Жәрдемақы төлене бастады

Жәрдемақы   төлене бастады

«Нұр Отан» партиясының XVIII кезекті  съезінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев – халықтың аз қамтылған осал топтарының табыстарын арттыру мен әл-ауқатын жақсарту партияның басты міндеті деп атап өткен болатын. Бұл орайда бірінші кезекте табысы төмен көп балалы отбасыларға айырықша  көңіл  бөлініп, атаулы әлеуметтік көмек  төлеудің жаңа тәртібі жүзеге асырылып отыр. Атаулы әлеуметтік көмек – тұрмысы төмен азаматтарға және табысы төмен отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем. Атап айтар болсақ, аз қамтылған отбасыларды, әсіресе көп балалы отбасыларды қамту аясын кеңейту мақсатында атаулы әлеуметтік көмек көрсету өлшемдері  ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-нан 70%-ға дейін көтерілді. (14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 29 698 теңге). Екіншіден, аз қамтылған отбасылардың балаларына (18 жасқа дейін, оқыған жағдайда 23 жасқа дейін) ай сайын 20 789 теңге кепілдендірілген көмек төленетін болады. Бұл көмек отбасының табысына қарай есептеледі. Ал ата-анасына кедейлік шегімен отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы орташа табысының айырмасы төленеді.

Үшіншіден, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысына көп балалы отбасыларға және «Күміс алқа», «Алтын алқа» төс белгілерімен марапатталған көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ балалардың  мүгедектігіне берілетін жәрдемақылар және стипендиялар қосылмайды. Төртіншіден, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау рәсімі жеңілдетіліп, сұратылатын құжаттар «е-Халық»ақпараттандырылған   жүйесі   арқылы   жүзеге   асырылатын   болады. Кейбір мәліметтер жоқ болса, ата-ананың әбігерге түсуінің еш реті жоқ. Жергілікті жердегі жұмыспен тамту орталықтары, әкімшіліктер тиісті мемлекеттік органдарға сұрау жасап, өздеріне тиісті мәліметтерді алады. Өтініш беруші жеке басын куәландыру үшін тек жеке куәлігін ғана көрсететін болады. Азаматтар жеке басын куәландыратын құжатын қолына алып, жергілікті жердегі  жұмыспен қамту орталығына немесе Халыққа қызмет ету орталығына келіп, атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жазады. Мұның өзі өтініш беруші ата-ананы  әуре-сарсаңға түсуден, қағазбастылықтан арылтып,  жұмысты жүйелі әрі тиімді жүргізуге негізделіп отыр. Сонымен, 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін кедейшілік шегінің мөлшері 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін ұлғайды.  Құжаттар  сәуір айынан бастап қабылдана  бастады. Айта кету керек, атаулы әлеуметтік көмек өтініш білдірген айдан бастап тағайындалады және өтініш берген күнге байланысты емес. АӘК тағайындау үшін тұрғылықты мекенжай бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеуде болуы керек. Жаңа механизм бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы немесе 20 789 теңге мөлшеріндегі кепілді төлем 18 жасқа дейінгі балаларға, ал орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқыған жағдайда, білім беру ұйымын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) төленетін болады.

Көпбалалы ана Айжан Сыдықбекова:

-Мен төрт баланың анасымын. Жолдасым қарапайым жүргізуші болып еңбек етеді. Айлық табысы 60 мың теңге көлемінде. Баламның үлкені 12 жаста , ал кішісі 1,5 жаста. Өзім бала күтімімен үй шаруасында отырған жанмын.   Жасыратыны жоқ, қымбатшылық жан-жақтан қысып, қиналып жүрген едік. Өзіміз Талдыбұлақ ауылында жалдамалы жеке үйде тұрамыз.Жалғыз адамның табысы не болады… Содан үкімет тарапынан жәрдемақы беріледі дегенді естіп, АӘК алу үшін наурыз айының басында жұмыспен қамту орталығына барып, тисті құжаттарды өткізген едім.  Сонымен наурыздың 15-не қарай есеп шотыма  33 мың 500 теңге жәрдемақы түсті.  Көп ұзамай жұмыспен қамту орталығынан  Мадина есімді маман маған телефон шалып, сәуір айынан  бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңартылған форматына сай қайта есептеу жасалатынын ескертті. Қуанып қалдым. Үйдегі шиеттей бала-шағамды қалдырып, құжат жинап әбігерге түсем бе деп ойлап едім, олай емес екен. Бұған дейінгі өткізген құжаттарым жарайтын болып шықты. Сөйтіп, сәуір айының 27-сі күні 109 мың 747 теңге АӘК қаражат сомасы жеке есеп шотымызға түсіп, қатты қуандық. Шынымды айтсам,бастапқыда  сене қоймап едім. Бұрынғыдай салпаңдап барып, саны көп құжаттарды түгендеп өткізбедім. Көп балалы ана ретінде менің балапандарымның әрқайсысына  20789 теңге көлемінде АӘК төленіпті, оған қоса отбасымыздың жиынтық табыс мөлшері аз болғандықтан отағасы екеуімізге де  азын-аулақ қаражат қосылыпты. Отбасының айлығы шайлығымызға әрең жетіп отырған біздің жанұямыз үшін бұл үлкен көмек болғаны анық. Мамандардың айтуынша, отбасы мүшелеріне белгіленген аталмыш   АӘК мөлшері 1 жылға дейін төленеді, сонан соң тағы да құжаттар жаңартылады екен. Ана мен балаға осындай жәрдем жасап отырған Үкіметімізге алғыстан басқа айтарым жоқ. Балаларымыздың көйлегі көк, қарны тоқ болып, алаңсыз өсіп-өніп, білім алып жатса, ана үшін одан асқан бақыт бар ма?! «Жақсылық жасасаң,балаға жаса» деген сөз тегін айтылмаған. Тіпті бір, екі, үш баласы бар табысы төмен  отбасылары да балаларына осындай АӘК ала алады екен. Мұның өзі әлеуметтік әділдік деп ойлаймын. Ешкімді бөліп-жармай жағдайына қарай жәрдемақы төленуі өте дұрыс деп есептеймін. Оған қоса баспанасы жоқ көпбалалы отбасыларын үй-жаймен қамтамасыз ету мәселесі де жан-жақты қарастырылып жатқаны да қуантады. «Көш жүре түзелер» демекші, аналардың талап-тілегі ескерілгеніне дән  ризамыз.

 

Райхан АЗИМОВА,

«Талғар».