Бала құқығы – күрделі мәселе

Бала құқығы – күрделі мәселе

Бүгінгі күнде қоғамда орын алып отырған өзек­ті мәселелердің бірі кәмелеттік жасқа тол­ма­ған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзу­шылық пен қылмыстық әрекеттердің, өзіне-өзі қол жұмсау жағдайларының бе­лең алуы болып отыр. Күні кеше ауда­ны­мыз­да балалар қауіпсіздігін сақтап, бала тәр­бие­сіне қоғамның назарын аудару мақ­са­тында үлкен жиын болып өткен еді.

Ау­да­ны­мызға арнайы жұмыс сапарымен кел­ген Қазақстан Республикасы Парламенті Сена­тының депутаты, Бала құқықтары жө­нін­дегі уәкіл Сәуле Айтпаева аталмыш жи­ын­ға қатысып, аудан жұртшылығымен кез­дес­ті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Хай­дар Әбдіханов пен облыстық білім басқар­масының басшысы Дәурен Жүнісов арнайы қатысып, облыстық прокуратура, полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, денсаулық сақтау, білім беру ұйымдарының бас­шы­лары, техникалық және кәсіптік бі­лім беру ұйымдарының басшылары мен мек­теп директорлары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психо­лог­­тар, ата-аналар комитетінің төрағалары мен үкі­меттік емес ұйымдар жетекшілері ша­қы­рыл­ды. Қаламыздағы Талғар агробизнес жә­не менеджмент колледжінде өткен жиынды ау­дан әкімінің орынбасары жүргізіп отырды.

Жиынның алғашқы сөзі Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Сенатының депу­та­ты, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпае­ваға берілді. Өз сөзінде ол бүгінде елі­міз­де кәмілеттік жасқа толмағандар ара­сын­да құқық бұзушылық әрекеттердің өршіп ба­ра жатқанын, сонымен қатар қоғамды алаң­датып отырған балалар арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау мен балаларға жасалынып жатқан қатігездік әрекеттердің жиілеп кет­ке­­нін, бүгінгі күндегі отбасындағы бала тәр­бие­сі мен білім шаңырақтарындағы жас­өспі­рімдердің қауіпсіздігінің сақталуы сын­ды мәселелер төңірегінде сөз қозғады. Ста­тис­тикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, өт­кен жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралағын­да кәмілеттік жасқа толмағандармен 288 қыл­мыс­тық әрекеттер орын алса, биылғы жыл­дың төрт айында орын алған қылмыстар са­ны 81-ге жеткен. Ал өткен жылы кәмі­лет­тік жасқа толмағандар арасында 18 суицид­тік әрекеттер тіркелсе, биылғы жылдың төрт айын­да 11 жасөспірім өз-өзіне қол са­лып өмірден өткен. Олардың 4-і біздің ауда­ны­мызда орын алғаны айтылды. Бұл жайын­да облыстық білім басқармасының бас­шы­сы да өз баяндамасында айта кетті. Соны­мен қатар Дәурен Жүнісов облыс бойын­ша кәмілеттік жасқа толмағандардың арасындағы студент­терді, мектеп жасындағы оқушы­лар мен аз қамтылған, жайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар санын тарқата айтып, облы­сы­мыз­дағы балалар қауіпсіздігіне байланысты мәселелер төңірегінде сөз қоз­ға­ды. Содан кейін сөз алған заңға қарсы жүре­тін, өмірдің қиын жағдайына тап болған кәмі­летке толмағандар және олардың ата-ана­ла­рына әлеуметтік-психологиялық, құ­қық­тық қолдау көрсететін республикалық «Пра­во» қоғамдық қорының өңірлік «Шанс» орта­лы­ғының директоры Ғалым Куджаков та тақырыпқа сай өз ойымен бөлісті.

Әрі қарай еркін пікір алмасу кезеңіне ке­зек берілді. Жиынға қатысып отырған көп­ші­лік арасынан кезекпе кезек сөз алған Тал­ғар аудандық ата-аналар комитетінің мү­ше­сі З.Садықова, Есік гуманитарлық-эко­но­ми­калық колледжі директорының тәрбие ісі жө­ніндегі орынбасары Г.Байтукенова, аудандық әке­лер кеңесінің төрағасы Б.Нәдірбек, №32 ор­та мектептің педагог-психологы Ш.Со­зақ­баева, Жамбыл ауданындағы отба­сы үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиешісі А.Абсеметова, облыстық «Жетісу» газеті­нің тілшісі Ұлбосын Исабектер қазіргі таң­да­ғы бала тәрбиесіне қатысты бірнеше мә­се­лені көтеріп, сұрақ-сауалдарын қойды. Атап айтқанда, балалар үшін әлеуметтік желіде шектеулер қою, букмекерлік ойын орын­да­рын жабу, мектеп жасындағы бала­лар­ға смарт­фондар ұстауды шектеп, тек баламен бай­ла­ныс орнату үшін қарапайым үлгідегі ұя­лы телефондар қолдануын назарға алу, ба­ла­лар­дың мектеп қабырғасында жұмысқа тар­ты­луын ата-аналардың рұқсатынсыз бе­кі­ту, ұстаздар мен оқушылар арасындағы қарым-қатынас, ұстаздар беделін арттыру, отба­сын­дағы бала тәрбиесі, Талғар аудан­дық білім бөліміне басшы тағайындау сын­ды мәселелер тұрғысында сұрақтар қой­ыл­ды. Пікір алмасу кезінде қойылған сұ­рақ-сау­алдарға президиум мүшелері кезекпе кезек жауап беріп отырды. Кейбір мәселелерді Се­нат депутаты Сәуле Айтпаева назарына алып, бо­лашақтың еншісіне қойды. Алқалы жиын­нан кейін Сәуле Мұханбедианқызы Талғар агро­бизнес және менджмент коллед­жінің сту­дент­терімен кездесіп, қаламыздағы №8 Ю.Гагарин атындағы арнаулы гимназия­сы­ның, №3 орта мектептің, Бесағаш ауылын­дағы №29 орта мектептің ұжымы және оқу­шы­лары­мен кездесіп қайтты.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар».