Латын әліпбиін насихаттау жұмысы жүйелі жүргізілгелі бері аудан тұрғындарының көзқарасы алабөтендіктен арашаланып келеді. Алғаш осы бастаманың қолға алынуы туралы Жарлық шыққанда керітартпа пікірлер мен келіспеушілік ойлардың болғаны жасырын емес. Бірақ тіл мамандарының латын әліпбиінің сонау тамырынан тартып, танымын арттырған тәрбиелік жиындарынан кейін мұндай азаматтардың қарасы азайғаны бар.
Жуырда аудандық Мәдениет үйінде жоспарға сәйкес өткен басқосу да осындай мақсатты көздеген жиындардың қатарынан табылды. «Латын әліпбиіне көшу – рухани дамудың даңғыл жолы» тақырыбымен өрбіген шараға аудандық, ауылдық Мәдениет үйлерінің қызметкерлері қатысты. Кіріспе сөзбен басқосуды ашқан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Мамырбекқызы бұл жолы да ұлт тағдыры – тіл тағдырына қатысты екендігін баса айтты. Басқа кезде де осындай өткір, қажырлы ойларымен көпшілікпен дараланып жүретін ұлтжанды басшының сөзі қарамағындағыларға да жігер бергендей болды. Зейін қоя тыңдап, берген тапсырмаларды мұқият орындап отырды. Ал, емле ережесі бойынша ой қозғаған Алматы облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Талғар филиалының жетекшісі Камнұр Тәлімұлы алдымен бабалар аманаттаған басты құндылығымыз жайлы құнды ойымен бөлісті. Ақындардың тіл туралы жазылған өлеңдерінен мысал келтіре отырып тыңдармандарды бір рухтандырып алды. Аталмыш орталықтың оқытушысы Гүлнәр Мамырбаева да латын әліпбиінің ережелерін түсіндірмес бұрын түбі бір түркі елінің басты құралына айнала білген тілдің тарихына, түп тамырына шолу жасап кетті. Егер латын әліпбиі заман көшіне ілесіп, күнделікті қажеттілігімізге айнала білсе ұтарымыз көп екенін де тілге тиек етті. Соңынан жиналғандарға жаңа әліпбидің емлесін таратып, күрделі жерлерін түсіндіріп, айқын мысалдармен ашып берді. Осылайша рухани жаңғырып, бір серпіліп қалған мәдениет қызметкерлері латын әліпбиін үйренуге біркісідей атсалысатындықтарын жеткізді. Ал бөлім мамандары бұл шараның жалғаса беретіндігін алға тартты.
Меруерт Дүйсенғалиева,
«Талғар».