Елдіктің алтын бесігі

Елдіктің  алтын  бесігі

Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен осыдан 21 жыл бұрын Арқа төсінде қазақ елінің жаңа Елордасы – сол кездегі Астана деген атаумен ел тарихына енген бас қала бой көтерген еді. Бүгінде егеменді еліміздің астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы қазақ жерінің лүп-лүп соққан жүрегі іспетті.

Өркениет өресінен лайықты орын алып, әлемдегі көрікті де үздік қалалардың бірінен танылған бас қаланың айдай сұлу ажары, келісті келбеті, сәні мен салтанаты көрген жанды тамсандырып қана қоймайды, ерекше бір көңіл толқынысын тудырып, зор қуанышқа бөлейтіні анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің төл туындысы ару қала – Астана жайында: «Астанасына қарап елін таниды. Астанасының қайда орналасып, қалай өркендеп жатқанынан әр елдің өзінің өткені мен ертеңіне деген көз­қарасын аңғарып, өзгелерге деген пейілін сезінеді. Сондықтан да, Астана келбеті – ұлт келбеті. Мемлекет дидары. Халық мерейі. Күллі әлем атын енді жаттай бастаған жаңа Астана біздің жас мемлекетімізге деген назарды екі есе арттыра түсері сөзсіз. Оның біз жетпек биіктердей өрелі, біз орнатпақ қоғамдай тартымды болып, көркейіп, өсуі жолында күш-жігерді аямаймыз» –­­ деп, ұлт рухының алтын арқауы, мемлекетіміздің биік мәртебесі мен елдіктің алтын бесігіне айналған Елордамыз – Астана қаласының тарихи маңыздылығын өрелі оймен осылайша жеткізген еді.
Әлемдегі жас қалалардың бірінен саналатын Нұр-Сұлтан қаласының ірге тасы қалай қаланғанына көз жүгіртейік. Еліміздің астанасын Арқа төсіне ауыстыру туралы тарихи батыл шешімді қабылдаған кезең тәуелсіз еліміз үшін оңай уақыт болмаған еді. 1994 жылы ҚР Парламентінің отырысында Мемлекет басшысы Н.На­зарбаев Қазақ­станның астанасын Алма­тыдан Ақмолаға көшіру туралы ел өміріндегі аса маңызды ұсынысын жария етті. Өтпелі кезеңнің ауыртпалығын сезініп, жаңадан есін жиып, аяғынан қаз тұрып келе жатқан мемлекетіміз үшін бұл шешім үлкен тәуекел болғаны рас. Жасыратыны жоқ, осынау тарихи шешімнің дұрыстығына халықтың басым бөлігі күмәнмен қарады. Аз уақыт өте мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 1997 жылғы 20 қазанда «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлық шығарды. Осы құжатқа сай Ақмола Қазақстанның астанасы құқығына 1997 жылға 10 желтоқсаннан бастап ие болды. 1998 жылдың 6 мамырында Президент Н.Ә.Назарбаев «Ақмола қала­сының Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы болып өзгертілгені туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы жылдың 10 маусымында жаңа Елорданың ресми тұсаукесер рәсімі болды. Ал ағымдағы жылдың 23 наурыз күні Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел орта­лығы Астана қаласын «Нұр-Сұлтан» деп қайта атау туралы жарлыққа қол қойды.
…Иә, сол бір қиын кезеңде тәуекелге бел буып, көштің ба­сын Ақмолаға бұру туралы Елбасы Н.Ә.На­зар­баев­тың тарихи шешімі өз жемісін бер­ге­нін уақыт өзі дәлелдеп берді. Осынау қыс­қа мерзімде Елбасының идеясы мен ұсыныс­тарының арқасында Астана – Батыс пен Шығыс мәдениеті мен дәстүрін тоғыстырған, көздің жауын алар әсем қалаға айналды. Айта кетері, Арқа төсіне көшіп келген жылдары Астанадағы тұрғындар саны 290 мыңдай болған екен. Ал бүгінде осынау іргелі қалада миллионнан аса адам тұрады.

Қаланың бас жоспарын белгілі жапондық сәулетші Кисе Курокава Қазақстан Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың идеясын негізге ала отырып жасағаны белгілі. Бірқатар теңдесі жоқ ғимараттар британдық сәулетші Норман Фостер, Кензо Тангенің қолынан шыққан-ды. Қала орталығындағы биіктігі 105 метрді құрайтын терең мағыналы архитектуралық «Бәйтерек» нысаны еліміз­дің айшықты нышан-символына айналды. Сәулет өнерінің бірегей туындылары асқақ та айбатты Ақорда, Пира­мида кес­кі­нінде салынған «Бейбітшілік пен келі­сім сарайы», «Қазақ Елі» монументі, «Мәңгілік Ел» қақпасы, «Хазірет Сұлтан», «Нұр Астана» мешіттері, «Астана Арена» заманауи үлгідегі стадион, «Хан шатыры» ойын-сауық орталығы, «Астана-Опера» мем­лекеттік опера және балет театры, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, «Қазақстан» орталық концерт залы тағысы талай ғажайып нысандарды көргенде «Туған елім, туған жерім! Отаным!» деген әрбір жанның мерейі тасып, асқақ сезім кеудеңді кернейді. Айдай ажарымен, сәулет өнерінің небір ғажайып үлгісінде бой түзеген ғимараттарымен айшықталған Нұр-Сұлтан қаласы бүгінде еліміздің әкімшілік, әлеуметтік-экономикалық, мә­де­ни-ағарту, саяси, рухани орталығы бо­лып отыр. Астана – әлемдік деңгейдегі өзекті мә­селелер бойынша халықаралық тілтабысу алаңына айналды. Көптеген халықаралық, дүниежүзілік деңгейдегі алқалы жиындар мен басқосулардың елордамызда өтуі соның айғағы. 2010 жылғы желтоқсанның басында Астанада Қазақстан төрағалық етуімен өткен ЕҚЫҰ-ның саммиті, сондай-ақ 2011 жылы Ислам Конференциясы ұйы­мына Қазақстанның төрағалығы, Астана экономикалық форумы, VІІ қысқы Азияда ойындары, «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін атап өткен жөн. Еуропаның сәні мен шығыстың нәзік нақышы үйлесіммен қатар өрілген еңселі Елордамыз егеменді еліміздің қалыптасуы, өсіп-өркендеуі жолындағы айшықты ны­ша­ны, рухани, мәдени орталығы, алтын бесігі.

Райхан Азимова,
«Талғар».