық. Қай-қайсының да жанарындағы отты ұшқын мен сәулелі үмітке қарап өмір сүруге деген талпыныстарының орасан екендігін үнсіз мойындадық. Таланты тәні саудан кем түспейтін кіп-кішкене бүлдіршіндерге қарап «бір кем дүние-ай» деп Шерхан ағаша күңіреніп, көзімізге жас алдық…Осындай дарынды балаларды шеттетпей, байқауларға қатыстырып баулыса, ертеңгі күні өнерде ойып тұрып орын алар жұлдызға айналар еді дейсің егіліп. Түрлі деңгейдегі байқауларды ұйымдастырып, жарналарынан жан бағып жүретін қоғамдық ұйымдардың жетекшілеріне осы ретте құлаққағыс жасай кетсем бе деймін, іс-шараларына арнайы номинация енгізіп, осындай жандардың өнерлісін қатыстырып, халыққа танытса, үлкен де, кіші де риза болатын еді деп ойлаймын…
Хош, сонымен аталмыш байқауға келген өнерпаздарға төрағалық еткен қазылар алқасы ешкімді бөле жарып қараған жоқ. Шара соңында сөз алған бөлім басшысы Фарида Мамырбекқызы барлық қатысушыға «Алғыс хат» пен сый-сияпатын ұсынып, мұндай байқауды дәстүрге айналдыруға негіз бар екенін атап кетті. Көңілі жарым жандарды жылы сөзбен демеп, олардың толыққанды тұлға ретіндегі жолын аша білуіміз керектігін алға тартты. Ортадан жырақ қалған қамкөңіл жандарға бұл да болса жұбаныш.

Меруерт Дүйсенғалиева,
«Талғар».