Үздіктер марапатталды

Үздіктер марапатталды

Еліміздің қуатты да табысты мемлекетке айналып, өзінің бастамалары арқылы жоғарғы халықаралық беделге ие болуында «Nur Otan» партиясының да алар орны ерекше екендігі белгілі. Халықтың сенімді саяси ұйымы бола білген партия ұдайы халықтың ортасынан табылып, сенімін ақтауға тырысып, нақты нәтиженің, ілкімді істің партиясы атанып, елдің көңілінен шығып келеді. «Nur Otan» партиясы үшін қоғамның ортақ мүддесі басты басымдық екені баршаға аян. Бұл ретте, бастауыш партия ұйымдарының атқарып отырған еселі істері мақтауға тұрарлық. Партияның беделін арттыру үшін бастауыш партия жетекшілерін саяси жұмысқа белсенді араластырып, партия талабы мен оның мақсаты туралы білімі мен білігін көтеру тиіс. Сонда ғана жергілікті жерлерде атқарылып жатқан жұмыстар жандана түседі. Бастауыш ұйымдар белсенді болғанда ғана партияның жұмысы нәтижелі болады.

Жуырда аудандық «Nur Otan» партиясының мәжіліс залында жылдағы дәстүр бойынша «Үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауы өтті. Бұл байқаудың негізгі мақсаты – үздік бастауыш партия ұйымын анықтау және оның жұмыс тәжірибесін елдің барлық аймақтарына тарату, партиялық және сайланбалы қызметтерге ұсыну арқылы білікті және белсенді БПҰ төрағаларынан партиялық кадрлардың резервін қалыптастыру және партия жұмысына қоғамдастықтың назарын аудару болатын. Бүгінде партия құрамында 6285 партия мүшесі бар. Аталмыш байқауға ауданымыздағы 17 бастауыш партия ұйымының 11-і қатысты. Байқауды саралайтын комиссия құрамында «Nur Otan» партиясы төрағасының орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова, ауданымыздың Құрметті азаматы, партияның белді мүшесі, инновациялық білім беру орталығының директоры Найля Үмбетова, аудандық мәслихаттың хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы, партия белсендісі Бақыт Нұрманов болды. Комиссия мүшелері байқауға қатысуға ұсыным берген 11 бастауыш партия ұйымының жұмыстарын жеті шарт бойынша сарапқа салды. Олар: партиялық жобаларды іске асыруға қатысу, ішкіпартиялық жұмыс, партиялық жұмыста жаңа әдістерді пайдалану, азаматтық бастамаларды іске асыру, БПҰ қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау, жастармен жұмыс, БПҰ жетекшісін бағалау критерилері бойынша. Барлық БПҰ-ы кеңселерінің безендірілуі мен ішкі партиялық жұмыстары айшықталған альбомдар мен қабырға газеттерін, көрнекі құралдарын ұсынып, партия жетекшілері есеп берді. Байқауға барлық бастауыш партия ұйымдары электронды форматта дайындалып, проектор арқылы слайдтарын көрсетіп, атқарған ауқымды жұмыстарымен таныстырып, болашақтың еншісіне қойылған жоспарларымен бөлісті. Бастауыш партия ұйымдарының барлығы дерлік байқауға жоғары деңгейде, тиянақты дайындалып келген екен. Елбасы, партия төрағасы Н.Назарбаевтың саралы саясатының әрбір ауыл мен қалада жүзеге асырылу барысын тілге тиек етті. Байқауды қорытындылаған комиссия мүшелері партияның алға қойған міндеттерін жүйелі жүзеге асырып, жоғары дайындықпен келген «Белбұлақ» БПҰ «Үздік бастауыш партия ұйымы» деп танып, бас жүлде берді. Ал, бірінші орынға «Бесағаш» БПҰ, екінші орын «Алатау» БПҰ лайық деп танылса, үшінші орынды «Бесқайнар» БПҰ мен «Тұздыбастау» БПҰ бөлісті. Жеңімпаздар партия төрағасының «Алғыс хаты» және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Байқауға қатысқан басқа да БПҰ-ы да сый-құрметке бөленді.

Міне, осындай бастауыш партиялар арасында да жұмыстың жүруіне ықпалы болар бәсеке, жарыс болып тұрғаны абзал. Бұл бастауыш ұйымдардың халықты өзіне көбірек тартуына ықпал етеді. Сондықтан да, «Ең үздік бастауыш партия ұйымдары» байқауын ұйымдастырудың маңызы өте зор. Үздіктерді айқындаған игі шара БПҰ-ның жұмысына бағасын беріп, болашақтағы бағыттарын айқындап бергендей болды.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар».